Айтыс ұйымдастырушысы Жүрсін Ерман бірнеше күн бұрын 73 жасқа толды. Бірнеше жыл дерт меңдеген ақын "Таңшолпан" бағдарламасында, қазіргі денсаулығы жайлы айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz nur.kz-ке сілтеме жасап.
Бағдарлама мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда Жүрсін Ерман арбаны тастап, аяққа тұрған.
"Шетелге де, Астана мен Алматыға да барып емделдім. Алматыда "Жалын" деген зауыт бар екен. Тек Бақанастың күрішінің қауызынан капсула жасап шығарады екен. Тоғыз жыл зерттеп, дауа тапқан екен. Соның басшысына бір шал аян беріп, "Дәріңді Жүрсін Ерманға апарып бер. Соған ем болады" деп айтты деді де, әкеліп берді. Соны ішкелі қан қысымым түсіп, қан құрамынан қант азайып, аяғымды бастым. Таяғыма сүйеніп, ептеп жүремін. Қанша халық маған тілектес болып, саулығымды тіледі. Соның да бір әсері тиген шығар деп ойлаймын", – деді айтыс ұйымдастырушысы Жүрсін Ерман.
Естеріңізге сала кетейік, бірнеше жыл бұрын айтыс ұйымдастырушысы Жүрсін Ерманның жансақтау бөліміне түскені жайлы ақпарат тараған болатын. Кейінірек Жүрсін Ерманның қызы әкесінің жағдайы туралы баяндаған болатын.
Ардақ Жүрсінқызының айтуынша, ақынның денсаулығы жансақтау бөліміне түспес бұрын сыр берген. Себебі, Жүрсін Ерман оң аяғының тізесіндегі көк тамырға протез салдырған. Алайда протезді ағзасы қабылдамай, оның айналасы іріңдей бастаған. Артынша сол ірің қанға түсіп, ақынның дене қызуы көтерілгеннен талмасы ұстаған. Ол есінен танғаннан кейін бір күн ішінде тыныс алу аппаратына таңылады.
Сонымен қатар ақын өзінің Еуропаға емделуге кететіні жайлы ақпаратты да растаған болатын. Кейінірек Жүрсін Ерман Женева қаласынан оқырмандарына сурет жолдады.