Юта штатында тұратын Алисаның шын есімі – Ләззат. Қарағандыда дүниеге келген қазақ қызды америкалық отбасы асырап алған, – деп хабарлайды Aikyn.kz El.kz-ке сілтеме жасап.
4 жасқа дейін балалар үйінде тәрбиеленіп, қазақы ортада танымы қалыптасқан бүлдіршінді Америкаға алып кетеді. Ләззат отанымнан айырылған соң басынан көп қиындық өткенін жасырмады.
"Өзімнің кім екенімді түсінбей өстім, мен кіммін деген сұрақты көп қойдым. Тұманның ішінде жүргендей көріндім. Мені асырап алғандар бір нәрсені қайталай беретін. Жетімдер үйінде қалғаныңда ішкенің ірің, жегенің желін болатын еді дегенді қайталай беретін. Қазақстанда тұрсаң өмірің нашар болатын дейтін. Өз елімнен, мәдениетімнен жұлынып қалғандағы күйімді сезіндірмеді. Сөзбен аямай сабады", – дейді Ләззат «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасына берген сұхбатында.
Ауыр сынақты кешіп, жақын деген жандарынан қолдау таппаған Ләззат қамқорлықты басқалай сезінуге тырысқан. Қазір Ләззаттың 2 жасар ұлы бар.
"Бір жігітпен кездесіп жүргем, арамызда қатты сезім де болмады. Бірде бар, бірде жоқ болып кететін. Сөйтіп жүргенде қалай бала көтеріп қалғанымды білмедім", – дейді ол.
Ләззаттың бойына біткен бала да араларындағы сезімді оятпапты. Америкалық жігіт өз жөнімен кеткен екен. Ләззат өз өмірін реттей алмай жүргенде баланың өмірін құртып аламын деп ойлап, баласын ашық түрде асырап алатын отбасыға беріпті. 2 жастағы ұлының ата-анасы қазір оны биологиялық анасымен жиі кездестіріп тұратын көрінеді.
Ләззат өзін кішкентайынан өсірген адамдардан психологиялық қысым көрген.
"Мені бағып алған кісілер миыма бір нәрсені құя беретін. "Біз асырап алғандықтан ғана сен жақсы өмір сүріп жатырсың, жетімдер үйінде қалсаң ішкенің ірің, жегенің желім болатын", деп қайталап айта беретін. "Қазақстанда тұрсаң өмірің өте нашар болатын еді", дейтін. Ана тілімнен, төл мәдениетімнен, туған жерімнен жұлынып кеткендегі күйінішті сезінуге мүмкіндік бермейтін. Басып тастайтын. Ойымды өзгертуге тырысатын. Ұрып-соққан жоқ, қол көтерген жоқ, бірақ сөзбен аямай сабады. Ауыр сөзбен-ақ жанымды тілгілеп жаралағандарын өздері де түсінбеген шығар. Олар маған эмоциялық тұрғыдан зорлық-зомбылық жасады. Сезімдерімнің құнын түсірді, қорлады. Олардың түсінігінде "осыған да қайғыра ма екен" деген кекесін болды. Менің басымнан өтіп жатқан дүниені маңызды деп есептемей, түкке тұрғысыз қылды", – деді Ләззат сұхбатында.