Мәуліт мерекесі өтті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен елорда төріндегі Бейбітшілік және келісім сарайында «Ізгілік жаршысы Әз Мұхаммед» рухани мәуліт кеші өтті.

Мәуліт (араб тілінде – «туу») – Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған күнін мерекелеу. Бұл мейрам мұсылман ай күнтізбесінің үшінші болған рабиғ әл-әууәл айының 12-күні тойланады. Айтулы мерекеде мұсылман қауымы ай бойы мешіттерге жиналып, діни әндер айтып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі туралы уағыздар оқылып, басқа да іс-шаралар атқарылады. Мәуліт мерекесінің шымылдығын ашқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жиналған жамағатты ерекше мейраммен құттықтады.

– Аса рахымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Екі дүние сардары болған адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туралы қанша айтсақ та, артық етпейді және оның әр ісі мен сөзі үмметіне өнеге. Мәуліт мейрамы рабиғ әл-әууәл айында кіреді. Адамзат тарихында ең ұлы сүйікті Пайғамбарымыз хазірет Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келуі жөнінде Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Уа, адамдар, сендерге өз араларыңнан хақ пайғамбар келді. Сендер тауқыметке ұшырасаңдар оған ауыр тиеді. ол сендердің тура жолда болғандарыңды қалайды. Ол мүміндерге сондай жанашыр, өте мейірімді» («Тәуба» сүресі, 128-аят). Сондай-ақ «Ахзаб» сүресінің 56-аятында былай дейді: «Расында, Алла (ең сүйікті құлы, пайғамбарлардың ең ардақтысы Мұхаммед» пайғамбарға үнемі шексіз нығметі мен рақымын төгіп, күннен-күнге мерейін өсіруде. Алла және Оның періштелері Пайғамбарға (шексіз рақымын төгіп) салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Ендеше сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар!». Біз Мәуліт айын ерекше күтеміз. Мәуліттің атап өтілуі кезінде ислам ғұламалары жоғары баға берді. Қазіргі біздің жағдайымызда Мәулітті мерекелеу тіпті міндет десек те болады. Өйткені басқаны қойғанда, мұсылмандардың өз арасында өмірдегі басты идеалы болуы тиіс. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аты-жөнін де жөнді білмейтін, діни ұстанымдарды дұрыс түсінбейтін жандар бүгінде жетерлік. Сондықтан Мәуліт мейрамының аясында біз Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туралы, оның алдындағы міндеттеріміз, сүннетін сақтау жайында мешіттерде, іс-шаралар мен жиындарда жалпы халыққа мол мағлұмат беріп, дініміздің тағылымдары жайлы үгіт-насихат жүргіземіз, – деді Бас мүфти.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл  «Дін саласында ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялап, бес бағытқа басымдық берді. Алғашқысы – «Дін мен дәстүр». 

«VIII ғасырдан бері ислам дінін қабылдап, күні бүгінге дейін момын мұсылман болып келе жатқан елміз. Ата жолын қадірлеп, анасын ардақтаған, салтын берік ұстанған жұртпыз. Сондықтан әрқашан исламды жіті меңгеріп, салт-дәстүрімізді сақтап, қолдан келгенше қоғамға насихаттап, жастарға үйрету әрбір аға буынның міндеті», – деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кеш аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Дін мен дәстүр» республикалық жыр мүшәйрасының қорытындысы жарияланды. Жүлделі І орын Әлібек Шегебайға, жеңімпаз Умра кіші қажылыққа жолдама алды. ІІ орынды (200 мың теңге) – Бекжан Әшірбаев пен Бауыржан Әлқожа, ІІІ орынды (150 мың теңге) Рауан Қайдаров пен Салтанат Төребекқызы иеленді. Сондай-ақ биыл – Бейбарыс бабамыздың 800 жылдық мерейтойы. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл басылымдары «Мұнара» газеті мен «Иман» журналы оқырмандар арасында «Ұлы дала барысы – Бейбарыс сұлтан» республикалық шығармашылық байқау жариялаған болатын. Қазылар алқасы І орынға лайықты туынды болмағанын хабарлап, үміткерлер арасынан төрт адамға ІІ орын (Маңғыстау облысынан Гүлжанат Оразбекқызы мен алматылық Фариза Болатқызына 200 мың теңгеден) және ІІІ орын  (Екібастұздан Нағима Қуанышева мен астаналық Ернұр Базарбекке 150 мың теңгеден) және бес адамға ынталандыру сыйлығын табыстады. Бұған қоса,  үздік әрі белсенді 10 жас дарынға, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанған жас ғалымға «Мәуліт» сыйлығы берілді: химик Томирис Маратова, математиктер – Нұрсұлтан Жұмабек, Абай Саятұлы, Ерасыл Алтынбек, жас тілші Ақтұмар Сағынай, нейрохирург Перизат Нұрланқызы, тарихшы Темірлан Әлімжанұлы, робототехника маманы Нұрислам Маратұлы, ақпараттық қауіпсіздік саласын зерттеуші Берік Мұсабеков. Оныншы «Мәуліт» сыйлығы жасындай жарқ етіп, небәрі 17 жасында жалған дүниемен ерте қоштасқан жас дарын Мақсұт Әлихан Серікзатұлына табысталды. Жеңімпаздарды Бас мүфти құттықтап, естелік суретке түсті. 

Ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі мен тәлім-тағылымы жырланып, сансыз салауаттар жолданған кеште көрермен назарына түрлі сахналық қойылым ұсынылды,  ғибратты насихат айтылып, ән мен жырдан шашу шашылды. Белгілі дін ғұламасы Абдулла Жолдастың «Мәуліт» жыры оқылды. Елімізге белгілі өнер жұлдыздары және елорда театрлары, атап айтқанда, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры, Аstana Musical және Жастар театрының актерлері өнер көрсетті. Мәуліт кешінің билет сатылымынан түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. 

Асыл ТҰМАР