Ақмола облысында үш адам тірідей өртке оранды

Қостанай – Әулиекөл – Сурған автожолындағы Ковыльное ауылының тұсында үлкен көлік апаты болды.

Сол сәтте Ақмола облысындағы Есіл ауданының полициясына жедел жәрдем диспетчерінен автожолдың 244 шақырымында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы шақыру түскен, - деп жазды Aikyn.kz.

Қостанай облысының Октябрьское кентіне бара жатқан Audi-100 көлігінің артынан ВАЗ-21014 автокөлігі соққан. Салдарынан Audi-100 көлігі қарсы жолаққа түсіп кетіп, Volvo жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Содан соң, көлік кюветке аударылып, отқа оранған. 

“Audi-100 жүргізушісі оқиға орнында алған жарақаттарынан қайтыс болды. Ал сол көліктің жолаушылары (әйел, үш айлық сәби және бесінші сынып оқушысы) өртеніп кетті”, – делінген хабарламада.

Қайтыс болған жолаушылардың жеке басы және оқиғаның мән-жайы анықталуда. Осы жағдай бойынша ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы).