Қостанайда «Ауыл шаруашылығы – мықты экономиканың негізі» тақырыбында Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумы өз жұмысын бастады. Форумға бейнеконференцбайланыс режимінде екі мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин қатысады,– деп хабарлайды Aikyn.kz.
Өңіраралық алаңда бизнес, салалық мемлекеттік орган, ведомстволар, ғылыми топ өкілдері, екі ел өңірлерінің басшылары жиналды.
Форум Қазақстан-Ресей Іскерлік кеңесінің отырысынан басталып, қатысушылар шекаралас өңірлердің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығының өзекті мәселелерін, соның ішінде ауыл шаруашылығы техникасын жасау, АӨК-дегі көлік инфрақұрылымын дамыту мен ауыл шаруашылығы жобаларын техникалық сүйемелдеу мәселелерін талқылайды.
Іскерлік кеңестен басқа мынадай үш панельдік сессия өткізу жоспарланған: «Қазіргі жағдайда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрлық технологиялар», «Жастар және ауыл шаруашылығы: білім берудегі жаңа үрдістер».
Форум қорытындысы бойынша, өңіраралық және коммерциялық құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.
Ресей Федерациясы – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты сауда көлемі 27 млрд (экспорт – 9 9,1 млрд, импорт – 1 17,9 млрд) құрады, бұл – Қазақстанның жалпы тауар айналымының 20%-ы (19,9%).
Биыл қаңтар-тамыз айларында сауда көлемі $17 млрд болды, бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 1,1% жоғары.