ArtSport: БҚО-да 57 миллион теңге жымқырған шенеунік қамауға алынды

Ол сот санкциясымен қамауға алынды.

«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК директоры алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Антикорға сілтеме жасап.

 

Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК бұрынғы директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

«Тергеу деректері бойынша, күдікті 2021-2022 жылдары алдау арқылы жалпы сомасы 57 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған. Бұл қаражатты БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы «Artsport» бағдарламасы бойынша жан басына қаржыландыру шарты шеңберінде балаларды оқыту бойынша көрсетілетін қызметтерге «Ақжайық ФК» ЖШС-не бөлген», – делінген ведомство хабарламасында.

Сот санкциясымен ол қамауға алынды.

Қазіргі уақытта қалған адамдардың қылмысқа қатысы тексерілуде және жымқырудың қосымша эпизодтарын анықтау жұмыстары жалғасуда.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.