Тозған ұшақтар темірге өткізіледі

Қазақстан 117 әскери ұшақты сатуға қойды. Мұндағы басты шарт – сатып алынған техника кәдеге жарату арқылы жойылуға тиіс. Саудаға шығарылған ұшақтар Алматы мен Қарағанды облыстарында және Семей, Шымкент қалаларының әскери бөлімдерінде орналасқан.

Айта кетейік, аталған 117 әскери тех­ника – Кеңес дәуірінің мұрасы. Су және МиГ маркалы ұшақтар неше жылдан бері әскери бөлімдерде қаңтарулы тұрған. Қор­­­ғаныс министрлігі AIQYN газетіне жолдаған жауабында: «Бұл ұшақтар өткен ғасырдың 70-80 жылдарында шығарылған. Техника Қазақстан Республикасының Қа­рулы күштерінде пайдалану мерзімінің бел­гіленген шегіне дейін қолданылып, кейін сақтауға қойылған», – деп көрсетеді. Ми­нистрлік мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға және қару-жарақ пен әскери техниканы кәдеге жарату ережелеріне сәйкес бұл ұшақтар пайдаланылмайтын әскери мүлікке жатады.

Әуелгіде 26 қазан күні электронды сау­да-сат­тыққа шығарылған лоттың жал­пы бас­­­тапқы бағасы 1,8 млрд теңге ($ 3,85 млн) деп қойылды. Бұл еліміздің төрт аймағында орналасқан 117 әскери ұшақ­­­­қа белгіленген ортақ құн. Оның ішінде 1975–1989 жылдары шығарылған 81 ұшақ Алматы облысы Жетіген кентін­­­дегі әскери бө­лімде тұр, тех­ни­каның бас­­­тапқы бағасы – 1 019 782 199 теңге. Сон­­­­дай-ақ Қарағанды об­лы­­­сын­­да 11 ұшақ – 230,5 млн теңге, Семейде 10 ұшақ – 358,3 млн теңге, Шымкентте 15 ұшақ – 194,8 млн теңге деп белгіленген. 

Тозған техниканы сату құқығы – Өнер­кәсіп және құрылыс министрлігі Мем­лекеттік қорғаныстық тапсырыс комите­тіне қарасты «Қазарнаулыэкспорт» РМК-на берілген. Мекеме негізінен МиГ-27, МиГ-29, МиГ-31 және Су-24 ұшақтарын саудаға шығарып отыр. Техни­каның тізімін дайындап, уәкілетті органға жіберген – Қорғаныс министрлігі. 

«2023 жылғы 5 сәуірде пайдала­ныл­май­тын мүлікті бөлу жөніндегі комиссия­ның отырысында «Қазақстан инжини­ринг» ҰК» АҚ-ның пайдаланылмайтын мүлкін (жоға­ры­да көрсетілген авиациялық техни­ка) «Қазарнаулыэкспорт» РМК уәкілетті ұйы­мы кәдеге жарату арқылы жою шартымен сатуға беру мәселесі де мақұл­данды», – делінген министрліктің жа­уабында.

«Атың жаман болса, сатып құты­лар­сың» дегендей, министрлік тозығы жетіп тұрған «қанатты» техникадан осылай құ­тылмақ секілді. Алайда алғашқы сауда сәт­сіз аяқталды. Ендігі мүмкіндік – екінші кезең, яғни 10 қарашада «Қазарнау­лы­экспорт» Жетігендегі 81 ұшақтың бастап­қы бағасын (1 019 782 199 теңге) төмен­детіп, (509 891 099,50 теңге) қайта аук­ционға шығарды. 

Мекеме сайтындағы ақпараттық ха­бар­­­ламада: «Қазарнаулыэкспорт» РМК ҚР Қа­­рулы Күштерінің пайдаланыл­майтын мүлкін жою шарты­мен өткізу бо­йынша элек­трондық сауда-саттықтың өт­кізілетінін хабарлайды, ол 2023 жылғы 10 және 14 қара­шада сағат 10:00-де www.gosreestr.kz мемле­кет­тік мүлік тізілімінің веб-порта­­­лында өткі­­зіледі», – деп жазыл­ған. Метал­­лолом саудасына шығарылған ескі МиГ-27, МиГ-29, МиГ-31 ұшақта­рының әрқайсысы қан­шаға бағаланып отырғаны жайлы нақты ақпарат жоқ, дегенмен олардың кейінгі буы­­­­­­ны МиГ-35 ұшағының нарықтағы қазір­гі құны 40-45 млн дол­лардың айнала­сында. 

Дегенмен біз ескірді деп есептен шы­ғар­ған МиГ-терді әлі де мініп жүрген мемлекет көп. Бұл ұшақтар – әсіресе, Ре­сей мен Украина арасындағы соғыстың негізгі құралы. Ресей Украинаға қарсы «ар­найы әскери операциясын» бастағанда МиГ-29, МиГ-31 және Су-24 ұшақтарын жаппай қолданған болатын. 

Ашық дерек көздері соғыс басталмас бұ­рын Украина Қарулы күштерінде 40-қа жуық МиГ-29 ұшағы болғанын жазады. Golosameriki.com сайтының жазуынша, 1992 жылы Украина әуе күштерінің қуаты ұшақ саны (1,1 мыңға жуық) мен тікұшақ саны (900-дей) бойынша Ресейден кейінгі екінші орында тұрған. Украина өзіндегі артық авиация құралдарын 2014 жылға дейін әлемдік нарықта саудалап келді. Бұл ел жойғыш ұшақтар (истребитель) сау­дасындағы соңғы мәмілені 2014 жылы аяқ­тап, Хорватияға бес МиГ-21, Чадқа – 1 МиГ-29 ұшағын өткізді. 2022 жылы со­ғыстың алғашқы он айында Украина Шы­ғыс Еуропа мемлекеттерінен кеңестік модельдегі 45 әскери ұшақ (көбінесе МиГ-29 және Су-25) сатып алды. 

Отанның тыныштығын күзетіп, әуе­дегі қауіпсіздікті қорғауы тиіс бұл ұшақ­тар Ресейде соғыссыз да жиі құлап жа­татыны рас. Мәселен, былтыр 17 қа­занда Ейск қаласында (Краснодар ай­мағы) Су-34 ұшағы 9 қабатты тұрғын үйге со­ғылса, ал­ты күннен кейін 23 қазанда Су-30 ұшағы Ир­кутскіде құлаған бола­тын. Жалпы, 2022 жылы РФ аумағында әскери ұшақ­тардың қатысуымен 11 оқиға тіркеліпті.

Біздің елде ескі ұшақтар Ресейдегідей көп ұша бермейді, ұшпағаны да жақсы ма дейсің. Сондықтан тозған техниканы те­мірге өткізіп, көзін жоюдан өзге жол жоқ. Металлолом демекші, сатылымға шыға­рылған 117 әскери ұшақты кім сатып ала­тыны туралы деректі таппайсыз. Десе де, бір белгілісі сатылғаннан кейін бұл тех­никалар тұрған жерінде, яғни әскери бө­лімдердің аумағында кәдеге жарату арқы­лы жойылуы тиіс. Сондай-ақ талап бо­йын­ша оларды тіпті қосалқы бөлшек­терге де қол­да­нуға болмайды. «Бұл техни­­­­каны басқа елдерге сату жоспарланбаған. Қарулы күш­терде пайдаланылмаған техниканы есептен шығарудан және кәдеге жаратудан басқа, әскери-әуе күш­терін оқу-жауын­герлік міндеттерді орын­дауға мүмкіндік беретін заманауи тік­ұшақтармен, жауын­герлермен және әс­кери-көлік ұшақтарымен жоспарлы түрде жарақ­тандыру жүргізі­луде», – де­лінген Қорғаныс министрлігі жолдаған ақпаратта. 

Ендігі мәселе, темірге өткізіліп, көзі жо­йылатын техниканың орнын қалай толтырамыз? Әрине, әскери техника, қару-жарақ есебі мемлекеттік құпияға жа­тады. Дегенмен еліміздің қорғаныс-өнер­кәсіп кешенін жан-жақты нығайтып, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды міндет. Мемлекет басшысы биыл халыққа Жолдауында қорғаныс саласына айрықша тоқталып, Қазақстан армиясын жоғары технологиялы әскери техникамен, заманауи ұшқышсыз бас­қары­­латын ұшу аппараттарымен жабдық­тауды тапсырған. Өнеркәсіп және құ­рылыс министрлігінің дерегінше, алдағы кезеңде қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу технологиясын игеру үлесін 55%-ға дейін, жаңғыртуды – 35%-ға дейін, қазіргі заманғы өндірістерді 70%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Бұл тұр­ғыда үкіметтің алдында тұрған мәселе – қорғаныс-өнер­кәсіп кешенін дамытуда отандық өндіріске басымдық беру, шетелдің технологиясын енгізе отырып, оқшаулау үлесі жоғары өндіріс циклін құру.

Бауыржан БАЗАР