«Бауырларымның балаларына қарадым»: Елена Әбдіхалықова өмірі туралы айтты

Өнер иесінің сөзіне қарағанда, ол ата-анасының оныншы перзенті екен.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Елена Әбдіхалықова "Алғашқы" бағдарламасына сұхбат беріп, өміріне қатысты сауалдарға жауап қатты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Әншінің әпкесі Тания Әбдіхалықованың сөзінше, анасы көзі тірісінде Еленаның тұрмыс құрып, шаңырақ көтергенін армандап кеткен. Алайда әншінің бауырлары бірінен кейін бірі қайтыс болып, олардың балаларына әншінің өзі қамқор болған.

"Бауырлары бірінен кейін бірі қайтыс болып, солардың ұл-қызын асырау үшін өзін екінші орынға қойды ма деп ойлаймын. Өзін ұмытып кетті. Анам да армандап кетті. "Қалауыңды тап" деп бірнеше рет айтты. Елена "Менің жан-дүниемді түсінбейді" деп айтты", – деді әншінің әпкесі Тания Әбдіхалықова.

Ал өнер иесі осы уақытқа дейін өмірден өткен бауырларының балаларына қамқор болғанын жеткізді.

"Үйдің оныншы перзентімін. Анамның арманын неге орындай алмай жүргенімді Құдайдан сұрау керек шығар. Адамның басы – Алланың добы. Бәрін Құдай қосады. Бауырларымның бәрі менің балаларым. Құжат түрінде болмағанымен, менің оншақты балам бар. Мен осындай танымал бола тұра, бауырларымның балаларына көз қырымды салмасам, тағдырына септігім тимесе, менің әдемі көйлек киіп, сахнада жүргенім кімге керек? Артымда қара ормандай боп, бауырларымның балалары тұр", – деді әнші.