Жылқы, түйе, қой-ешкі үшін 280 рет пойызды тоқтатуға мәжбүр болды

Жыл басынан бері 6 000-нан аса адам теміржолды кесіп өткені үшін жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, өткен аптада Көліктегі полиция департаментінде 5 адамды пойыз қағып кеткені туралы факті тіркелді. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Ақтөбе облысында жазатайым оқиға болды.

Департамент бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың айтуынша, үш факті бойынша адамдар теміржол бойында жарақат алса, екеуі өліммен аяқталады. 

Көліктегі ПД қызметкерлері теміржол апатын азайту үшін тұрғындармен кездесу өткізіп тұрады. Нәтижесінде, балаларды қағып кетудің бірде-бір фактісі тіркелген жоқ. Десек те, кейбір азаматтар пойыз жолдың бойында қауіпсіздік ережесін сақтамайды.

Мысалы, биыл азаматтар 6 179 рет пойыз жолды рұқсатсыз кесіп өткен. Теміржолдан өткен мал үшін 280 рет пойызды шұғыл тежеуге мәжбүр болған. 

Биыл 5-29 ақпан аралығында Көліктегі ПД қызметкерлері теміржол маңайында қауіпсіздік ережелерін түсіндіру мақсатында «Қауіпсіз жол!» іс-шарасын өткізіп жатыр.