Президент сондай-ақ ахуалды түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін, азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды екенін атап өткен болатын. Кеше Мәжілісте бұл тақырыпта өткен парламенттік тыңдауда осы проблема жан-жақты талқыланды.
Тыңдауынан сұрауы көп болған жиын
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті ұйымдастырған парламенттік тыңдау «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру» тақырыбына арналды. Оған Мәжіліс пен Сенат депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, Ұлттық банктің басшылары, «Қарызсыз қоғам» жобасының ұйымдастырушылары мен қатысушылары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Жауапты органдар – Үкімет мүшелері, агенттіктер мен құзырлы мекемелердің басшылары арнайы шақырылды.
Жиында халықтың кредит алуын төмендету және қаржылық сауаттылығын арттыру, лудомания мен киберқылмыстың, соның ішінде интернет алаяқтықтың кесірінен азаматтардың кредитке батуы, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының қаржы ұйымдарының пайдасына қарыздарды өндіріп беруі туралы шаралар талқыланды. Іс-шарада Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха, «Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Елена Бахмутова, Республикалық жеке сот орындаушылары палатасы төрағасы Айдос Иманбаев, «Қазақстанның Қаржы мәдениеті» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Юрий Ли баяндама жасады. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасының ұйымдастырушылары мен қатысушылары жоба туралы кеңінен мәлімет берді. Парламент қабырғасында ерекше сипатта өткен бұл жиыннан аңғарғанымыз, халықтың шектен тыс қарызға бату проблемасын шешу бағытында елеулі қозғалыстар бар екен. Бұл да болса Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан шаруалардың алғашқы жемісін бере бастағанын білдіреді. Оны бірінші кезекте Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың сөйлеген сөзінен байқадық.
«Өздеріңіз білесіздер, мемлекет бұл ретте қиын жағдайға тап болған азаматтарға барынша көмек қолын созып келеді. Президент 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз кредитін кешіру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң да өз тиімділігін көрсетті. Мемлекет басшысы өз Жолдауында несие мәселесіне кеңінен тоқталып, оны шешу жолдарын қарастыру туралы тапсырма берген болатын. Соның бір жолы – «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы. Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған бұл жұмыстар жалғаса беретін болады. Әйтсе де, жағдайды түбегейлі түзеу үшін әлі де кешенді шаралар қажет. Ол үшін ең әуелі проблеманың тамырына терең үңілуіміз керек. Мәселен, мұнда қаржы ұйымдарының да белгілі бір рөлі бар деп санаймын. Самсаған жарнама мен несие алудың жеңілдігі ахуалды ушықтырып отыр. Ойлап қараңызшы, қазір онлайн несиені 14-16 жастағы бала да оп-оңай рәсімдей алады. Тек смартфоны мен интернеті болса болғаны. Ал осынау жасөспірім қаржылай жауапкершілік дегенді біле ме? Кейіннен оның несиесін әке-шеше, ата-әжесі төлеп жүреді. Оның үстіне, несиеге тәуелділік, өкінішке қарай, жалпыхалықтық сипат алған құбылысқа айналып барады. Жасыратыны жоқ, қазір банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтарымыз көп. Бір басында екі және одан да көп несиенің болуы қалыпты жағдайға айналған. Халық несие қамытын киіп отыр десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналды. Мысалы, бүгінде еліміздегі еңбекке қабілетті халықтың 84 пайызының несиесі бар екен. Бұл – шамамен 8,5 миллион адам деген сөз. Соның ішінде 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай жүр. 90 күннен кешіктірілген несие көлемі 1,3 триллион теңгеден асқан. Осының бәрі жағдайдың ушығып бара жатқанын көрсетеді. Осы тұста банктер бұрынғы кредиттері жабылмаған азаматтарға неліктен несие береді деген сұрақ туындайды», – деді Ерлан Жақанұлы.
«AMANAT» партиясының Төрағасы осы ретте бұл проблеманы шешудің бірнеше жолын ұсынып отыр. Олар – несие беру талаптарын заңнама деңгейінде қатаңдату, соның ішінде: төлем қабілеті төмен азаматтарға несие беруге тыйым салу, онлайн несие беруді қатаңдата түсу, кредит беру шарттарының қанаушылық сипатын қайта қарау, жеке тұлғаларға арналған сыйақы мөлшерлемесінің шегін төмендету және оларды коллекторлық ұйымдарға сатуға толық тыйым салу. Осы ретте кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың жалғыз баспанасынан айырылып, далада қалуына жол бермеу керек. Расында да, бұл заңнаманың артында қаншама миллиондаған адамның тағдыры тұр. Өйткені оңай ақшаға қол жеткізу үшін ойланбай қадам басқандар көп ретте ажырасып, ішімдікке салынып, лудоманияға ұрынып, суицидке барып жатады. Қарыз тұзағынан шығуға ұмтылған адамдардың қаржы пирамидасы немесе өзгедей де алаяқтық схемалардың құрбаны боп жатқанын көріп жүрміз. Алаяқтықтан қарапайым жұртшылық та қатты зардап шегіп жатыр. Сондықтан да нақты іске көшетін уақыт келді. Ол тек партияның ғана қолынан келмесе керек, бұл тұста Үкіметтің де атқарар рөлі зор. Ол туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтып берді.
«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында банктер мен микроқаржылық ұйымдарды пруденциалдық реттеуді қайта қарастыратын заңнамалық түзетулерді пысықтауда. Түзетулер топтамасы халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендетуге және борыштық жүктеменің өсуін шектеуге, алаяқтыққа қарсы іс-қимылға және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, банк омбудсменінің қызметін күшейтуге бағытталмақ. Проблемалық кредиттері бар қарыз алушылар үшін қарызды реструктуризациялауға көмек көрсетілетін болады. Заңнамалық деңгейде тұтынушылық кредиттер бойынша азаматтардың борыштық жүктемесін шектеу қарастырылады. Мысалы, азаматтардың мерзімі өткен кредиттеріне сыйақы есептеуді шектеу, проблемалық берешегі бар қарыз алушыларға жаңа кредиттер беруге тыйым салу ұсынылады. Сондай-ақ кепілсіз онлайн кредиттеу сегментінде тәуекелдерді азайту мәселелері пысықталуда. Азаматтар өз мәселелерін банкроттыққа жүгінбей шеше алатындай етіп, сотқа дейінгі реттеу аясында құқықтарын қорғауды күшейту маңызды. Бұл тұрғыда банктік омбудсмен маңызды рөл атқаруы тиіс», – деді ол.
Қаржыгерлердің айтуынша, елімізде 90 күннен аса мерзімі өткен қарыздар деңгейі 5,2%-ды немесе 0,5 трлн теңгені құраған. Мерзімі өткен кредиті бар қарыз алушылар саны 516 мың адам немесе қарыз алушылардың жалпы санының 7 пайызы. Микроқаржы секторында қарызының жалпы сомасы 98 млрд теңгені құрайтын проблемалық қарыз алушылар саны – 347 мың адам. Мұндай деректі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрайымы Мәдина Әбілқасымова келтірді. Қаржылық кезеңін мерзімін айтпағандықтан, бұл статистиканы жыл басынан бергі көрсеткіш деп топшыладық. Өз кезегінде ҚНРДА бұл бағытта 7 басым бағытты алдына мақсат етіп қойып отыр екен. Алғашқы басымдық – банктер мен микроқаржы ұйымдары тарапынан тұтынушылық кредиттерді шамадан тыс беруді шектеу. Мәселен, кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша орташа борыш жыл басынан бері 913 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін өскен. Тұтынушылық кредиттердің шамадан тыс өсуін азайту үшін агенттік тұтынушылық кредиттің ең жоғары сомасына заңнамалық деңгейде шектеу енгізуді ұсынады. Екінші бағыт – қарыз алушылардың кредит қабілеттілігін тиісінше бағалауды қамтамасыз ету. Қазіргі қолданылып жүрген 12 өлшемшарттан қарыз алушыда тұрақты кірісінің болуын көрсетпейтін қосымша 4 өлшемшартты алып тастау жоспарлануда. Олар: коммуналдық қызметтер шығыстары, интернет дүкенде сатып алу, мүліктің және депозитте ақша қалдығы сомасының болуы. Тағы бір талап: 21 жасқа толмаған азаматтарға кредиттер беруді шектеу үшін кредиттер ресми кірістері расталғаннан кейін ғана берілетін болады.
«Үшінші негізгі бағыт – онлайн микрокредит беру сегментінің шамадан тыс өсуін шектеу. Бүгінде онлайн микрокредиттердің көлемі 197 млрд теңгені құрайды, қарыз алушылар саны 1,09 млн адамға жетті, оның ішінде 297 мың адамның 37 млрд теңге сомаға проблемалық микрокредиттері бар. Нарықты заңнама талаптарын орындамайтын жосықсыз субъектілерден тазарту мақсатында онлайн микрокредит беретін компаниялардың ең төмен меншікті капиталына қойылатын талаптар 100 млн теңгеден 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 200 млн теңгеге дейін көтерілмек. Ең төмен меншікті капиталға қойылатын талаптарды одан әрі кезең-кезеңімен көтеру жоспарлануда. Төртінші басымдық – проблемалық берешекті қайта құрылымдау бойынша жағдайлар жасау. Бесінші бағыт – коллекторлық ұйымдардың қызметін реттеу. Нарықты жосықсыз субъектілерден тазарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізу. Банктер мен МҚҰ жеке тұлғалардың қарыздарын коллекторлық агенттіктерге айтарлықтай жеңілдікпен сатады. Өз кезегінде коллекторлар берешекті қайта құрылымдауды жүргізбей, борыштың тұтастай сомасын өндіріп алады. Осыған байланысты Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес агенттік коллекторлық агенттіктерге азаматтардың тұтынушылық банктік кредиттері мен микрокредиттерін сатуға тыйым салуды ұсынады», – деді ол.
Осы ретте алтыншы бағыт – кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылу беру маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу, өндіріп алу нәтижесінде банктердің меншігіне өткен баспананы жалға беру мүмкіндігін беру, қарыз алушының шотында ең төмен жалақыдан кем болмайтын ақша қалдығын өндіріп алудан қорғау және тағы басқалар, ал жетінші бағыт қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл екенін атай кеткен жөн. Десе де, бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың баяндамасында көңілге қонымды жайлар көп болды. ІІМ бұл бағытта екі факторға назар аударып отыр. Біріншісі – киберқылмыстың, соның ішінде интернет алаяқтықтың халықтың тым көп несие алуына әсер етуі. Екіншісі – өз-өзіне қол жұмсау және азаматтардың қарыздарын төлей алмауына байланысты қылмысқа бару тенденциясының көрініс беруі. Оның айтуынша, интернет алаяқтықтың 90 пайызы шетелде отырып жасалады екен.
«Шетелдік интернет алаяқтардың» трансшекаралық қылмыстық әрекетін тергеу мен жолын кесудің қиындығы олардың орналасқан жерінде ғана емес, яғни елден тыс жерлерде, сонымен бірге олардың «хакерлік» бағдарламаларды пайдалануында. Өз кезегінде бұған қарамастан, біз олармен күресуде біраз тәжірибе жинақтап жатырмыз. «Көлеңкеде» қалу үшін алаяқтар Telegram арналардан тапқан Қазақстан азаматтарының арасынан «дропер» деп аталатын адамдарды пайдаланады. Оларға жәбірленушілердің ақшасы түсетін бірнеше банкте шоттар ашуды тапсырады, олардың белгілі бір бөлігін «дроперлер» өзіне қалдырады (10% дейін), ал қалғандарын алаяқтар көрсеткен банктік және өзге де электронды шоттарға аударады. Осылайша, ұрланған ақшаның шамамен 90%-ы елден шығарылады.
Ұрланған қаражат қозғалысын уақытылы бұғаттай алмаудың негізгі факторы – жәбірленушілердің полицияға «кеш» жүгінуі. Азаматтар алаяқтардың «құрбанына» айналғанын түсінгенше ұрланған ақша шоттардан алынып, шетелге жіберіледі. Орташа алғанда, қылмыс жасалған сәттен бастап ішкі істер органдарына жүгінуге кететін уақыт 3 күннен бірнеше айға дейін созылады. Ұзақ уақыт бойы полиция бұл мәселемен жалғыз қалды деп айтуға болады. Бұл мәселенің географиялық және техникалық күрделілігі, сондай-ақ азаматтардың саналы жауапкершілігінің төмен деңгейі де өзіндік рөлін ойнап отыр», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, киберқылмыстың заманауи сын-қатерлеріне қарсы тұру үшін биыл шілде айынан бастап барлық өңірде CyberPol мамандандырылған жедел тергеу топтары (жедел уәкілдер, тергеушілер және криминалистер) құрылған. Олар «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді, банктермен және ұялы байланыс операторларымен тікелей өзара іс-қимыл жасайды, бұл жәбірленушілер полицияға уақытылы жүгінген кезде ақшаны жоғалту тәуекелдерін елден тыс шығару сатысында азайтуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, Ұлттық банк базасында қаржы секторында алаяқтыққа қарсы күрес бойынша барлық мемлекеттік органды тарта отырып, алаяқтыққа қарсы Антифрод-орталық құру мәселесі шешілуде екен. Орталықтың қызметі жедел мониторинг жүргізуге, алаяқтық операциялардың белгілерін анықтауға және қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Игорь Лепеха, мұның сыртында шетелдік әріптестерімен де тығыз жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Бүгінгі жиыннан түйгеніміз: дәл қазір тек проблеманың ауқымы мен сипаты айқындалып отыр. Ал атқарылар жұмыс өте көп. Оған жауапты органдардың шабандығы көңіл көншітпейді. Осы ретте депутаттар жиын барысында жауапты органдардың жұмысын сынға алды. Мәселен, «Банкроттық туралы» заң күшіне енгелі 68 мыңнан астам өтініш түскен болса, оның 55 мыңының банкроттық рәсімге сәйкес келмейтіні анықталған. Оның негізгі себептері: борышкерлердің мүлкінің болуы, қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкессіздіктер және кредитормен борышты дұрыс реттемеуі. Нәтижесінде, бүгінде тек 8 млрд теңгеден астам борыш сомасына 5,6 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды. Осы қолдан жасалып отырған кедергіге наразылығын білдірген депутаттар, шұғыл шаралар қабылдауды талап етті.
Бір сөзбен айтқанда, бұл парламенттік тыңдау шақырылғандар тізімі бойынша да, қатысқандар саны бойынша да маңызы едәуір зор жиын болды. Тіпті, тыңдауы емес, сұрауы көп тыңдау болды деуге болады. Өйткені баяндама бөлімі біткен шақтағы сұрақ қоюға кезекке тұрған депутаттар саны 28-ге бір-ақ жетті. Әр сұрақтың нысанасы дәл, жүгі ауыр еді. Оған берілген жауаптардың сырғытпалығы да, нақтылығы да жауап берушілерді жауапкершіліктен босатпасы анық еді. Өйткені мұның артында халықтың әл-ауқаты тұр. Ендеше парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша Қазақстан Үкіметіне ұсынымдар әзірленетін болады.
Партиялық жобадан жалпыхалықтық бағдарламаға дейін
Естеріңізде болса, биыл «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын бастаған болатын. Қысқа уақыт ішінде өз тиімділігін көрсеткен бұл бастаманы Президент те Жолдауында ерекше атап өтіп, жалпыхалықтық бағдарламаға айналдыру керектігін айтқан еді. Қазір бұл жоба Үкіметпен, құзырлы органдармен және жергілікті әкімдіктермен бірге бүкіл ел бойынша іске асырыла бастады. Биыл «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы арқылы 60 мың адамды оқыту жоспарланған болса, бүгінге дейін 52 мың адам білім алған. Қатысқан адамдардың 64,1 пайызы – әйел адам, 56,9 пайызы – көпбалалы отбасы өкілі, 10,7 пайызы – жұмыссыздар, 13 пайызы – 60-тан асқан зейнеткерлер. Оқыту шараларына 60 сарапшы, 18 заңгер тартылған. Сарапшылар 45 адамға банкроттыққа өтуге көмектесіп, 1 181 адамға несиесін реструктуризация жасап, 2 551 адамға депозит консультациялық көмек жасаған. Бағдарламаның өзектілігін және уақытында қолға алынған шара екенін жұртшылық та мойындап отыр. Парламенттік тыңдау кезінде «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған шаралар жөнінде ақпарат берді. Оның айтуынша, негізінен қазақстандықтар несиені той, тұрмыстық техника сияқты қажеттіліктер үшін, сондай-ақ көпбалалы отбасылар оқу жылы басталар алдында балаларды киіндіру мақсатында алады екен.
«Біз сөйлескен жағдайы қиын азаматтар «Мешіт, партия, әкімдік көмектесіп жатыр, бірақ жетпейді» деп шағым айтады. Ал өздері несиеге күн көруге мәжбүр. Қыс жақындағанда көмір алу үшін несие алады. Балалардың саны көбейген сайын үйдің ауқымы да өседі. Үйдің жанына құрылыс қосу керек, тағысын тағы деген сияқты. Той-салтанат, тағы да басқа шығындар бар. Тағы да қосымша айтатын нәрсе: көпбалалы отбасылар дүкеннен нан сатып алмайды екен. «Күніне он таба нан басамыз, сөйтіп балаларымызды асырап отырмыз» дейді. Біз қаржылық сауаттылық бойынша сабақ өткізу барысында олардың үнемдеу мәдениетін қалыптастырып жатырмыз. Сусын, шемішке, чипсы алғанша, ондай керексіз шығынға жұмсаған ақшаны депозитке салыңыз деп үйретеміз. Әрине, мардымсыз қаржы, бірақ теңге тиыннан құралатынын түсіну керек. Мәселен, көпке үлгі боларлық кейс жайлы айтып өтсем. Бір отбасы баласы 1-сыныпқа барғанда ата-анасы депозит ашқан. Күйеуі құрылысшы, әйелі еден жуушы. Екеуі бірігіп, артық ақшасының бәрін депозитке жинай берген. Қазір бала 8-сынып оқиды, шотында 15 миллион теңге бар. Осы отбасын мысал етіп, бәріне айтып жүрміз. Одан бөлек, 2 000-нан көп адамға жеке кәсіпкерлік ашуға көмектестік. Нағыз сұранысқа ие болған шарамыз – отбасының бюджетін қалыптастыру мәселесі. 15 908 тегін бизнес жоспар жасауға көмектестік. Мәселен, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек ауылының тұрғыны, көпбалалы ана, жасы – 37-де. Күйеуі жұмыс істейді, жалақысы – 128 мың теңге. Мойындарында жеті кредит бар. Оның төртеуін шамасы келіп төлеп отыр. Үшеуін төлеп отырған жоқ. Қазір біздің күшімізбен өзі шағын наубайхана ашып, табысын көбейтіп отыр», – деді Эльдар Тынышбайұлы.
Келтіре берсе, халықтың қарызға батуы туралы мысал көп. Соның ең ауыры – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында тұратын зейнеткерлермен байланысты. Олардың атынан балалары мен немерелері несие алған. Бірі – 72, бірі 69 жастағы ата мен апаның ортақ табысы 150 700 теңге болса, қазір зейнетақысының 85 пайызы несиені жабуға кетіп отыр. Тағы бір мысал – БҚО Бөрлі ауданындағы 22 жастағы студент қыз. Әке-шешесіне айтпай, «оқуға төлеймін» деп 2,5 млн теңге қарыз алған, бірақ оқудан шығып кеткен. Айлық төлемі – 285 мың. Ал өзінің тауып отырғаны – бар болғаны 70 мың теңге. Соған байланысты «Қарызсыз қоғам» өкілдері банктермен келісіп, төлемақысын 80 мыңға төмендетіп берген. Парламенттегі жиынға «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушысы, Түркістан облысы Түлкібас ауданының тумасы, төрт баланың анасы Мөлдір Тұрысбекова да арнайы келіп қатысты. Ол өзінің басынан өткен оқиғаны бөлісіп, жобасының өзіне пайдасы зор болғанын айтып берді. Көпбалалы ананың төрт несиесі бар екен.
Осы ретте Эльдар Жұмағазиев жобаға қатысқандардың 63,1 пайызы банк несиесі жайлы ақпарат білмейтінін, 69 пайызының ертеңге күнелтетін ақшасы жоқ екенін айтып отыр. Азаматтар алған жалақысын алғашқы аптада-ақ сауып тастайды. Сондай-ақ оқудан өткен азаматтардың 38 пайызының мойнында екі-үш кредиті бар. 13 пайызының 10-нан аса несиесі бар.
«Бұдан шығатын қорытынды: азаматтарда үнемдеу мәдениеті жоқ, қаржылық сауаттылық деңгейі төмен. Бізге сыныпқа келген халықтың 80 пайызы «табысты қалай көтеру керек, соның жолдарын айтсаңыздар» дейді. Дұрыс емес дағдылар адамдардың табысын көтеруге кедергі болып тұр. Сондықтан да халықты жаппай сауаттандыру үшін қаражат бөлінуі тиіс деп есептейміз. Соған байланысты «Ауыл аманаты» бағдарламасының мәртебесі өсіп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер осы бағдарлама шеңберінде несие алу үшін тұрақты негізде кеңестер беретін болады. Біз, мәселен, биыл 60 мың адамды оқытсақ, келесі жылы бұл көрсеткішті он есе арттырып, 750 мың адамды оқытамыз деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде мектеп, колледж, университет оқушылары және 200 мыңнан аса ауыл тұрғыны бар. «AMANAT» партиясының жанынан Сall-center ашылады. Тек кабинеттермен шектелмей, бүкіл халыққа қызмет ететін онлайн платформаны іске қосамыз», – деді Эльдар Жұмағазиев.
Бұл ретте Үкімет те мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қажетті жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, арнайы Жол картасы әзірленіп, бекітілген. Ол 6 негізгі бағыт бойынша 25 іс-шараны қамтиды. Сондай-ақ бірігіп іс-қимыл жасау үшін мемлекеттік органдар мен «AMANAT» партиясы арасында Ынтымақтастық туралы меморандум жасалған.
«Жол картасының әрбір бағыты бойынша жұмысты үйлестіру үшін әкімдіктерде жауапты лауазымды тұлғалар бекітілді. Республикалық маңызы бар 3 қалада және еліміздің 17 өңірінде халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік Жобалық кеңселер құрылуда. Жобалық кеңселердің негізгі міндеті – кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ азаматтардың банкроттық мәселелерін шешуге, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және бизнесті қолдау шараларын ұйымдастыру. Әкімдіктер жобалық офистердің жұмысы үшін қажетті ғимараттар мен материалдық-техникалық базаларды бөлетін болады», – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың, оқушылар мен студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру. Өйткені елімізде жастардың 85%-ы смартфон, басқа да гаджеттерге әуес. Осыған байланысты жиі несиеге ұрынады. Сол себепті бүгінде жоғары оқу орындарының студенттері үшін қаржылық сауаттылық курстарын енгізу пысықталуда. Оқушылар үшін арнайы курс әзірленуде. Ол үшін әдістемелер мен оқу құралдары дайындалатын болады. Нәтижесінде, осы бағыт шеңберінде 550 мың оқушы мен студенттерді оқыту жоспарлануда.
Нұрлан ҚОСАЙ