Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр кентінің тұрғындары екі аптадан бері колонкалары істен шығып, ауыз судың ащы зардабын тартқан. Тұтас көшеде бірде-бір колонка істемегендіктен тұрғындар су іздеп тентіреп кеткендерін айтады, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Тұрғындар колонкалардың жұмыс істемей қалғанын айтып «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорнына бірнеше мәрте жүгінген. Алайда, одан еш нәтиже болмапты.
- Мен Краснояр селосында Шәкеев көшесі, 17 мекенжайында тұрамын. Біздің көшеде міне екі аптаға жуық колонкалар мүлде істемейді. Көше-көшені кезіп, су іздеп тентіреп кеттік. Өткен аптада «Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорнына жүгіндік. Жөндеу жүргізуге өтінім бердік. Одан кейін қала әкімдігіне де бардық. Бірақ еш нәтиже жоқ. Біздің өтінішіміз түскенін бірақ көлік пен бос жұмыс бригадасы мен мамандар болмай тұрғанын айтады. Сонда бұл қалай болғаны? Келіп колонкаларымызды сындырып кетуге адамдары да, көліктері де табыла қалады. Ал жөндеуге келгенде түрлі сылтауларын айта бастайды. Хабарласа қалсаң кәдімгі бұл мәселені алғаш рет естігендей кейіп танытып, неден істен шыққанын көруге жіберетіндерін айтады. Алайда, олардың өздері келіп колонкаларымызды бұзып кеткен, - дейді Краснояр селосының тұрғыны Мариям Қайыржанова.
Ал суға жауапты «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорны колонканы қалпына келтіруге мүмкіндіктері болмай тұрғанын айтып ақталды.
- Қазіргі сәтте кәсіпорында Шәкеев көшесі, 17 мекенжайы бойынша су колонкасын қалпына келтіру үшін қажетті копмлектілі қосалқы бөлшектері болмай отыр. Аталған мекенжай кәсіпорынның жұмыс жоспарына қосылды, - дейді «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорнынан.
Әзірге Краснояр кентінде колонкалардың қашан іске қосылатыны белгісіз болып тұр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы