Бірақ мұны қисынсыз тіркес деп немесе ақыл арқылы білімге ұмтылып, байлықты бағындыру деп те түсінуге болады. Дегенмен қазіргі өркениеттің даму сатысында байлық көзі ақпарат пен білімде екенін мойындау керек.
Бүгінгідей ақпарат тасқыны бас көтертпей тұрған уақытта кез келген адамның өзіне пайдалы ақпаратты екшей білуінің, пайдасына жарата білуінің маңызы зор. Ал интернет ресурстар секунд сайын әр алуан, сан салалы ақпараттар тізбегін бірінен кейін бірін жарнамалап, уақытты ұрлайды. Сондықтан тұтынушының сұранысына сай қысқа уақытта сапалы өнім ұсыну қызметі алға шығады. Мұны қазір инфоөнім, инфобизнес деп атайды.
Инфобизнес – аты айтып тұрғандай, инфоөнім жасап, оны сату. Егер инфобизнесмендердің тілінде айтсақ, информациялық монетизация. Яғни, кез келген адамның кез келген салада өзі білетін ақпаратты немесе білімді сатуы арқылы қаражат табуын инфобизнес деп атайды. Қазір Тik-tok, Instagram-да курс жасап, марафон өткізіп, тренинг-коуч, ақыл-кеңес сататындар қатары өте көп. Мұның бәрі – ақпарат немесе білімін сатушы инфобизнесмендер.
Нарықтық экономика заңы – сату болғанымен, классикалық нарық – бәсекеге қабілетті болуды қалайды. Сол сияқты инфобизнестің де өзіне тән критерийлері бар. Сондықтан алдымен Шынайы инфобизнес деген не? Инфобизнесмен болу үшін адамға қандай қасиет немесе қандай білім керек? деген сұрақтардың жауабын іздеп көру керек.
Экономист, сарапшы Айбар Олжай: «Инфобизнестің нақты анықтамасы бар. Ол алғаш АҚШ-та пайда болған. Белгілі бір пайдалы ақпаратты тауар ретінде сату. Әлеуметтік желі, цифрлы технология дамымай тұрған кезде инфобизнес офлайн түрде, яғни кітап түрінде, курстар, ақыл-ой бәрі қағазға басылып сатылды. Көптеген кітаптардың сатылуы, семинарлардың өткізілуі онлайнға өткелі бері бәрін ғаламтор арқылы сату дамыды. Инфобизнеспен айналысу үшін ең бастысы адамның айтары болуы керек, өзінің қоғамға, аудиторияға ұсынып тұрған тақырыбының эксперт, сарапшысы, маманы болу керек. Сонан кейін айтқанын адамға өткізе алатын қасиеті болу керек», – дейді.
Жалпы, инфобизнес тарихына тоқталсақ, АҚШ-та сонау Бенджамин Франклин (1706–1790 ж.ж) дәуірінен пайда болып, кейін Дейл Карнеги заманымен жалғасып, 1960 жылдары бизнес тренинг ретінде дами түскен. Яғни, Америкада түрлі ғалымдар мен жазушылар зерттеп, зерделеп жазған өзінің еңбегін кітап қылып шығарып, адамдарға таратып, сол арқылы табыс тапты. Ал Қазақстанда 2000 жылдары аракідік психологиялық арнайы жиындар ұйымдастырылып, кәсіпке баулитын немесе діни кітапшалардың сатылуымен көрініс бере бастаған. Қазір Қазақстанда қатты дамып кетті. 2020 жылы пандемия салдарынан карантин басталғанда, үйден шықпай білім алу, сауда жасау трендке енді. Сол кезде түрлі сала бойынша онлайн курстар сату дами бастады. Инфобизнестің де онлайн, офлайн түрлері бар. Соңғы уақыттары онлайн түрі тез дамып келеді. Қолдағы телефон арқылы клиентпен кездесуге, клиенттерді табуға, оқытуға, үйретуге болады. Сұранысқа ие СММ маманы, копирайтер, рерайтер, таргетолог, маркетолог, сторимейкер, мобилограф сияқты мамандық иелері де қолдағы телефон арқылы барлық жұмысты жүргізе береді. Олардың ұсынатын негізгі өнімі – ақпарат және білім. Бұл бизнеспен айналысқан адамдарды эксперттер және продюсерлер деп бөледі. Эксперттер – өз саласын жетік білетін мамандар. Олар сапалы білім бере алады. Продюсер – егер эксперттер өз өнімін сатудың жолын білмейтін, маркетингтен хабары жоқ адам болса, оған продюсерлер көмекке келе алады. Олар эксперттерді жарнамалайды. Адамдарға пайдалы ақпарат береді. Сәйкесінше, олардың табыстары да жоғары. Осы орайда, елімізде инфобизнес туралы заң бар ма? Инфобизнесмен табысынан салық төлей ме? Инфоөнімнің шынайылығын қалай ажыратуға болады? деген сұрақтар туындайды.
«Қазақстанда таза инфобизнеске арналған заң жоқ. Бірақ ол «Онлайн платформалар туралы» заңмен реттеледі. Ал елімізде инфобизнестің ауқымы (обороты) қанша екені, менің ойымша, әлі есептелген жоқ. 2024–2025 жылдары ғана тиісті октет пайда болатын болса, сол бойынша салықтар жүретін болса, есептеуге болады. Әзірге ақпарат, цифрлар кездестірген жоқпын», – дейді Айбар Олжай.
Қазір елімізде инфобизнеспен айналысып, миллиондап табыс тауып жүрген адамдар бар. Қазақтілді инфобизнесмен-дер 3 негізгі сала – психологиялық, онлайн курстар, бизнес ашу курстары (стартап), СММ марафондар (әлеуметтік желі арқылы табыс табуды үйрететін марафондар) өткізу арқылы ақша жасайды. Олар көбіне өзін жарнамалап, табысы туралы айтып, жарияға жар салып жатады. Бірақ құзырлы органдар елдегі инфобизнесмендердің саны қанша, нақты немен айналысады, айына немесе жылына қанша табыс табады дегендей нақты статистика, белгілі бір цифрларды қарастырмайды. Тиісінше, инфотабыстың бәрі көлеңкелі айналымның үлесін арттырады десек қателеспейміз. Салдарынан түрлі тренер-коучтарға алданып, опық жеп жатқандар өте көп. Олар арыз-шағымдарын айтып, сотқа жүгініп те жүр. Бірақ кімнің қаншалықты үміті ақталды, ол да беймәлім, «жабулы қазан» күйінде.
Белгілі заңгер Айман Омарова: «Ақшаға білімін сататын адамдарды заңмен қудалап, тоқтау сала алмаймыз. Бұл жерде басқа мәселе бар. Ақшасы төленген сабақтың мазмұны, сапасы маңызды. Бірақ мотиватор-тренердің ақпараты сапасыз болса, ол – қылмыс емес. Сондықтан инфобизнесте ұсыныстан гөрі сұраныстың, тұтынушының ақылды, білімді болуы көп рөл ойнайды», – дейді.
Интернет ресурс ұсынған түрлі ақпаратты, инфоөнімді пайдалану немесе тұтыну үшін адамда саналы ақыл-ой, сапалы білім, өтірік пен шынайы дүниені ажырата білетін қаржылық ішкі иммунитет, медиасауат, сыни ойлау секілді қасиеттер болу керек. Адам ақыл-парасаты мен білімі арқылы баюды ғана емес, байлықты бағындыру арқылы, өзіне, еліне пайдалы бола білуді мақсат етуі керек. Қазақ «Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні ғаріп» деп бекерден бекер айтпайды. Шала сауат «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды» көнбістік, адамның ойын шатастырып, адастыратын, алдайтын инфоөнімнің құрбанына айналдырады. Керісінше, біліктілікті арттыратын инфобизнесті таңдай білсе, оның пайдасына да кенеледі.
«Инфобизнесте табысты болу негізінен адамның өзіне байланысты. Егер маркетинг бойынша білім алып, сол алған білімді дұрыс қолданса, еріншектікке салынбай, еңбектенсе, білімді монетизациялауға болады. Адамдарға пайдалы ақпарат беріп, ақысын алудың зияны жоқ.
– Инфобизнестің екі жағы бар. Жақсы әрі жаман деп қарау керек. Ауа сататындарды өзім де жиі байқап жүрмін. Бұл жерде бізге сүзгі керек. Ал ол сүзгіні тек білім ғана қалыптастырады. АҚШ бұл дәуірді артқа тастады. Бізге енді келді. Кезінде Америкада инфобизнестің неше түрі болған. Қазір оларға ауаны сату қиындау», – дейді танымал трейдер-инвестор Думан Ерқанат. Сондықтан «бәлен жерде бақыр бар» деген әсіреқызылға алданбай, әр адам сауатты болуы, бәсекеге қабілетті болуы керек. Қазақстанға негізінен нарықтық экономика тән дейтін болсақ, нарықтық экономика – бұл ең алдымен бәсекелестік. Нарық заңы – сату. Оның негізгі элементтері – құн, баға, бәсеке, сұраныс пен ұсыныс. Бірақ мұндай классикалық нарықтық экономика негіздерін сақтау үшін сапалы өндіруші мен саналы тұтынушы қалыптасуы керек. Сондай-ақ қазір инфобизнесмендер өз шығарған өнімін өзгелерден ерекшелеп, өзіне тиісті екенін айшықтап тұруы үшін жеке бренд қалыптастыруға көшті. Клиентті клиент алып келеді деген түсінік – инфобизнестің сапалы болуы туралы түсінікті күн тәртібіне шығарды. Ал бұл саланың қоғамға, ұлтқа пайдасы бар ма деген сұраққа Мейірбек Бердібай:
«Инфобизнес адамдарға табыс табуға көмектесіп қана қоймай, тіліміздің дамуына көмектеседі. Яғни, қазір қазақ тілінде кітаптар шығарып, YouTube пен Instagram-да қазақша контент жасап, қазақ тілінде курстарды өмірге әкеліп жатқан жандардың барлығы инфобизнесмендер. Демек, біз тек қана адамдарға көмектесіп қана қоймай, табыс таба отырып тіліміздің де дамуына үлес қосып жатырмыз», – деп уәж айтады.
Қоғам дамып, адамдардың санасы өскен сайын кез келген сала да дамып, үнемі өзгеріп отырады. Сол сияқты бүгінгі күні инфобизнес ақпарат пен білімді сатып қана қоймай, үйде отырып-ақ әлемнің кез келген жерінен бизнес жүргізуге, тәжірибе жинауға, адамның мақсатқа жету қабілетін арттыру, өмір сүруге құлшындыру секілді міндеттерді де қоса атқара бастады. Сонымен қатар «Білгенге маржан, білмеске арзан» деп Абай хакім айтқандай, шын білімнің құны ақыл-парасатпен өлшенетінін, алдау-арбау арқылы табыс табу бос әурешілік екенін, бәсекеге қабілетті болу дегеннің не екенін ұқтырады десек қателеспейміз.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ