Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында балабақша қызметкері бастауыш сыныпта оқитын 15 оқушыны зорлады деген ақпаратқа түсінік берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің мәлімдеуінше, Шәуілдір ауылында ер адам тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар саны 15-ке жеткені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда ведомствоға 3 азамат арызданған. Дегенмен өңірдің бас полицейі зорлық құрбандарының саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Ешқандай 15 дерек немесе 15 арыз, 15 жәбірленуші деген жоқ. Сонымен қатар басқа да жәбірленушілерді анықтау мақсатында жедел-тергеу іс-шараларын жалғастырудамыз. Сіздерден тек ресми дереккөздерге сену мен сүйенуді сұраймын», – деп мәлімдеді ПД бастығы.
Еске салсақ, бұған дейін Отырар ауданында 33 жастағы ер адам бастауыш сыныпта оқитын бірнеше оқушы қызды зорлады деген күдікпен қамауға алынған болатын.