Дәл түбіндегі ауылмен аттас көлдің жекеменшік иесіне аукцион арқылы сатылып кетуіне наразы болған жұрт жылдан астам уақыт бойы ауыл әкімдігінен бастап, Үкімет басшысына дейін хат жазып, әділдік іздеуде. Алайда ауылдың бар малы мен бау-бақшасын суару мақсатында пайдаланылып келген жалғыз табиғи су көзі енді ауылдың емес, жекеменшік иесінің қолына өтіп кеткен. Түйткілді жағдай еліміздің тиісті заңнамасына да қайшы келетінін айтқан тұрғындардың уәжі өкінішке қарай жүзеге асар емес...
Целиноград ауданына қарасты Мортық ауылы аудан орталығы Ақмол ауылынан небары 25 шақырым ғана қашықта орналасқан. Ауылдың дәл түбіндегі ауылмен аттас – Мортық көлі өрістегі мал мен бау-бақшаны сумен қамтитын жалғыз су көзі. Бар күнкөрісі осы көлмен тығыз байланысты жергілікті тұрғындар Мортықтың маңындағы жайылымға малын бағып, отын оттап, қойын құрттап келген.
Көл бар-жоғы 757 мың теңгеге сатылған
Алайда өткен жылдың соңында болған «сауда» ауыл жұрты үшін үлкен соққы болған. Желтоқсан айының тоғызында Мортық көлі аукцион арқылы конкурсқа қойылып сатылып кеткен. Жеңімпаз бар-жоғы 757 257 теңге төлеп көлді тұтастай жекеменшігіне айналдырып ала қойыпты. Бірақ ауыл халқы тіршілігінің басты көзі болған көлдің аукцион арқылы сатылып кеткенін осы жылдың сәуірінде бір-ақ білген.
– Көлдің сатылып кеткенін арада төрт ай өткенде ғана білдік. Ақмола облысының Табиғи ресурстар басқармасының ресми жауабына қарағанда, конкурс GOSREESTR порталында өткен жылдың 9 желтоқсанында өтіп кеткен. Жеңімпаз «Жүсіпов Серік Төлеутайұлы» ЖК аукцион арқылы көлді азғантай ғана ақшаға сатып алған. Конкурстың ұйымдастырушысы – «Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» екен. Бірақ бұл сауда жергілікті тұрғындар мен қауымдастықтың еш келісімінсіз жүзеге асырылған болып шықты. Сондықтан барлық құзырлы органдарға мәселені көтеріп, тиісті шешім шығарылуын талап етудеміз, – дейді ауылдың белсенді тұрғыны Талғат Құсдәулетов.
Ауыл тұрғындары алдымен Целиноград аудандық мәслихатына жүгінген. Болған жағдайға назар аударып мәселені толықтай зерттеген мәслихат депутаттары халықтың шағымы жөн деп тауып, Парламент Мәжілісінің депутаттарынан бастап, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың, Экология министрі Ерлан Нысанбаевтың атына хат жазған. Төлқұжат жасау жауапкершілігі конкурсты ұйымдастырушы Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясына жүктеліпті. Ұсынылған құжаттар бойынша, су қоймасының төлқұжаты В.Вернадский атындағы үкіметтік емес экологиялық қор жасалған. Целиноград аудандық мәслихаты да көлді сату заңсыз өткен деп санайтынын жеткізді.
– Аккредиттеу туралы куәлікке сәйкес сараптамалық қорытынды мен су қоймасын тексеру актілерін беруді негізсіз деп санаймыз. Яғни, аккредиттеу туралы куәлік балық шаруашылығы су қоймасы төлқұжатын беруге және тексеруді жүзеге асыруға құқық бермейді. Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы аталған Мортық көлінде су қоймасына төлқұжат беру және тексеріс жүргізуге құқық бермейтін ұйымның құжаттарын тіркеген. Мұнымен қоса тиісті нормативтік-құқықтық актілердің талаптары бұзылғанын көріп отырмыз. Сондықтан Мортық көлі аукционының күшін жою қажет деп санаймыз, – дейді Целиноград аудандық мәслихатының төрайымы Ләззат Қонарбаева.
Мәслихат төрайымының айтуынша, су қоймаларын тапсыру мәселесі қазір ауданның басқа ауылдарының да халқын толғандыра бастаған. Өйткені осы оқиғадан кейін мәслихаттың поштасына өзге ауылдардан да толассыз хаттар түсе бастапты.
– Мәслихат өкілдік орган ретінде халықтың арызында көрсетілгендей, нормативтік-құқықтық актілер талаптары бұзылғандықтан аталған мәселеден қалыс қала алмайды. Сондықтан аукционның өтуін жарамсыз деп танудан бөлек, аталған мәселе бойынша заңнамалық нормативтік-құқықтық актілерге тез арада өзгерістер енгізу қажет деп санаймыз. Халықтың арасында әлеуметтік шиеленістің алдын алу үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылдың 19 наурызындағы №18-04/245 бұйрығына өзгерістер енгізу қажет. Сондай-ақ аң аулайтын жерлер мен балық шаруашылығы су қоймаларын бекіту жөніндегі барлық конкурстарға тексерістерді ауылдардың жергілікті қауымдастық өкілдері мен мәслихат депутаттарының қатысуымен өткізу қажет деп санаймыз. Егер тұрғындардың бұл шағымы тиісті түрде қаралып, заңның орындалуы қамтамасыз етілмесе бұл халықтың толқуын тудырады. Құзырлы министрлік пен Үкіметтен даулы мәселені шешу үшін арнайы жұмыс тобын құрып оның құрамында жергілікті ауылдық округ өкілдері қатысатын болуы керек. Тексерісті түрлі деңгейдегі депутаттық корпустар мен құқық қорғау органдары және жергілікті қауымдастық өкілдерінің қатысуымен өткізілгенін сұраймыз, – деп толықтырды Ләззат Қонарбаева.
Ауылдың жергілікті қауымдастық төрағасы Талғат Құсдәулетов көлдің аукцион арқылы сатылып кетуіне кереғар болатын тағы бір заңсыздықтың бетін ашқан.
Құжат берген қордың ешқандай құқығы жоқ
Маған ұсынылған деректерге қарағанда су қоймасының төлқұжаты Вернадский атындағы үкіметтік емес экологиялық қормен жасалған. Бірақ Ресейдің астанасы Мәскеу қаласындағы Вернадский қорының бас директоры О.Пляминаның ресми хатында қор Қазақстанның емес, Ресейдің үкіметтік емес қоры екені, ал Қазақстанда тіпті филиалы яки өкілдігі де құрылмаған болып шықты. Сонымен қатар аталған экологиялық қор заңнамаға сәйкес су шаруашылығы қоймасы төлқұжатын беруге тіпті аукцион жүргізуге ешбір құқығы да болмағаны анықталды. Бұл заңнамалық құжаттарда да көрсетілген. Ұсынылған деректер бойынша Мортық көлінің төлқұжаты мен тексеру актісін Ақмола облысының табиғи ресурстар басқармасына «Астана Финанс Групп» ЖШС-мен берген. Бұл компания да ресми мәліметтер бойынша су нысандарына ғылыми негіздеме беруге ешқандай қатысы болмай шықты. Өйткені компания жекеменшік күзет қызметімен айналысады. Тиісінше Ақмола облысының көлдерге аукцион өткізуге байланысты қалай заңдастырғаны түсініксіз болып тұр. Сондықтан Ақмола облысы көлдеріне аукцион өткізумен байланысты барлық мәселелер бойынша тексерістер мен жауапкершілікке тарту бойынша барлық шараларды қабылдау қажет деп санаймыз, – дейді Талғат Құсдәулетов.
Осы жылдың 4 қазанында Мортық ауылының тұрғындары жиын өткізіп қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына да хат жазған. Тұрғындар сонымен қатар Экология министрлігінің 2022 жылдың 24 мамырындағы бұйрығына сәйкес бұл жерде жемқорлықтың болу ықтималдығын да жасырмады.
Қор жекеменшікке сатылған жоқ
Біз мәселені одан әрі анықтау мақсатында Экология министрлігіне жүгіндік. Министрлік Ақмола облысы Целиноград ауданы Мортық ауылының көлі сатылмағанын, тек балық шаруашылығын жүргізу құқығы ғана берілгенін мәлім етті.
– Мортық көлі жекеменшікке сатылған жоқ, балық шаруашылығын жүргізу құқығына ғана берілді. Мортық ауылының жергілікті тұрғындары талап еткендей, конкурс қағидасымен су айдынын бекіту кезінде жергілікті қоғаммен келісу рәсімдері қарастырылмаған. Сонымен қатар, 2023 жылдың 31 мамырында Мортық көлін бекіту бойынша аудандық мәслихат депутаттары, Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының өкілі, Инспекция басшысы Н. Кауашев Мортық ауылына барып тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмысын өткізді. Кездесуде су айдынын жалға алушы Жүсіпов Серік Төлетайұлыда қатысты. Бүгінде аталған Су айдыны қоршалмаған, жалға алушымен жергілікті тұрғындардың малдарын суаруға ешқандай тыйым салу орнатылмаған және орнату мүмкін емес. Қазақстан Республикасының «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңына сәйкес балық шаруашылығы су айдынын және (немесе) учаскесін бекітіп беру балық шаруашылығы су айдынына және (немесе) учаскесіне жатқызылған су обьектісінде немесе оның бір бөлігінде балық шаруашылығын жүргізу құқығын бүкіл су обьектісін пайдалану құқығынсыз беру, осыған байланысты балық шаруашылығының субъектісі балық ресурстарын өсіру және сату бөлігінде ғана пайдалануға құқылы. Жалға алушы жергілікті тұрғындарға қармақпен әуесқой балық аулауға ешқандай шектеу қойып отырған жоқ. Көлді пайдаланушы шарттың міндеттерін орындап отыр. Бүгінде балық шаруашылығын жүргізу шартын бұзу үшін негіз жоқ, – делінген Экология министрлігінің ресми хабарламасында.
P.S.
Сонымен, әзірге даулы мәселенің соңғы нүктесі қойылған жоқ. Тиісті құзырлы мекемелер заңнаманың сақталуын қамтамасыз етіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет деген ойдамыз. Бұл орайда расында да арнайы тексеріс жүргізіліп, заңның солқылдақтығын теріс жолда пайдалану мүмкіндіктері бар нормативтік-құқықтық актілер оң бағытта өзгерістер енгізуді де қарастырған жөн сияқты...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы