Өкініштісі, малдың жаппай қырылуына обадай жалмаған індет емес, кәдімгі аштық себеп болып отыр. Жылқыны ер қанаты деп ерекше қастерлеген елде болған мұндай топалаңға тұтас қоғам болып еш қайран қыла алмауымыз аса өкінішті. Көктемге дейін түгелдей қырылып, жүген ұстап қаламыз ба деген қауіп бар. Ел аумағында қанша жылқының қырылғанын жергілікті атқарушы билік пен құзырлы органдар да тап басып айта алмай отыр.
Қойын құрттап, айранын ұрттаған малды ауылдар мен жер емген диқан жұрттың қазіргі жағдайы аса қиын. Ала жаздай аптап ыстықта егін де, шөп те қурап, тіпті күйіп кеткен. Оның үстіне, күзгі толассыз жаңбыр астықты алқапты өңірлердің диқандарын да әбігерге түсіріп, салған дәні ылғал басып, көктеп кеткен.
«Жығылғанға жұдырық» болғандай, желтоқсанда жаңбыр жауып, қардың беті жалтырап, тұтас дала мұз құрсанған. Қысы-жазы далада еркін жайылатын жылқы малы тісіне ілігер шөп таппай, мұз боп қатқан даладан тебіндей алмай әбден қиналды. Биелер құлын тастап, көтерем болып жүдеген жүздеген жылқы қолға қараған. Қораға келгенімен беретін азық болмаған соң малымен күнелткен халықтан маза кеткен.
Ел бойынша құзырлы органдар қырылған жылқы санын нақты айта алмағанымен, бізге ондаған ауылдар-дан көмек сұрап, шағынған ағайынның айтқан деректері жан түршіктіреді. Әсіресе, Ақмола облысындағы жағдай қатты ушығып тұр. Өңірдің Зеренді, Бурабай, Степногор, Біржан сал, Ақкөл аудандарына қарасты ауылдарда жылқы тұтастай қолға қараған. Бұл онсыз да жем-шөбі тақырланып қалған тұрғындардың жағдайын одан сайын ушықтырып жіберген.
– Күн сайын жылқылар қырылып жатыр. Әр ауылдан кемінде 30-40-тан өліп жатыр. Жылқылар мұзда тебіндей алмайды. Жылқыларды жаятын жайылым жерлер де тапшы. Зеренді ауданына қарасты Дөңгілағаш, Абай, Васильков, Кеңащы, Қонысбай, Шағалалы, Ақадыр басқа да ондаған ауылдарда жағдай аса қиын. Көктемге дейін құрық ұстап қалуымыз да әбден мүмкін. Сондықтан биліктен көмек күтеміз, – дейді жылқышы Темірбек Ғалымов.
Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы да жылқының жаппай қырылып жатқанын растады.
– Қолда бар деректер бойынша, Ақкөл ауданында – 31, Біржан сал ауданында – 42, Бурабай ауданында – 23, Зеренді ауданында 80-нен астам жылқы қырылған. Бәрі де ауа райы жағдайына байланысты болып отыр. Өйткені алдымен көп мөлшерде қар жауып, оның арты іле-шала жаңбырға ұласты. Табиғаттың тосын мінезінен қардың беті тұтастай мұз басып, жылқылар тебіндей алмай қалды. Жылқы ашыққандықтан жылқышылар табындағы жылқыны ауылдарға таратып беруге мәжбүр болған. Бірақ қолға қараған жылқылар да қырылып жатыр, – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов.
Басқарма басшысы орынбасарының дерегінше, жылқылар тек жаңбыр болған аумақтарда ғана жаппай қырылып жатыр. Қалған өңірдегі аймақтарда жылқылар аман. Ведомство қолда бар жылқыларды аман сақтау үшін жергілікті атқарушы билік органдары жағдайды бақылауға алуға тырысып жатқанын айтып ақталды.
– Жылқылардың қырылып жатқанынан өңірдің округ және аудан әкімдіктері де хабардар. Әкімдерге жағдайды бақылауға алып, малды жем-шөппен қамтамасыз ету тапсырылған. Пішен жеткілікті. Сабан мен шөп ауыл шаруашылығы құрылымдардың резервтерінен берілмек. Ауылдық округ және аудан әкімдері жем-шөпті тегін және төмендетілген бағада беруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Павлодардан шөп пен сабан тасылып жатыр. Осылай халықты қиын күндерде құтқару жұмыстары жүріп жатыр, – деп толықтырды Еркеш Әленов.
Тұрғындар жылқылардың жаппай қырылуына жайылым жерлердің тапшылығы да себеп болып отырғанын айтады. Өйткені Зеренді, Бурабай, Біржан сал аудандарына ірі жер иелері ауылдың дәл іргесіне дейін жыртып тастағандықтан малды жаятын жер де қалмаған ауылдар баршылық. Осының салдарынан тұяқты малдың тісіне ілігер шөп таппай зар илеген жұрт жұттың басталуына жайылым жерлердің жетіспеушілігі себебін де атады. Ауылдардың жанында жайылым жер болмағандықтан жылқышылар малды ондаған шақырым алыста бағуға мәжбүр болғанын жеткізді. Сондықтан күртік қар мен жалтыр мұздан онсыз да көтерем болған мал елге жетуге де халі болмай, жолшыбай да бірсыпырасы қырылып қалған.
– Жылқылар қар құрсауында қалып қойды. Жылқышыларға үйірдегі жылқыны ауылға әкеп тапсырудың өзі мұң болып қалды. Өйткені ауылдардың іргесіне дейін тақап тұрып жыртып тастаған. Мал бағатын жайылым жер жоқ. Жер екпесін демейміз. Бірақ сол жерді малдың жайылымы мен шабындығына жететіндей етіп, жөндеп бөлсе болар еді ғой. Мәселен, Зеренді ауданына қарасты Садовый ауылының маңында мүлдем жайылым жоқ. Жайылымға берілген он мың гектар жер ауылдан төтесінен жүргенде 50-60 шақырым қашықтықтағы Ақадыр ауылының арғы бетінде. Оған тұяқты малды қалай апарып, қалай бағады? Ұшып бара ма? – дейді ақсақал Абзал Қасымбеков.
Басқа да ұлтарақтай жайылымы жоқ ондаған ауылдар бар. Жұттан жұтап жүдеп кеткен жылқылары елге жетпей далада құлап жатыр.
– Қарап тұрып жылағың келеді. Дала беті теңкейіп-теңкейіп өліп жатқан жылқыларға толып кетті. Жылқы малы төзімді ғой. Соңғы демі қалғанша, жүре береді. Бірақ әбден терісі сүйегіне жабысып қаусап құлаған соң тұрғыза алмайсың. Жылқышылар бір-бірімізбен үнемі жағдай сұрасып біліп жатамыз. Іргелес Солтүстік Қазақстан облысында шаруашылықтарда сабандар сол күйі жатыр. Соны ауылдарға тасып алуға мүмкіндік берсе жөн болар еді. Көктемде бәрібір қажетсіз болып қалатын сабанның өзі біз үшін жылқыны аман алып қалу үшін қасқалдақтың қанынан қат болып тұр, – дейді Біржан сал ауданы Үлгілі ауылының жылқышысы Амантай Тәшенұлы.
Ауылдағы иен жұрт малға шөп таппай әбден қиналған. Өйткені дәл қазір шөптің құны 20-25 мың болса, сабанды әкеліп сатушылардың бағасы 10-15 мың теңгеге көтерілген. Түйткілді мәселе жақын арада шешімін таппаса, әлі екі айдан астам қар көбесі сөгілмейтіндіктен қаншама малдың тағы қырылып қалары бір Аллаға аян. Мұнымен қоса, көктем шыға өлексе малға толған дала беті тазартылмағандықтан, түрлі індетті аурулар шықпасына да ешкім кепілдік бере алмайды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы