Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшерін жариялады, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
"Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 триллион 755,2 миллиард теңге сомасына зейнетақы төленген. Оның ішінде базалық зейнетақыға – 845,2 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақыға – 1 триллион 910 миллирад теңге бағытталған", – делінген хабарламада.
2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 миллион 320 мың адам.
"2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 873 теңге болды. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 980 теңге, базалық зейнетақы – 37 893теңге", – делінген хабарламада.
Естеріңізге салсақ, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакеті ұсынған болатын. Сондай-ақ кезең-кезеңімен, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-дан 70%-ға дейін, ең жоғары тиісінше 100%-дан 120%-ға дейін жеткізу көзделеді. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін көтеріледі. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13%-ға жетті.