«2 жасар бала әкесін жұмысқа жібергісі келмеген суреті қалған»: Динара Зәкиева шахтадағы апат туралы айтты

Бір кеншінің 2 жасар баласы әкесін жұмысқа жібергісі келмей, аяғынан ұстап тұрған суреті қалған.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қаза тапқан 9 кеншінің артында кәмелетке толмаған балалары қалғанын мәлімдеді, – деп хабарлады  Aikyn.kz.

«Бүгін Насымжан Жамбекқызы, ҚР ОАМ БҚҚК бірге қаза тапқан кеншілердің балаларына бардық. 9 кеншінің артында кәмелетке толмаған балалары қалған. Отбасылардың қазір басынан өтіп жатқан қиындықты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір кеншінің 2 жасар баласы әкесін жұмысқа жібергісі келмей, аяғынан ұстап тұрған суреті қалыпты. Тағы бір кеншінің анасы ұлының жұмысқа кетерінде мәңгіге кетіп бара жатқандай қоштасқанын есіне алып жатыр», – деп жазды омбудсмен әлеуметтік желіде.

Динара Зәкиева балаларға психологиялық көмек ұйымдастырылып жатқанын, мемлекеттік органдар мен әкімдік Президент тапсырмасымен отбасыларды жан-жақты көмекпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Айта кетейік, Костенко атындағы шахтадан 29 қазанда сағат 20.00-дегі жағдай бойынша, 45 кеншінің мәйіті табылды, 1-еуін іздеу жалғасып жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қазанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі