Байқоңырға қарасақ байыппенен

1955 жылы іргесі қаланған Бай­қоңыр ғарыш айлағы өткен ғасырдың еншісіне жазылған адамзат тарихын­дағы теңдесі жоқ жетістіктің бірегейі саналады.

Бүгінде Қызылорда облы­сына қарасты Қармақшы ауданы ау­мағында орналасқан жабық режим­дегі қалашық мемлекет ішіндегі «мем­­лекет» секілді. Жұлдызды қала­шық­қа кіріп-шығудың өзіндік тәртібі, өзгеше заңдары мен өмір сүру қа­ғидаты бекітілген. 

Жұлдызды қалашықтың тұрмысы жайлы ма?

Көршілес Ресей мемлекетіне жалға берілген ғарыш айлағының тұрмыс деңгейі біздікінен өзгеше. Екі елдің ақша айналы­мы қатар жүретін жабық қалашықта қос мем­лекетке қарасты мекемелер ынтымақ­тас­­тық­пен жұмыс жүргізіп жатыр. Бай­қоңырға бар­ған екікүндік жұмыс сапары­мызда бай­қағанымыз – Қазақстан мен Ресей азамат­тарының құқықтары басты назарда тұр. Қалашыққа барған алғашқы күні Қызылор­да облысы әкімінің орын­басары, Прези­дент­тің Байқоңыр кеше­ніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай бізге осылай деп тү­сіндірді.

Негізінен, Байқоңыр қаласы – жалға алу жағдайында жұмыс істейтін Қазақстан­ның әкімшілік-аумақтық бірлігі. Қаланың жалпы аумағы – 5497,5 гектар. Биылғы мәліметке сәйкес, қалада 57 441 адам тұрады екен. Оның ішінде 40 615 адам Қа­зақстан азаматы болса, 15 507 адам Ресей Федерациясының үлесіне тиесілі. Ал 1 319 адам өзге мемлекеттердің азаматты­ғына ие. 

«Соңғы жылдары қазақстандық тарап­тың қаланы дамытуға қосқан үлесі артып келеді. Соның негізінде республикалық және жергілікті бюджет қаражаттары есебі­нен бірқатар жоба іске асырылуда. Атап айт­қанда, Үкіметтің 2016 жылғы 2 қара­шадағы №656 қаулысымен бекітілген Бай­қоңыр қаласының Бас жоспарына сәйкес, 2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында 50 пәтерлі 5 тұрғын үй салынып, 7 «А» шағынауданы құрылды. Оған 2 млрд 7 млн теңге қаралып, игерілді. Бұл тұрғын үй әлеуметтік осал топ өкіл­деріне берілді. 2021 жылы аталмыш шағы­науданда 50 пәтерлі тағы 5 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл жобаға 3 млрд 701 млн теңге қаралған. Бұған қоса, сумен жаб­дықтау, коммуналдық қызметтердің тари­фін түсіру, газдандыру, білім беру ұйымда­рының қатарын арттыру бағытында да ауқымды шаралар қолға алынып отыр», – деп түсіндірді бұл жайында кешеннің арнаулы өкілі.

Қайрат Нұртайдың айтуынша, 2021 жылы Байқоңыр қаласындағы сумен жаб­дықтау және қайта бұру жүйелерін жаң­ғырту жобасы қолға алынған. Осы жоба аясында 901,2 млн теңгеге 11,4 шақырым кәріз желілерін қайта жаңғырту жұмыстары қолға алыныпты. Ал биыл аталған жұмыс­тар­ды жалғастыру үшін 1 млрд теңге қо­сым­ша қаржы қаралған. Сонымен қатар коммуналдық тарифтерді түсіру бағытында Байқоңыр қаласының әкімдігі қаланың жылу электр стансасын негізгі мазут оты­нынан газға ауыстыру жұмыстары жүргізі­ліп жатқанын алға тартады. Жылу электр стансасын газдандыру жұмыстары 2027 жылы толығымен аяқталады деп жоспар­лануда екен. Сол сияқты қазақстандық бі­лім беру стандартымен жұмыс істейтін білім беру ұйымдарының санын көбейту мақсатында да атқарылып жатқан қыруар шаруа бар. Соның ішінде жалдан шыға­рылған ғимараттарды пайдалана отырып, жыл аяғына дейін қосымша 2 балабақша ашу жоспарлануда. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жұлдызды қалашықтағы қа­зақтардың орыс азаматтарымен тең құ­қық­та тұрмыс кешуіне жол ашамыз деп отыр. 

Денсаулықтың жайы қалай?

Байқоңыр қаласында тәуелсіздік алған алғашқы жылдары білім мен денсаулық саласының мәселесі қордаланып жатты. Мемлекеттік стандартпен білім алу көптің арманы болса, «басы ауырып, балтыры сыз­даған» халық Ресей меншігіндегі гос­питальға қаралуға мәжбүр еді. 

Соған орай 2016 жылы Байқоңыр қала­сынан облыстық медициналық орталықтың филиалын ашуға мүмкіндік туды. Бұл ор­талық Байқоңыр қаласындағы Қазақстан азаматтары мен Қармақшы, Арал, Қазалы аудандарының тұрғындарына медицина­лық көмек көрсетуге негізделген.

Жалпы, 2007 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімге сәйкес ғарыш айлағынан 80 орындық перзентхана мен 100 келушіге арналған әйелдерге кеңес беру орталығын салу жөнінде шешім қабылдан­ған болатын. Соған орай құны 1 млрд тең­геге орталық ғимаратының іргесі қаланып, 2010 жылы толықтай аяқталғанымен, түрлі себеппен ашылуы кейінге шегерілді. Тек 2015 жылы Мәскеуде өткен үкіметаралық комиссия отырысында Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасымен аталмыш ғи­маратты Қазақстан тарапына беру туралы ше­шім қабылданады. Осылайша, заманауи ғимаратқа қосымша қаржы көздері қара­лып, облыстық медициналық орталықтың филиалы ретінде пайдалануға берілген. 

«Бүгінде орталық филиалында Бай­қоңыр қаласы мен Төретам кенті, Ақай елді мекендерінен тіркеуде тұрған 6 мыңға жуық диспансерлік науқас бар. Емдеу мекемесі 170 орынға негізделген. Ауруханада балалар бөлімі, хирургия, оңалту, күндізгі стационар сияқты бөлімшелер жұмыс істейді. Пер­зентхана бойынша екіжақты келісім не­гізінде босанатын әйелдерді Ресей ауру­ханасына жіберіп отырамыз. Ем алу бо­йынша Қызылорда қаласына жолдама береміз. Жалпы, елімізде медициналық көмек аясы кеңейіп келеді. Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда да емдеуге толық мүмкіндік бар. Дәрі-дәрмекке де тапшылық сезілмейді. Тек орталық филиалында дәрігер жетіспеушілігі қиындық туғызып тұр. Жедел жәрдем қызметі де Ресей тара­пынан бірлесіп атқарылып келеді. Бұл мәселе рет-ретімен шешімін табады деп ойлаймын. Сондай-ақ МРТ, томография сияқты кейбір медициналық жабдықтарға да мұқтаждық бар. Алайда науқастарды көршілес Қазалы ауданы мен Қызылорда қаласына арнайы жолдамамен жіберіп отырамыз», – дейді бас дәрігердің орын­басары Жұмақыз Баймұхамбетова.

Жалпы, медициналық орталық филиа­лында емделіп жатқандар қатарында Байқоңыр қаласымен бірге Төретам кенті мен Ақай ауылының халқы да бар. Дертіне шипа іздеп келген жандардан медициналық көмектің сапасын сұрап көрдік.

«Өзім 3-топ мүгедектігін алған жанмын. 2021 жылы алғаш рет инфаркт алып, ауру­ханаға түстім. Содан бері жыл сайын жа­тып, ем алып тұрамын. Медициналық кө­мек сапасына көңілім толады. Ешқандай шағым жоқ. Дәрігерлер қолдан келген кө­ме­гін аянып қалған емес», – дейді Бай­қоңыр қаласының тұрғыны Сәбит Баймұратов.

Бүгінде жұлдызды қалашықта Ресей аза­маттығын алып, тұрғылықты мекенжайы бойынша қазақстандық емдеу мекемесінен ем алуға да мүмкіндік қарастырылған. Сондай жанның бірі – Бибісара Бисенова аурухананың оңалту бөлімінде тұрақты түрде ем алып тұрады. Әрдайым дәрігер­лер­дің бақылауында тұрған ол медициналық көмек сапасын жоғары бағалайтынын айтты.

Қазір байқоңырлықтардың бас ауруына айналған негізгі мәселенің бірі – Ресей тарапынан зейнетақы алатын тұрғындардың еліміздің емдеу мекемелеріне емделуі үшін медициналық сақтандыру жүйесінің ен­гізілмеуі болып тұр. Соған орай екі елдің ден­саулық сақтау саласы бойынша ми­нистрлері байқоңырлық 4 мыңға жуық зей­неткердің емдеу мекемелерінен тегін мели­циналық көмек алуына мүмкіндік жасау мәселесін реттеп жатыр. Бұл мәселе жақын арада шешімін табады деп күтіліп отыр. Кешеннің арнаулы өкілі Қайрат Нұртай бізге осындай ақжолтай жаңалығын жеткізді. 

Білім сапасын арттыруға бетбұрыс

Қазір қаладағы қазақ азаматтарының үлесі 70 пайызға жеткен. Алғашқыда келі­сімшарт негізінде бұл өңірде қазақ мектебі мүлде болмаған.

Жұлдызды қалашықта алғаш қазақ мектебі болып ашылған білім ошағының бірі – №277 мектеп-лицей. Қызылорда облыстық Білім басқармасына қарасты 1 200 орындық бұл мектептің үздіксіз жұмыс істеп тұрғанына 10 жылға жуық­тапты. Мектеп директоры балаларға сапа­лы білім алуға барлық жағдай жасалып отырғанын алға тартады.

«Мектеп 2015 жылы Қазақстанның білім беру стандартына ауысты. Оған дейін Ресей стандартымен білім алатынбыз. Бүгінде мектебімізде 1 351 оқушы таза қазақ тілінде білім алады. Сондай-ақ мектепалды даярлық тобымызда 26 бала тәрбиеленуде. Материалдық-техникалық базамыз ке­ңейді. Оқулықпен қамту ісінде де мәселе жоқ», – дейді мектеп директоры Жұмагүл Тілеуғабылова.

Бұл білім ошағы 2019 жылы «Үздік білім беру ұйымы» конкурсына қатысып, 17 млн теңге ұтып алған. Осы қаражатқа мектепке қажетті құрал-жабдықтар алынып, мате­риалдық-техникалық базасын жаңартуға ықпал болыпты. Соның ішінде интернетке қолжетімділік артып, панель теледидарлар іске қосылған. Мектепте 61 сынып кешені бар.

Негізінен, ғарышты қалашықта 5 қа­зақтілді білім ұясы мен балабақша болса, оның барлығы да заман көшінен қалмай, сапалы білім, саналы тәрбие беруге жұмыс жүргізіп келеді екен. 

«Ертеректе жұлдызды қалашықтағы 

12 мек­тептің барлығы Ресей Федерациясына тиесілі болды. 2015 жылдан бастап бөлініс кезеңі қарқын алып, аралас білім алуға қол жеткізілді. Бүгінде ғарышты қалашықта 5 мектеп Қазақстан меншігіне өтіп, толық қазақша білім беру стандартына көшірілді. Бұл білім ұйымдары Қармақшы ауданының білім бөліміне қарайды. Бұған дейін жоғары сынып оқитын балалардың оқу орнына түсуі қиындық туғызды. Себебі сол кездері Ресейдің білім беру стандартына сәйкес, көптеген мектепте қазақ тілі мен Қазақстан тарихы пәні оқытылмайтын еді. Бұл мәселе уақыт өте келе екіжақты үкіметаралық комиссияда қаралып, бір шешімге келдік. Яғни, Ресей меншігіндегі білім ошақ­та­рында аталмыш пәндерді оқимын деген балаларға қосымша немесе толықтай сабақ негізінде мүмкіндік жасалатын болды. Соның аясында өткен жылы Ресей мен­шігіндегі бір мектепке қазақ пәндері ен­гізілсе, биыл қалған 6 мектепке де осы оқу пәндерін енгізу бойынша жұмыстар жүр­гізіліп жатыр», – деп түсіндірді бұл жөнінде Қайрат Нұртай.

Тағы бір айта кететін мәселе, Ресей мен­шігіне қарасты 7 мектеп пен балабақ­шаны 28 адам басқарса, қазақстандық 5 мектеп пен балабақшаны Қармақшы аудандық білім бөлімі тарапынан 2 сектор маманы қадағалайды. 

Кәсіп ашуға не кедергі?

1994 жылдың аяқ жағында жасалған арнайы келісімшартта Қазақстан аумағын­дағы Байқоңыр қаласының ішінде тек Ресей мемлекетінің салық заңнамасына сәйкес жұмыс атқарылуы тиіс деп көрсе­тілген. Яғни, қазақстандық бір кәсіпкер Байқоңыр қаласына кіріп, кәсіппен айна­лысу үшін Ресей салық органдарына тір­келуге міндеттеледі. Соған сәйкес, барлық салығын осы мемлекетке төлеу талап етіледі. 

«Осы орайда салыстырмалы түрде Ре­сей мемлекетінің салығы біздікінен әлде­қайда жоғары екенін айта кету керек. Себебі жабық қалаға тек Қазақстанның тауарлары келеді. Сондықтан Байқоңырға кіргізілген тауар шетелден экспортталған тауар ретінде тіркеледі. Бұл бірінші кезекте кәсіпкерлерге біршама қиындық туғызады. Соған орай қалаішілік дүкендердегі заттың бағалары көршілес Төретам, Қармақшы ауданымен салыстырғанда 30 пайызға дейін жоғары сатылады. Сол себепті жабық қала­шықтағы Қазақстан және Ресей азаматта­рының өздері азық-түліктерін қала іргесін­дегі қазақ ауылдарынан тасымалдауға мәжбүр», – дейді кешеннің арнаулы өкілі.

Осы мәселеге орай қазақстандық кәсіп­керлердің Қазақстанның салық заңнама­сына сәйкес Байқоңыр қаласында жұмыс істеуіне мүмкіндік арттыруға байланысты екіжақты келісімге өзгеріс енгізу қарас­тырылып жатқанын алға тартты. 

Жұлдызды қалашықта Ресей мен­шігінен Қазақстан тарапына қайтарылып жатқан ғимараттар қатары да артып келеді. Негізінен, қалада 351 тұрғын үй бар. Соның ішінде 80-жылдары салынған, күрделі жөндеу көрмеген үйлерді күтіп-ұстау көрші мемлекет тарапынан қиындық туғызып келеді. Соған орай бұл ғимараттарды жал­дан шығару механизмі қарастырылып, өз меншігімізге өткен үйлерді жөндеу жұмыс­тарына қажетті қаражаттары сараланып жатса керек. Қазір Ресейдің меншігінде бол­ған бір қонақүй Қазақстанға беріліп, ин­вестор арқылы қайта жөндеуден өткізі­ліп, ел игілігіне ұсынылып отыр. Сонымен қатар Гагарин ұшқан алаң біраз жылдан бері пайдаланылмай тұр. Соны Қазақстан меншігіне алып, аспан астындағы ашық музей жасау көзделіп отыр. Бүгінде Ресей тарапынан аталмыш алаңды жалдан шы­ғарып беру бойынша келісімге келіп отырса керек. 

Ленин бар, Абай жоқ

Жұлдызды қалашықта Кеңес дәуірінен сыр шертетін орын аз емес. КСРО заманын көзбен көргісі келген әрбір адам Байқоңыр қаласына бас сұқса жетіп жатыр. 

Іссапар барысында ғарышты аймақтың орталық алаңына аялдадық. Көркі қашқан алаңның жолдары жабырқау тартып, сұрықсыз күйде тұр. Талай жылдан бері жөндеу көрмегені байқалады. Сонау кеңес кезеңінде төселген тасжол сол күйі жатыр. Жергілікті жұртшылық Ресей меншігіндегі алаңға әлі күнге дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін алға тартты. Ал Қазақстан тарапынан оны қайта жаңғыртуға рұқсат етілмейді. 

Орталық алаңдағы Лениннің еңселі тас мүсіні алыстан менмұндалап, ерекше көзге түседі. Кеңестік заманда кез келген қала мен ауылдан табылатын мұндай ескерткішті бүгінде сирек те болса кезіктіру мүмкін емес. Тіпті, Ресейдің кейбір қаласында да коммунистің мүсінін әлдеқашан тұғырдан түсіргені белгілі. Ал еліміз бойынша жұл­дызды қалашықта ғана Лениннің мүсіні өз маңызын жоймаған секілді. 

Бір кездері Гагариннің ғарыш кеңісті­гіне самғаған «Союз» зымыранының түп­нұсқасы да осы Байқоңыр қаласының ор­талық көшесіне қойылыпты. Алпауыт зымыран құрылғысы алғаш көрген жанды ерекше күйге бөлейді. Осы секілді ірілі-ұсақты зымырандардың түпнұсқалары мен макеттерін жұлдызды қалашықтың көше­лерінен жиі кездестіруге болады. 

Қала тұрғындарынан елдігімізді ай­шық­тайтын еңселі ескерткіштер төңіре­гінде сұрадық. Ұлы Абайдың мүсіні бар екенін естідік. Мүсін орнатылған аймаққа асығыс бардық. 

Алақандай ғана аумаққа ұлы ақынның шағын ғана бюсті қойылыпты. Бюсттің алдына кітап пішінді ескерткіш тақта ор­натылып, оған ақынның өлеңі екі тілде жазылған. Осы жерде Лениннің тас мүсіні секілді қазақ ақынына да бір еңселі ескерт­кіштің бұйырмағаны көмескі ойға жетеледі.

Есесіне бюст орналасқан көшенің қиылысына ақынның үлкен бильборды ілініпті. Айналасы жасыл шөппен көм­керілген. Халықтың айтуынша, бильборд­тың төңірегіне жаз мезгілінде қазақ жас­тары жиі шоғырланып, көк шөптің үстінде демалып отырады екен. 

Негізінен, Байқоңыр қаласында туризм саласын дамытуға мүмкіндік зор. Бұл жайында бұған дейін де айтылып жүр. Бірақ жалға алынған қалаға турист тарту былай тұрсын, кез келген адамның емін-еркін кіріп шығуына тыйым салынған. Алайда өкілдік тарапынан бұл мәселе жыл аяғына дейін оңтайлы шешімін табатынын айтып, ақжолтай жаңалығымен бөлісті. 

«Сонымен қатар жабық қалашыққа кіріп-шығу мәселесі де назардан тыс қалған емес. Бұған дейін жұлдызды қалашыққа жұмыс істейтін азаматтар мен ұшу зымы­рандарының кіргізілуі ғана заңмен шектел­меген. Құпия әскери-ғарыштық қалашық болғандықтан, өзге адамдарға кіріп-шығу қиындық туғызатын. Соған орай бүгінде Байқоңырды еліміздегі өзге қалалар секілді ашық қалашыққа айналдыру бағытында екіжақты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұған дейін арнайы рұқсат беру бөлімі ар­қылы қалаға кіру үшін 10 күнге құжат да­йындалатын. Оған белгілі бір уақыт қажет еді. Соған өзгеріс енгізу бойынша тапсырма берілді. Осыған орай пилоттық жоба ретінде 1 желтоқсаннан бастап кіреберіске бір маманды отырғызып, рұқсатнама беру ісін жедел шешуге жол ашатын боламыз. Осы арқылы ұзақ жолға шыққан жолаушы­лардың қалаға жедел кіріп, ғарыш айлағын көріп, демалып, тамақтанып шығуына мүм­кіндігін арттыру жоспарланып отыр», – дейді арнаулы өкіл.

Жалпы, қалаға іргеде өтіп жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолы­ның да экономикалық ықпалы зор. Бұл жолмен күніне 10 мыңнан астам көлік өте­ді. Соған сәйкес пилоттық жобаны іске асыру арқылы туризм саласының дамуына мүмкіндік артады деп есептейтінін алға тартты. Сондай-ақ кіріп-шығуды жеңілдету арқылы қала экономикасын жаңа қырынан дамытуға жол ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. 

Халық әкімді шақырады

Жұлдызды қалашықта өзекті мәселелер рет-ретімен шешіліп жатыр. Дегенмен әлі де түйіні тарқатылмаған түйткілдер жоқ емес. Жергілікті жұртшылық тұрғын үй, денсаулық саласы мен коммуналдық тө­лемдер төңірегінде мәселелер әлі де бар екенін алға тартты. 

«Қалада иесіз тұрғын үй көп. Негізінен, тұрғын үйлер халыққа жалдық сипатта беріледі. Қанша жылдан бері баспананы жекешелендіру мәселесі көтерілгенімен, еш нәтиже болмады. Жұмыссыздық та жайлап тұр. Екі қолға бір күрек табу қиын болып кетті. Өйткені қалада жұмыспен қам­ту орталығы жоқ. Халық Қармақшы ауда­ны орталығына қарайды. Соның сал­дарынан халықты жұмыспен қамту мәселесі кенжелеп тұр. Жалпы, бұл аумақта Төретам мен Ақай елді мекенін қосқанда 120 мыңдай халық бар. Соның ішінде Төре­тамда ем алатын аурухана жоқ. Ал Ақай елді мекенінде 10 орынға ғана лайықталған емдеу орны жұмыс істейді. Сондықтан ха­лық Байқоңыр қаласына келуге мәжбүр. Бұл емдеу мекемесінде орын тапшылығы сезіледі. Оның жанында кеңес кезеңінен қалған госпиталь бар. Ресей иелігіндегі бұл аурухананың тең жартысы бос тұр. Оған халықтың ем алуына рұқсат етілмейді. Сол сияқты қаладағы екі қабаттан тұратын балалар ауруханасының ғимараты бос тұр. Бірақ ол да Байқоңыр тұрғындарына пайдалануға берілмейді», – деп мұңын шақты қала тұрғыны Кеңшілік Күзенбаев. 

Оның айтуынша, қымбатшылық қамытын киген байқоңырлықтар жұмыс пен сапалы медициналық көмекке зәру. Сол себепті де жабық қаладан жұмыспен қамту орталығын ашып, халыққа жайлы жағдай жасалса деген талабын жеткізді. 

«1982 жылдан бері осы қалада жұмыс істедім. Қазір Ресей заңымен зейнеткерлікке шықтым. Зейнетақым Ресей валютасымен төленеді. Бірақ мөлшері өте аз. Ал қалада коммуналдық қызмет пен басқа төлем­дердің бағасы аспандап тұр. Азық-түлікті іргедегі Төретам кентінен тасымалдаймыз. Жабық қалада заттар қымбат. Сондай-ақ жалдап тұрып жатқан баспанамыздың сапасы сын көтермейді. Кіреберіске құзы­ретті мекеме тарапынан тазалық жұмыстары жүргізілмейді. Бірақ ай сайын белгіленген мөлшерде ақша төлеп отырмыз. Жалпы, ғарышты қалашықта заңсыздықтар көп», – деп ашынады тағы бір тұрғын Күләш Сейілбаева.

Ашынған халық аймақ басшысынан қолдау күтетінін ортаға салды. Облыс әкімі іргедегі қазақ ауылдарға талай мәрте жұмыс сапарымен келсе де, Байқоңырға ат ізін салмағанын айтады. Басты талаптары – Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Байқоңырға арнайы келіп, ха­лықпен кездесіп, мән-жайды көзбен көрсе дейді.

 

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН: 

90-жылдары Байқоңыр тікелей Мәс­кеуден қамтамасыз етіліп келді. Сол уақытта жабық қалашықта еліміздің өзге облыста­рында жоқ өнеркәсіп тауарлары, азық-түліктер мен киім-кешек­тер болатын. Уақыт өте келе қалашықта елі­міздің үлесі де өсіп келе жатқаны байқа­лады. Алайда қаланы жұмыссыздық жай­лап, қымбатшы­лық қыс­паққа алғаны халықты шаршатып тұрғанға ұқсайды. Жабық қалашыққа барған сапары­мызда осыны аңғардық.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы