«Капитан Байтасов», «Алан туралы аңыз», «Игроманка»: биыл питчингтен ұтқан фильмдер не туралы?

Биыл конкурстан өткен 19 киножобаның түсіріліміне дайындық басталды.

Биыл конкурстан өткен 19 киножобаның түсіріліміне дайындық басталды. Олардың қатарында 2011 жылы Таразда лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасов туралы «Капитан Байтасов» фильмі бар. Авторлар бұл туынды арқылы ел тыныштығын қорғау жолында өмірін қиған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің батылдығын дәріптемек. Ал «Алан туралы аңыз» анимациялық фильмі балаларды Отанды сүюге, достыққа адал болуға және мейірімділікке шақырады. Қазіргі қоғамның дертіне айналған лудомания тақырыбын қозғайтын «Игроманка» жобасы да көрерменге ұсынылады. «Қайрат» фильмі жастардың салауатты өмір салтын ұстануға және спортқа деген құлшынысын оятады.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали питчингтен өткен киножоба авторларымен кездесті. Ол шығармашылық топ өкілдерін бөлінген қаражатты мақсатты жұмсап, сапалы туынды түсіруге шақырды. Әрі орталық мамандары тарапынан барлық жоба алғашқы күннен, яғни «тарелка сындырудан» бастап, премьераға дейін бақылауда болатынын ескертті.

«Кино – жай ғана өнер емес, қоғамның ұлттық идеологиясын қалыптастыратын мықты құрал. Сондықтан  әр жобаның ұлттық идеологияға сай болуын  қадағалаймыз. Жаңа туындыларда ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал ететін,  көрерменге ой салатын идеялар дәріптелетін болады», – деді Құрманбек Жұмағали.