Астанада LRT құрылыс алаңында бұрғылау қондырғысы құлап, жеңіл көлікті басып қалды. Бұл туралы City Transportation Systems баспасөз қызметі хабарлады, – деп жазды Aikyn.kz.
Төтенше жағдай Сығанақ көшесінде болған. Бұрғылау қондырғысы Hyundai көлігінің корпусына түскен. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
"Сығанақ көшесінде қада орнату бойынша бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде қондырғы оң жақ шынжыр табанымен асфальттың бос жеріне құлады. Hyundai көлігі рұқсат етілмеген жерге қойылған. Салонда жолаушылар да, жүргізуші де болмаған. Аудан қоршалған. Оқиға орнында полицейлер жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендер жоқ", – деп мәлімдеді ведомство.