Мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан Кентаудың экс-әкімі түрмеге қайта жеткізілді

Мақажанов жазасын одан әрі өтеу үшін ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің "№64 мекемесіне" жеткізілген.

Бостандыққа шыққан Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Мақажанов қайтадан колонияға жіберілді. Оған жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру бойынша апелляциядан бас тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Алматы облысы соттары Facebook парақшасына сілтеме жасап.

Мақажанов жазасын одан әрі өтеу үшін ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің "№64 мекемесіне" жеткізілген.

Сондай-ақ ведомствоның хабарлауынша, бұған дейін Қонаев қалалық соты Мақажановқа қатысты жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы қаулы шығарған болатын. Алайда Алматы облыстық соты бұл қаулының күшін жойды.

Кентау әкімі 2022 жылдың ақпанында ұсталды. Ол өзінің сенімді адамдары арқылы мемлекеттік-жекеменшік шарт аясында автожолдарды жөндеумен айналысатын ЖШС директорынан 98,5 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деп айыпталған.

Тергеуді Алматы қаласы бойынша Антикоррупциялық қызмет өкілдері жүргізген. Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынған.

Сол жылдың шілдесінде Дәурен Мақажановқа қатысты үкім шықты. Ол аса ірі көлемде пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, максималды қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеумен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Фото: Кентау қаласы әкімдігінің ресми сайты