«Енді «Аристондар қаласы» болмайды»: Марат Ахметжанов Көкшетауда ЖЭС қашан салынатынын айтты

Жиын кезінде облыс әкімі өңірдің осы жылдың 10 айында әлеуметтік-экономикалық дамуына қорытынды жасады.

Бүгін «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының алғашқы Ақмола облыстық форумы өтті. Форум барысында депутаттық фракциялардың қызметін жандандыру, мәслихат депутаттары мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалог мәселелері талқыланды.  Жиын кезінде облыс әкімі өңірдің осы жылдың 10 айында әлеуметтік-экономикалық дамуына қорытынды жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Форум барысында жылдар бойы халықтың ащы жанайқайы болған бірталай өткір мәселеге сең қозғалғаны байқалды. Жол картасының жүзеге асырылуына талдау жасалып, партиялық жобалардың жүзеге асырылуы баяндалды. Атап айтқанда облыстың экономика, әлеуметтік қорғау, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, туризм, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, экология және табиғи ресурстар бағытындағы оң өзгерістер мен өткір жайттар талқыға салынды.  Сондай-ақ білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және жастар мәселесі де назардан тыс қалмады. 

Өңір басшысы көкшетаулықтарды жылдар бойы толғандырған ЖЭО-ның енді салынатынын ерекше атап өтті. Өйткені, Көкшетау – еліміздегі ЖЭС жоқ жалғыз облыс орталығы. Жаңа ЖЭО-ы Көкшетауда қала тұрғындарының электр энергиясына шығындарын айтарлықтай төмендетуі тиіс. 

– Бұл көкшетаулықтар аса ұзақ күткен жоба. Көкшетау күні бүгінге дейін елдегі жылу электр стансасы жоқ жалғыз облыс орталығы болып отыр. Сондықтан да қаланы ел арасында «Аристондар қаласы» деп атап кеткен. Біз қазір меморандум жасастық. Жауапты орган – Энергетика министрлігі. Бірақ біз бәрін де толықтай бақылап отырмыз. Күні кеше ғана Энергетика министрі қалада құрылыс салатын мердігерлермен кездесті. Қазіргі уақытта ЖЭО сараптамадан өтіп аяқталу кезеңінде. Бұл облыс орталығында жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде қала халқы жазғы уақыттың өзінде аристонмен өте үлкен мөлшерде электр энергиясын тұтынады. Біз мұны тіпті есептеп көрдік, – дейді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов. 

Сонымен қатар өңір басшысы Көкшетау қаласында салынатын жылу электр стансасының электр энергиясының да қаржылық шығындарын төмендететінін атап өтті. 

– ЖЭС қаланың одан әрі дамуына ықпал етеді. Бізде өздеріңіз білетіндей қуаты сағатына 300 гигаколориялық РК-1 және РК-2 жылу қазандықтары  жұмыс істейді. Алайда олар қаланы тиісті түрде жылумен қамтамасыз ете алмай тұр. Қалада ірі құрылыстар салу қаланы кеңейту мүмкін емес. Өйткені жылу тапшы болмақ. Сондықтан сағатына 500 гигаколорияға шақталған ЖЭС құрылысын салу қаладағы жылу тапшылығын жояды. Сонымен қатар қазіргі уақытта автономды генерациямен жұмыс істейтін қаланың басқа да жылу нысандары қосылады. Әрине бұл құрылыс қаланың дамуына тың серпін бермек, – деп толықтырды облыс әкімі. 

Облыс әкімінің айтуынша жаңа ЖЭС барлық халықаралық стандарт талаптарына сай салынатын болады. Сондай-ақ зиянды қалдықтарды шығару көлемі де барынша азайтылады. Болжамдар бойынша зиянды қалдықтар қазіргі жылу қазандықтарына қарағанда екі еседен астам төмен болмақ. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы