Жағдай ушығып кетерін білген қор басшылығы ақпараттың жалған екенін жариялапты. Олардың түсіндірмесіне сенсек, қордағы басқарманың әрбір мүшесінің, оның ішінде төрағаның сыйақы мөлшері Үкімет Қаулысымен 10 ең төменгі жалақы деңгейінде шектелген. Яғни, 600 мың теңгені олар медицина қызметкерлері және Республика күні қарсаңында алған. Қордың жылдық есебінде көрсетілген 93,8 млн теңге – осы басқарма мүшелерінің бір жылдық жалақысы, демалыс және ем-шара жәрдемақыларына жұмсалған. Сондай-ақ қордың Басқарма төрағасы таза қолға 1,39 млн теңге жалақы алады. Жөн екен. Десек те, 600 мыңдап сыйақы алатын қор жұмыс істемей тұрған жүйеден кейін жүйкесі жұқарған халыққа келгенде қаражаттың шекті шкаласын белгілеп, дәрігердің әрбір уақытын үнемдеп жатқандарын айтып ақталады. Ал әрбір минуты алтыннан қымбат науқастың өмірі үшін бас қатырмайтын қордың «қызығы» мұнымен бітсе жақсы...
Жақында Мәжілістің жалпы отырысында да өзге министрлерге қарағанда елдің бас дәрігеріне бағытталған сұрақ көп болды. Сол кезде депутаттардың дені дәрігерге жетемін дегенше жан тапсырып, медициналық мекеменің есігін көргенше мәңгілік мүгедек болып жатқан науқастардың көбейгенін айтып ашынды. Бұл сауалды бұған дейін де депутаттар Үкімет басшысы мен министрлікке талай рет жолдаған. Алайда мәселенің шешімін іздеуден гөрі ақ халаттылар мен қаражаттың жетіспеушілігін айтып ақталған жауаптан ары аспай отырмыз. Әйтпегенде МӘМС жүйесіндегі міндетті әлеуметтік сақтандыру мен кепілдендірілген әлеуметтік көмектің де қолжетімсіз екенін айтып жатқалы қашан. Шыны керек, ай сайын төлейтін жарнасын іздеп шарқ ұрғандардың қасында кепілдендірілген тегін қызметті ала алмай сандалған науқастардың жағдайын айтудың өзі қиын. Мәселен, Алматы қаласының тұрғыны, зейнет жасындағы Бекболат Әбсеметовтің басы ауырып жүргеніне жарты жылдың жүзі болған. Бейінді мамандары қат тұрғылықты жердегі медициналық ұйымның жолдамасын күтпей бір қабылдауы 30 мың тұратын жекеменшік клиникаға барған. Науқастың жағдайын ауыр деп бағалаған ондағы дәрігерлер дереу операция жасатуға кеңес берген. Осы уақытта дерті дендеген науқасты ота залына жіберуі тиіс мемлекеттік мекемедегі дәрігерлер зейнеткерге жолдамадан жолдама беріп, әр есікті күзеттіріп қойған. Қазір басының ауруы асқынған зейнеткердің миындағы қан тамыры күннен күнге қысылып, екі көзі айқасып кетіпті. Соған қарамастан бейінді мамандардың кеңесін тыңдау үшін жолдаманың соңынан жүгіріп, екі ортада аяқ добына айналып келеді екен. Жартылай жекеменшік медициналық мекемедегі дәрігерлердің әрекетсіздігін жергілікті жердегі Денсаулық сақтау басқармасы мен жауапты министрлікке жеткізгенімен, жағдай өзгермепті. Олардың жұмысына бақылауды қаражат беріп отырған сақтандыру қоры жүргізеді. Бір қызығы, қор басшылығына науқастың өмірінен гөрі дәрігердің кәсіби қызметіне дақ түспегені маңызды секілді. Себебі халықтың арызы бойынша ескерту берілсе, келесі жекеменшік медициналық клиниканың есігі ашық.
Қордың күні қорға қарап тұр
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, жүйедегі бюрократия қаржыландыру жүйесімен де байланысты болып тұр. Мәселен, емханалар іс жүзінде ай сайын квота арқылы қаражат алады. Осыны ескере отырып, ай сайынғы қаржыландырудан бас тарту керек. Көрсетілген қызмет фактісі бойынша қаражат төленуге тиіс. Пациенттерге медициналық ұйымды таңдау еркін беріп түсініспеушілікті болдырмау үшін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен медициналық сақтандыру пакеттерін нақтылауды ұсыну қажет. Осылай деген ол: «Қазақстандықтардың ай сайынғы жалақысынан МӘМС-ке төлейтін жарнасының ставкасы 2 пайыз деңгейде сақталады. Ал мемлекеттің төлейтін жарнасы бастапқы ставкаларға қарағанда 3 есеге азайтылды. Осы шешімге байланысты МӘМС қорына, яғни азаматтардың еміне, бюджет есебінен жүздеген миллиард теңге түспеген. Бюджеттегі қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты шұғыл шешімдерді қабылдау үшін МӘМС қорында жиналған 700 млрдқа жуық қаражат пандемиямен күрес үшін жұмсалып кеткен. Сондай-ақ зейнеткерлер, балалар сияқты 15 әлеуметтік санат үшін МӘМС-ке бюджеттен төлейтін жарналарын қысқартып тастады. Мысалы, заңның 26-бабына сәйкес, бюджеттен бұл жарна орташа жалақы бойынша есептеліп, қорға аударылу керек болса, іс жүзінде Қаржы министрлігі оны медициналық жалақы мөлшері есебінен төлеп жатыр. Заңға қайшы шикі шешімнің кесірінен Қаржы министрлігі келер жылдың өзінде 275 млрд теңгені МӘМС қорына, яғни азаматтардың емделуіне аудармай отыр. Бұл жағдай үш жылдан бері жалғасып келе жатқанын есепке алсақ, МӘМС-ке 600 миллиардтан астам қаражат бюджеттен түспей тұр», – дейді.
Бұл ғана емес, медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру үшін де министрліктің күні қордағы қаражатқа қараған. Ол да МӘМС-і қазақстандықтардың еміне тікелей жұмсалуы тиіс жүздеген миллиард теңге. Салдарынан МӘМС қорына кем дегенде 1 трлн теңгеге жуық қаражат түспеді. Бұған қоса, 1 трлн теңгеге жуық қаражат алғашқы қойылған мақсаттардан тыс, мысалы пандемиямен күреске, әлде ГОБМП, бюджет арқылы төленуі керек бағыттарға жұмсалған. Осылайша, денсаулық сақтау саласындағы шығындардың қаржылық ауыртпалығы азаматтардың қалтасына түсіп отыр. Сауатсыз шешім қордың да қаржылық тұрақсыздығына әкелген. Дәрігердің сыйақысы мен айлығын өсіріп жатқанда, қазақстандықтардың өз қалтасынан емделуге жұмсайтын қаражаты күннен күнге көбейіп барады.
Салғырт қабылданған сызықтық шкала
Биылдан бастап барлық медициналық қызметке шектік шкала енгізілді. Оған сәйкес, әр медициналық ұйымға шекті квота беріледі. Айлық пен сыйақыға келгенде қордың жағдайына бас ауыртпайтындар мұндай әдісті амалдың жоғынан қаражатты үнемдеу мақсатында қолданысқа енгізіпті. Оны айтамыз, шектік шкаланы шұғыл медициналық көмекке де теліп қойдық. Осылайша, ауруханалар травматологияға жедел түскен науқастарды да бекітілген квотаға сәйкес алуы тиіс. Егер науқас бекітілген шкаладан артып кетсе, ауру адамды ешкім қабылдамайды деген сөз.
«Интертич Медицинский Ассистанс» ЖШС-нің Бас директоры Ерік Байжүнісов МӘМС жүйесі әлемнің білікті сарапшыларының кеңестеріне сүйеніп жасалғанын айтады. Бірақ қордың кейбір міндеттерін орындауға қаражат жетіспей қалған. Бұл туралы сарапшылар да алдын ала ескерткен. Өкінішке қарай, ол уақытта айтқанға құлақ салмадық. Осылай деген ол: «Қалай десек те МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін салаға бұрынғымен салыстырғанда екі есе көп қаржы жиналды. Соның арқасында қыруар қаржы тұратын технологияларды кеңінен дамыта бастадық. Бұл технологиялар үнемі қаржы бөлуді қажет етеді. Теңге құнсызданған сайын дәрі-дәрмек пен құрал-саймандардың барлығы қамбаттады. Осының барлығы қаржы тапшылығын туындатты. Медицина саласына қыруар қаржы бөлініп жатыр десек те, басқа мемлекеттермен салыстырғанда біздің бөлген ақша жеткіліксіз, – дейді. Сол себепті бүгінде кепілдендірілген көмекке науқастардың қолы жете алмай келеді екен. Маманның айтуынша, сақтандыру қағидаларын халық тұрмақ денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жүргендердің өздері де түсінбей жүр. «Бүгінде бөлінген әр тиын емдеген науқастың диагнозына қарай беріледі. Неғұрлым күрделі науқасты емдесең, соғұрлым көбірек ақша табасың. Ол үшін білікті мамандарды жинау керек. Оларға қажетті жалақы беруің керек сияқты көптеген талаптар бар. Оны орындамасаң, қаржысыз қаласың немесе қарызға батасың. Нарық деген – осы. Бейінді мамандарға қол жеткізе алмағандықтың негізгі себебі – осы. Сызықтық шкалаға келсек, бұл шара тек стационарлық мекемелерге ғана қолданылуы керек. Ол – дүниежүзілік тәжірибе. Ал сызықтық шкаланың амбулаториялық жүйеде қолданылуы – үлкен қателік. Біз қазір науқастардың стационарға ғана емес, емханаларға да баратын мүмкіндіктерін шектеп тастадық», – дейді Ерік Әбенұлы.
Былтыр Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 9 айдың ішінде 24 011, биыл 19 711 шағым мен өтініш келіп түскен. Оның ішінде жекеменшік медициналық мекемелердің сапасыз көрсетілген медициналық көмегіне, медициналық көмектен бас тартуға қатысты және оны ұзақ күтуге байланысты шағым саны 5 188, ал былтыр 6 098-ы құрады. Арыз-шағымның басым бөлігі медициналық көмек көрсетуге қатысты болып отыр. Бұл арқылы қор өкілдері медициналық ұйымдағы қызметтің сапасына қатысты арыз азайғанын айтқысы келеді.
Түйткілдің түйінін кім тарқатады?
Алайда депутат Нартай Сәрсенғалиев «Қағазға салсақ, бізде барлығы жақсы» деп отыр. Бірақ іс жүзінде МӘМС-ке қатысты түйткілдің түйіні тарқайтын емес. Әлемде медициналық сақтандыру жүйесін жемісті жүзеге асып жатқан елдер бар. Біздің елге келгенде жүйе жүйесіз болып шықты. Осылай деген ол: «Өйткені бізде жүйені жылдам қабылдады. Түсіндіру жұмысы да мардымды жүргізілген жоқ. Салдарынан тар бейінді мамандардың болмауы үлкен мәселеге айналды. Ревматолог, невропатолог мамандарының жетіспейтінін халық жиі айтады. Жұрт жеке клиникаларға барып емделуге мәжбүр. Бірақ ондағы бағаларды естігенде адам ауруын ұмытып қалатын жағдайға жетті», – дейді. Ал өңірге жіберген мамандарды жергілікті әкімдер құшақ жая қарсы алуға дайын емес. Қалада электронды қағаз толтырумен уақыт өлтіретін қазіргі жүйедегі жалғыз жәбірленуші – халық. «Мысалы, жылдар бойы кезегі келіп бітпейтін кейбір аппараттар жекеменшік клиникаларда қолжетімді. Осындайда МӘМС жүйесін жекеменшік клиникаға ақша түссін деп жасап қойған секілді болып көрінеді. Себебі қолдан жасалған қиындықтан қиналған халық айналып келіп жекеменшік клиникаға барады ғой. Олай болса, ақыры жеке клиникаға жібереді екен. Онда бағаны реттеуге жұмыс істейік. Сөйтсек, министрлік мемлекеттік ауруханалардағы ақылы қызметтердің құнына 20 пайыздан асырмауға кепілдік бергенімен, жекеменшік клиникаларға құзыры жүрмейді. Сонда жұрттың жағдайын жасап бере алмай отырып олардың баға саясатына араласа алмаймыз. Соны білетін олар да халықтың қалтасын қағып жатыр», – дейді депутат.
Осындай олқы тұсы көп жүйеге осы күні елдегі 3,3 миллион адам тіркелмеген. Оның арасында жұмыссызы да бар, ай сайын айлық алатын 800 мыңдай адам да кіріп отыр. Жарнаға аударатын жалақысы жоқтарды қойшы, тұрақты айлығын қорға беруге құлықсыздықтың себебі де осы, жүйенің жұмыс істемеуінде жатыр. Өкінішке қарай, «ақша енді пациенттің артынан жүреді» деп сендірген МӘМС іс жүзінде келгенде пациентті ақшаның артынан жүгіртіп қойды. Тіпті, дерті дендеген науқастар бұрынғы күнге зар болғаннан ай сайын ұстайтын ақшамызды өзімізге беріп, медициналық мақсатта қолданатын карта аштырып берсе деп күндіз-түні тілейтін болды.
Жадыра МҮСІЛІМ
© коллаж: Елдар ҚАБА