995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді. Батыс Қазақстан облысында да Құтқарушылар күні жоғары деңгейде аталып өтті.
Бұрын адамдарды, қоғамды апаттық жағдайдан құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттері атқарып келген. Тек 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылып, осы құжат негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленген.
Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Сол үшін де құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтармен барынша қамтылуы тиіс.
Кешегі Түркиядағы зілзала кезінде де қазақстандық құтқарушылар тыным таппай еңбек етті. Құтқарушылар адамды нәсіліне, дініне бөлмейді. Оларда шекара жоқ. Барлық адамды құтқару жолында бастарын қауіп-қатерге тігіп жүре береді.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жыл басынан бері 2000-ға жуық апаттық құтқару жұмыстарына шыққан. Нәтижесінде, 327 адам құтқарылып, 276 адам қауіпсіз жерге шығарылыпты. Оны ішінде 200-дей бала бар.
Құтқарушылар күніне орай өткен салтанатты жиынға Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Алдымен облыс әкімі төтеншеліктердің техникалық жабдықтармен танысты.
Биылғы жылы төтеншеліктерге бірнеше жаңа техника алуға қаржы бөлінген. Соның нәтижесінде 10 көлік, 9 суда жүзу көлігі, 60-қа жуық қажетті құралдар алыныпты.
Аймақ басшысы бейбіт күннің батырларын төл мерекелерімен құттықтады.
– Азаматтық қорғау органдарының әскери қызметшілерін, өрт сөндірушілер мен құтқарушыларың, апаттық медицина қызметкерлерін, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу саласындағы міндеттерін орындап жатқан тұлғаларды кәсіби мереке – Қазақстан Республикасының Құтқарушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Біз құтқарушылардың жаһандық төтенше жағдайлардың салдарымен тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде қаншалықты жанқиярлықпен күресіп жатқанын көреміз. Мысалы, Түркия мен Ауғанстандағы жер сілкінісіне көмектесті, еліміздегі орман өрті, су тасқыны, техногендік апаттар мен зіл-зала кезінде төтенше жағдайлар қызметкерлері әрқашан бірінші болып көмекке келеді. Соңғы жылдары мемлекет тарапынна азаматтық қорғаныс саласын техникалық базасын нығайту үшін көп қаражат бөлінуде. Біздің өңірде Бөрлі ауданының Ақсай қаласында мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі салынғанын айта кету керек. Таяу болашақта Теректі мен Бәйтерек аудандарында өрт сөндіру депосының салу жоспарлануда. Сонымен қатар елді мекендерде ескірген өрт сөндіру депосының орнына жаңа заманауи ғимараттар салу жобасы әзірлену сатысында, – деді Нариман Төреғалиев.
Осы мерекелік кеште өз қызметінде белсенділік көрсеткен бірқатар төтеншеліктер Облыс әкімінің қолынан арнайы марапат алды.
Мереке концерттік бағдарламамен жалғасты.
Ж. ҚАЙЫРҒОЖИНА