Өскемендік бойжеткен танысынан 6 миллион теңге талап еткен

Жедел уәкілдер оны ақша алу кезінде ұстады.

Өскеменде 26 жастағы бойжеткен таныс ер адамнан 6 млн теңге бопсалаған, - деп хабарлайды Aiqyn.kz.

Күдікті жәбірленушімен бұрын таныс болған және оның жеке басына қатысты ақпаратты таратамын деп қорқыту арқылы ақша бопсалаған. Амалы таусылған ер адам полицияға жүгінген.

"Бойжеткенді қаражаттың үштен бірінен аз сомасын алып жатқан жерінен Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері ұстады. Қазір аталған фактіге қатысты қорқытып алу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - делінген ШҚО Полиция департаментінің мәліметінде.

Қазіргі таңда күдікті бойжеткен қамауға алынған. Полицейлер барлық мән-жайды анықтап жатыр.