Астанада VII Абай оқуларының 22 жеңімпазы марапатталды

Биылғы байқауда 31 финалист іріктеліп, 22 жеңімпаз анықталды.

Қазақстанның Президенттік орталығында «VІІ Абай оқулары» әдебиет сайысының жеңімпаздары марапатталды. 

Іс-шараны ашқан Қазақстанның Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпованың айтуынша, бұл дәстүрлі байқауының басты мақсаты – Мемлекет басшысы айқындап берген Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасын ілгерілендіру, сондай-ақ дала данышпанының артында қалдырған мол мұрасын насихаттау.

Қазақстан   Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов байқауға қатысқандар мен жеңімпаздарды құттықтап, ақынның өлеңдеріне цифрлық технологияны пайдаланып, сан алуан бейнеролик түсіріп, бірнеше тілде насихатталған жастардың талабы мен жігері, актерлік шеберлігі таңғалдыратынын атап өтті.

Қазақстан  Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлының пікірінше, әрдайым оқуға, еңбекке және руханиятқа шақырған Абайды оқитын адамның үлкен дәрежеге жететіні сөзсіз.

«Сенімен болашаққа» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, VII Абай оқуларының демеушісі Нұркен Асанов "Абай – ұлы, теңдесі жоқ тұлға, ал оның ілімі мен философиясы ғасырлар бойы өзектілігін жоғалтпайтынын" ерекше атап өтті. 

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының бөлім басшысы Алтынай Асқарованың сөзінше, кемеңгер ақынның мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы. Ал өскелең ұрпақтың зердесін ашып, ұлттық әдебиетіміздің тұнық нәрін санасына сіңдіру – біздің парызымыз.

Игі дәстүрге айналған Абай оқуларына осы жылдары ішінде 4 500-ге жуық адам қатысып үлгерді. Биыл 31 финалист іріктеліп, 22 жеңімпаз анықталды. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша, жүлделі орындар мен номинацияларға ие болғандар:

Гран-при – Атбасар қаласындағы «Алтын бесік» балабақшасының тәрбиеленушісі Әлия Қайырбаева.

І орын – Алматы облысы Қараой ауылы №18 орта мектептің 11-сынып оқушысы Ақбота Полат, Ақтөбе қаласы М. Арын атындағы Қарғалы қазақ мектебінің 3-сынып оқушысы Іңкәр Әбдірахман және Түркістан облысы Шардара қаласы Б.Соқпақбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлпаршын Арынова.

ІІ орын – Ұлытау облысы Жезқазған қаласы №8 мектеп-гимназиясының оқушысы  Милана Бекмұратова, Алматы облысы Қарасай ауданы әл-Фараби атындағы мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Мәжит Нұртілеу, Атырау облысы Н.Тіленбиев атындағы мектеп-гимназиясының 9-сынып оқуышысы  Айбын Өтемісов және Алматы облысы Қонаев қаласы Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектептің мұғалімі  Әйгерім Тұржанова.

ІІІ орын – Түркістан облысы Түлкібас ауданы А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы  Айнар Юнусұлы, Алматы облысы Шеңгелді ауылының Қ.Жалайыр атындағы №6 орта мектептің оқушысы   Ақансері Балтабай, Қарағанды облысы Абай атындағы тірек-мектебінің 7-сынып оқушысы  Гүлбаршын Нұрсерік, Алматы облысы И.Таиров атындағы орта-мектептің 10-сынып оқушысы   Ясмина Тұрғанжанова, Орал қаласындағы №24 мектептің оқушысы   Эмиль Дендеря және Қазақстан   Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасының аға офицері Сәулет Қалдаш.

Сайыста атсалысып, көптің көңілінен шыққан үміткерлерге де номинация берілді. Атап айтқанда:

«Ең кішкентай іздемпаз» – Тамерлан Мамедов;

«Ең зейінді оқушы» – Марьям Долголевец;

«Өлең сөздің шебері»  – Ақкенже Қайратқызы, Қалдыбай Жанбота;

«Қара өлеңнің қарлығашы»  – Ақниет Смадиярова;

 «Ұрпақтар өнегесі»  – Қарагөз Мәжитова және Жанерке Берікова;

 «Өнерлі өрендер»  – Эргаш және Балауса Бағым;

 «Ең ізденімпаз қатысушы» – Толғанай Қыдырбай.

Топ жарып, жеңісті қанжығасына байлаған қатысушылар диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.