Жақында ол аталмыш халықаралық ұйымның делегация құрамында Моңғолиядағы қазақтармен жүздесіп қайтты. Елге оралған Бурахан мырзадан осы сапары жайлы сұрап-білген едік.
– Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұйымдастырған делегациясы құрамында болып, сол ұжыммен Моңғолияға барып келдім. Бес күнге созылған сапарымның басты мақсаты – ондағы қандастарды еліміздің солтүстік өңіріне қоныс аударуға шақыру, оларға еліміздегі көші-қон және басқа да заңдарды түсіндіру, құжат рәсімдеу, тұрмыс барысы, жұмыспен қамту және өзге де мәселе бойынша сауалдарына жауап беру, қазақ диаспораларымен байланыс орнату болды, – дейді Бурахан мырза.
Бурахан Моңғолиядағы қазақтарға теріскейге көшудің артықшылықтары мен кемшін тұстарын түсіндіре барып, бірқатар ұсыныс айтқан.
– Бұған дейін елге көшуге ниетті қандастар нақты бір өңірге шақырылған жоқ. Оларға атақонысқа қайту, Қазақстанға келгенде берілетін мүмкіндіктер және басқасы жөнінде біршама рет айтылды. Ал мен мүдделі қандастарды бірден солтүстік өңірге қоныстандыру туралы бастама көтеріп жүрмін және осы турасында Моңғолиядағы қандас қауымға айта бардым. Баян-Өлгей мен оның маңындағы аудандардың халқымен жүздестік, солтүстікке көштің бүгінгі жағдайы, мұндағы тұрмыс-тіршілік, жақсы мүмкіндіктер мен тап болатын кедергілер жайлы кеңірек ақпарат беруге тырыстым. Баян-Өлгейде жүргенімде қазақ-моңғол мектебіне барып, 10-11 сынып балаларымен кездестім. Қазақстан–Моңғолия картасын сызып тұрып, климатын, уақыт белдеуіне дейін көрсеттім, солтүстіктің ғажап табиғатын, өзен-суларын тамсана айтып бердім, – деп атап өтті ол.
Қандастардың атажұртқа оралу ниетін біліп қайтқан Бурахан келер жылы көш анағұрлым қарқынды жүреді деген ойын білдірді.
– Елге көшуге ниетті жанұялар аз емес, келер жылы көш анағұрлым қарқынды жүреді деген ойдамын. Атажұртқа оралуға ниетті жұрттың көшін жеңілдету қашан да өзекті мәселе. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тарапынан Мәжілістегі депутаттарға арнайы ұсыныстар жолдап жатырмыз. Делегация құрамында Мәжіліс депутаты Анас Ахатұлының көмекшісі болды, сапар барысында жинақталған ұсыныстарды Анас мырзаға жеткізеді деп ойлаймын. Моңғолия сапары кезінде бірнеше мәселені көзбен көрдік, құлақ шалды. Жақында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы өз есебін жариялайды, сол жерден таныса аласыздар. Әзірге ашып ештеңе айта алмаймын, – деді қоғам белсендісі.
Сондай-ақ Бурахан солтүстікке қоныстанған қандас ағайындарға арнап бейімдеу орталықтарын ашу туралы бастама көтеріп жүр. Айтуынша, оны пилоттық жоба ретінде екі елді мекеннен бастап көріп, қандастарды кемінде бір жыл Солтүстік Қазақстанда өмір сүруге бейімдегеніміз жөн.
Қоғам белсендісінің пікірінше, Қазақстан – Моңғолия арасында түрлі мақсатта – қонаққа, жұмыс барысы, білім алуға барып келіп жатқан қазақтар өте көп және олардың ары-бергі сапарына еш кедергі жоқ. Көбіне көп көштің проблемасы елге жеткеннен кейін туады, тұрмыс-тіршіліктегі мәселе, азаматтық алу проблемасы және тағы басқалары.
Шын мәнінде, елге оралуға ниетті қандастардың басым көпшілігі азаматтық алу мәселесінің жылдам әрі оңтайлы шешілетініне күдікпен қарайды. «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңда шетелден келген және Қазақстан аумағында заңды негізде тұрақты тұратын қандастардың Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға құқы бары көрсетілген. Заңның 16-1 бабына сәйкес, қандастардың азаматтық алу туралы материалдары өтініш берілген күннен бастап үш ай ішінде қаралуы тиіс. Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті әзірлеген көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында «Қазақстан азаматтығын алу үшін қоныс аударушыларды және қандастарды қабылдаудың аймақтық квоталары аясында Үкімет айқындаған өңірлерде тұрақты тұрудың міндетті шартымен «қандас мәртебесін беру тәртібін қайта қарау қажет» деп жазылған. Аталмыш комитет биылдан бастап «қандас» мәртебесі шетелдегі қазақтарға өзі тұрып жатқан елден көшіп келмей тұрып берілуі мүмкін деген еді.
– Азаматтық алу мәселесінде түрлі тараптың олқылықтары бар. Бұл тұста қандастар Моңғолиядан тиісті құжаттарды рәсімдеп келуі қажет, ол туралы сапар барысында біршама ақпарат беруге тырыстық. Елімізде азаматтық алу мәселесін оңтайландыру ісі жыл сайын талқылаудан өтіп, жетілдіріліп жатыр. Десе де, әлі де шешімін табуға сұранып тұрған тетіктер бар, – дейді Бурахан Дақан.
Tauekel қоғамдық ұйымының жетекшісі теріскей көшіне серпін беретін бірден-бір тетік елімізде нақты осы мәселемен айналысатын консультативті-кеңесші орган немесе мемлекеттік мекеме құру екенін осы уақытқа дейін айтып жүр. Айтуынша, оның жұмысына Президенттің өзі немесе Премьер-Министр деңгейіндегі лауазым иелері жетекшілік етсе, шаруа оңалар еді. Сәйкесінше, жергілікті жерде осы органның уәкілетті органдары ашылып, оның жұмысын облыс немесе аудан әкімінің орынбасары тікелей бақылауға алса, біз күткен қозғалыс пайда болуы мүмкін.
– Бүгінде біз солтүстікке көш тиімді болуы үшін Солтүстік Қазақстан облысына керек мамандықтарды зерттеп, бос жұмыс орындарына талдау жасап жүрміз. Мәселен, белгілі бір өңірде дәрігерлер тапшы болса, біздің аймаққа келетін отбасыларды сол жерге жайғастырып, бірден жұмыспен қамтуға тырысамыз. Десе де, өз күшімен көшіп келетіндер бар, олар мамандар тапшы ауданға емес, басқа бір өзі ұнатқан ауылға тұрақтағысы келеді әрі ол дәрігер емес, бастауыш сынып мұғалімі болуы мүмкін. Сондай жағдайда қиындық туындап қалады. Солтүстікке келген отбасыларды кері қайтарғымыз келмейді, барынша ұстап қалуға тырысамыз. Десе де, орныға алмай, қайтып кетіп жатқандары да бар. Бір кездері «Еңбек» бағдарламасы жұмыс істеді, сондай бір жоба керек деп ойлаймын. Өйткені қоныс аударуға ниетті жандардың көп мәселесі әлі күнтәртібінен түскен жоқ – тұрғын үй, жұмыс табу және жерсену ісіне әлі де көмек қажет, – дейді Бурахан Дақан.
Асыл ТҰМАР