Селжұқ дәуірінен сыр шерткен шеберлер

Астанадағы Has Sanat өнер галереясында «Анадолы гравюралары, шыны мен керамикалық бұйымдары Атажұртта» атты көрмесінің ашылуы өтті.

Түркияның 100 жылдығы аясында ұйымдастырылған шарада түркиялық суретшілер  Ибрагим Кушлу мен Джумхур Айгүннің еңбектері көпшілікке ұсынылды. 

Көрмеге келушілер қылқалам ше­берлерінің жұмысын ерекше ықыласпен тамашалады. Себебі галереядағы әрбір туын­ды ежелгі түркі дүниесінен сыр шертеді. Мәселен, Ибрагим Кушлуның алып келген 280 бұйымының әрқай­сысының өзіндік сыры бар. Оның ай­туын­ша, керамикаға деген қызығу­шылық бала күнінен басталған. Сол 13-14 жасынан басталған қызығушылық есейе келе кәсіби түрде керамикалық жұмыстармен айналысуға түрткі болыпты. Осылайша, 25 жасынан бастап өзінің жеке ұстаханасын ашқан ол қазір түрік өнері мен мәдениетін насихаттауға үлес қосып келеді екен. Өз жұмыстарына тек дәстүрлі арнайы плиткаларды қолданатынын айтқан ол: «Бүгінгі туындыларымның арасында Селжұқ, ертедегі Осман империясы кезеңдеріндегі керамикалық жұмыстарды байқауға болады. Өйткені біз барлық материалды көне технологиялық жолмен дайын­даймыз. Бояуларды да өзіміз жасаймыз. Әр бұйымды жасар алдында әр кескіннің шығу тарихына үлкен мән береміз. Ол туралы тарих беттерін парақ­тап, ұлттық музейлердегі археологиялық заттарға зер саламыз. Мысалы, кейде қазба жұмыстарынан алынған кескіннің бір бөлігін тарихтан қарап, ары қарай қал­пына келтіреміз. Өкінішке қарай, қазір біздің елде мұндай техникамен жұмыс істейтін 3 ұстахана ғана қалды. Себебі бұл жұмыспен айналысуға жастар құ­лықсыз», – дейді Ибрагим Кушлу. 

Ал Джумхур Айгүн графикалық дизайн және фотосуреттермен айналысып жүргеніне 30 жыл болыпты. Соңғы бес жылын тек гравюр дайындауға арнаған қылқалам шеберінің жұмысы шыдамдылық пен тиянақтылықты талап етеді екен. Оның туындыларында да ежелгі түркі елдерінің алғашқы коллекцияларының дизайны қазіргі заманға бейімделіп, заманауи дәстүрлі түрде басылғанын байқауға болады. Ерекшелігі сол, суретшінің туындысы қолдан жасалған қағазға басылған әрі бұл баспа өнеріндегі ең көне әдіс. 

Тың технология мен көне әдісті шебер ұштастыра білген түрік қолөнершілерінің туындыларын көргісі келетіндер үшін 8 қарашаға дейін галереяның есігі айқара ашық болады.

Ж.МҮСІЛІМ