Мұрат Ергешбаев: Салық кодексіне енген өзгеріс көп

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеше еліміздің Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге қол қойды. Осы өзгертулер мен толықтырулардың артықшылықтары мен ерекшеліктері туралы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Мұрат Ергешбаевтан сұраған едік.

– Мұрат Нәлқожаұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексінің бірнеше бабына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға қол қойғаны белгілі.  Жалпы,  бұл шешімнің ең алдымен қарапайым халық  үшін тиімді тұсы қандай болмақ? 

– Әрине, қол қойылған құжат осыған дейін біршама уақыт зерделеніп, зерттеліп, әбден пысықталды деп айтсам болады. Себебі Мемлекет басшысы үнемі әр жердегі жиындар мен кездесулерінде халықтың тұрмысын оңалту мен отандық өндіріске пәрмен беру мәселесін айтып жүрді. Бұл дегеніміз – Президент халықтың дәл осы салық пен қаржы мәселесіне келгенде үлкен түйткілді тұсының барын нақты білді дегенді айқындайды. Нәтижесінде, 2023 жылғы 29 маусымда Парламент Мәжілісіне заң жобасы енгізілді.

Заң жобасын Парламент депутаттары әзірлеп қана қоймай, Мем­лекет басшысының жекелеген тапсырмаларының, оның ішін­­­­де 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде айтылған тапсырмалардың орындалуын  заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етілуін және салық заңнамасының кейбір нормаларын оңтайландыру мен  нақ­ты­лауға бағытталды. 

–Қол қойылған заңда бірнеше тар­­мақтың бары рас. Дегенмен халықтың өкілі ретінде жұрттың ойы­нан шығатын және елдің тамырын дәл басып отырғандарына тоқталсаңыз. 

– Алдағы 2024 жылдан бастап Ұлттық қор инвестициялық табысының 50 пайызы балаларға бөлінетіні белгілі. Жаңа Салық кодек­сі­не сәйкес, балаларға деп  бөліне­тін қаражат жеке тұлғаның табысы ре­тінде саналмайды. Осыған сәйкес, бұл қаржыға салық салынбайды. Келесі бір жаңалық, халықтың не­сие жүктемесін азайту мақ­сатын­да 232-баптың 5-тармағы қосымша тармақшамен толықтырылып отыр. Мұндағы 250-бабының 6-тармағына сәйкес, микрокредиттік ұйымдар бойынша үміт­сіз деп танылған борышкерлер алдында микроқаржы ұйымдарын салықтан босату арқылы мәселені оң­тайлы шешу қарастырылмақ. Осылайша, микроқаржы ұйымдарының жеке тұлғалардың қарыз­дары бойынша берешектерін есеп­тен шығаруға (кешіруге) бай­ла­нысты кірістеріне салық салудан уақытша (үш жылға) босату көз­деліп отыр. Одан бөлек, Қазақ­стан  аумағында меншік құқығындағы тұрақ орнын меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан астам өткізу кезінде құн өсімінен түскен кірісті жеке тұлғаның кірісі ретінде қарастырмау.

– Мемлекет басшысы ел аума­ғын­дағы бизнес саласына қолдау көр­сету туралы үнемі айтып жүр. Ша­ғын кәсіпкерлікке және БАЖ са­лығына байланысты да оң өзгеріс­тер туралы баяндап өтсеңіз.  

– Арнайы экономикалық және ин­дустриялық аймақтардың қатысушылары мен басқарушы компанияларына санаттар бойынша белгілі бір мерзімге салық жеңіл­дік­терін беру көзделіп отыр. Еліміз бойынша 14 экономикалық аймақты дамытуға байланысты инвестиция тарту қажет. Бұл тұрғыда келу­ші кәсіпорындарды салықтан босату салықты және жеңілдету қарастырылған. Мысалы, (А санаты – 7 жыл бойы, В санаты – 15 жыл бойы, С са­­­наты – 25 жыл бойы); Одан бөлек,  шыны ыдыстарды жинаумен және қабылдаумен айналысатын шағын бизнес субъектілеріне арнаулы салық ре­жимін қолдануға рұқсат беру. Бұ­дан бөлек, мемлекеттік БАЖ са­лығынан босату туралы да оң­тай­лы шешімдер болмақ. Атап ай­тар болсақ, шағын кәсіпкерлік су­­бъектлері мен жеке тұлғалар сот про­цесі жағдайында міндеттелетін атал­­мыш салық түрін төлеуге кел­ген­де қиындықтар туындап жатады. Шындығында, бұл да  біршама салмақ. Жаңа құжатта салықтан босату мен бір жылға шегеру жолдары да көзделіп отыр. 

Тағы бір айта кететіні, құмар ойындарды ұйымдастыру немесе бәс тігу болып табылатын заңды тұлғаға қатысты құпия шоттардағы ақша қалдықтары мен қаржының қозғалысы туралы мәліметтерді салық органының сұрау салуы ар­қылы мәліметті алған күннен бас­тап он жұмыс күні ішінде табыс кө­зі етіп санау міндеті енгізілмек. 

– Меншік  құқығына байланыс­ты енгізілген өзгерістер шетелдерден кіргізіліп жатқан көлік құралдарына байланысты болып отыр ма? 

– Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы тұрақ орнын меншік құқығы тір­келген күннен бастап бір жылдан астам уақытта өткізу кезінде құн өсімінен түскен кірісті жеке тұлғаның кірісі ретінде қарастырмау, сондай-ақ жеке тұлғаның құн өсімінен түсетін кірісті айқындаған кезде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағынан әке­лінген механикалық көлік құ­ра­лын немесе тіркемені сатып алу бағасына (құнына), ол өткізілген жағдайда оның ішінде кедендік жә­не кәдеге жарату төлемдерін қо­су көзделген. Бұл көлік иелері үшін біршама жеңілдік болары сөзсіз. 

Қол қойылған құжат 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды   күшіне енеді. 

Бердібек ҚАБАЙ