Қандалаға қарсы у шашқан Ақтау тұрғыны сотталды

Ақтауда пәтерін қандала басқан тұрғын зиянкеске қарсы у шашқан.

Қандалаға қарсы шашқан дәріден көршілері уланып, көз жұмды. Бұл туралы Aikyn.kz mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

48 жастағы Ақтау тұрғыны былтыр 21 қазанда пәтеріне қандалаға қарсы у шашқан. Кейін химиялық препараттан бөлінген аммиак жоғары қабаттағы пәтерге тарап, тұрғындар уланып, 10 айлық және 2 жасар бала көз жұмды. Мамандар дезинфекция жасалған пәтер ішінен 39 химиялық таблетка тапқан еді.

1976 жылы туған пәтер иесі кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Сотталушы бұрын сотталмаған. Судья пәтер иесін 304-бабы 3-бөлігі, яғни «Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекеті» үшін соттады.

«Қылмыстық процестік кодексінің 382, 387, 390, 392, 393, 395, 398, 401, 402, 404-бабын басшылыққа алып сот үкім етті. ҚК 304-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, осы бап бойынша 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын ҚК 46-бабы 5-бөлігі 1-тармағына сәйкес қылмыстық атқару жүйесі барынша төмен мекемеде өтеу белгіленсін. Бұлтартпау шарасы ретінде қолданылған үй қамақ бұзылсын. Сот залынан қамауға алынсын. Жаза өтеу мерзімі үкім жарияланған күннен, яғни 18 қаңтар 2024 жылдан бастап есептелсін. Жәбірленушілердің өтемақы қорының пайдасына 51 750 теңге өндірілсін. Процестік шығын мемлекет пайдасына 1 839 565 теңге өндірілсін. Үкім жарияланған күннен бастап 15 тәулік ішінде апелляциялық шағым түсіруге құқылы», – деді Ақтау қалалық сотының судьясы Ақмарал Хасенова. 

Бұған дейін Ақтау тұрғыны қандалаға қарсы у сеуіп, көршісінің екі баласы көз жұмғаны туралы жазған болатынбыз.