«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Қытай Коммунистік партиясының Орталық Комитеті жанындағы партия мектебінің Бірінші проректоры Се Чуньтаомен кездесіп, партияаралық диалогты дамыту, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты әріптестікті күшейту мәселелерін талқылады. Тараптар парламентаралық және партияаралық деңгейлерде ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.
Дәулет Кәрібек бүгінде екі елдің мемлекетаралық қатынасы тиімді дамып келе жатқанын атап өтті. Жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III Форумына қатысты. Ал өткен айда Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Хао Минцзинмен кездесті. Сондай-ақ, «AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы партияның қазіргі саяси күн тәртібі, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды реформаларын жүзеге асыру және партияны жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы ақпаратпен бөлісті.
ҚКП ОК жанындағы партия мектебінің Бірінші проректоры Се Чуньтао екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың тарихи және мәдени-гуманитарлық аспектісіне тоқталды. Ол Қытай Компартиясы мемлекеттер арасындағы тату көршілік қатынасты одан әрі нығайту мақсатында «AMANAT» партиясымен ынтымақтастықты күшейтуге ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар, іс-шараға қатысушылар партиялық оқыту мен партия кадрларын даярлауды дамыту саласындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Кездесу соңында тараптар партияаралық диалогты нығайтуға уағдаласып, екіжақты және халықаралық маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы және ҚКП ОК жанындағы партия мектебінің Бірінші проректоры осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізу қажет екенін алға тартты.