Полицейлер мұз ойылып, суға кеткен жасөспірімдерді құтқарды

Қызылорда облысында полицейлер мұз ойылып, суға кеткен 14-15 жастағы ұл мен қызды құтқарды.

Тәртіп сақшылары Сырдария өзенінің аумағын патрульдеу кезінде суға батып жатқан балаларды байқап қалған. Бұл туралы Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері Әділхан Молдағалиұлы мен Алтынбек Мейрамбекұлы суға батып бара жатқан жасөспірімдерді арқан арқылы құтқаруға бірден кіріседі. Оларды мұздай судан шығарған полицейлер жедел жәрдем шақырып, балаларды ата-анасына тапсырған.

Жасөспірімдер ойнап жүріп мұздың үстіне шыққан. Мұз олардың салмағын көтере алмай, бала суға құлап кеткен. Қыз оған көмектесуге тырысқанымен, ол да суға түсіп кетеді. 

Балалардың ата-анасы полицияға алғыс айтты.