Степногорда волонтерлер жылқылардың өлексесін жинап жүр

Еріктілер көмек көрсетуге ниетті адамдарды игі іске қосылуға шақырады.

Степногорда еріктілер далада жаппай толып кеткен жылқының өлекселерін жинап жүр. Волонтерлердің мәліметінше, қорек таппай аштықтан қырылған жылқылардың көбі әлі далада жатыр. Сондай-ақ қыр арқасы көрініп далада босып жүрген жылқылар қолға алмаса, қалың қарда ит-құсқа жем болмақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Жергілікті волонтерлердің мәліметінше, мұз басқан далада тебіндей алмай қалған жылқылардың ішінде жабағы мен тайлар көп. 

«Кеше Степногордың 7 шағын ауданындағы иесіз қалған балабақшаның жанында жеті жылқы өліп жатқанын көрдім», «Әр жылқының иесі бар ғой. Қайда жүргенін неге іздеп қарамайды екен?», «Бір күнмен ғана өмір сүретін болдық. Осылай жалғаса берсе Қазақстан мүлде малсыз қалады. Иелерін, әрине жауапкершілікке тарту қажет. Мал басын мемлекеттік деңгейде көтеру қажет», – деп жазды желідегілер. 

Олар түйткілді мәселеде бей-жай қалмайтын волонтерлердің көмегі керек екенін, әсіресе алыстан бағдарлау мүмкіндігі бар дрон техникасының тілін білетін волонтерлердің қажеттігін жеткізді. 

«Малды ауылдардың айналасы жылқылардың өлекселеріне толып кетті. Көктем шыға одан түрлі жұқпалы аурулардың таралып кетуіне ешкім кепілдік бере алмайды. Аштықтан қорек іздеп қаңғырып кеткен жылқы табындары мен олардың қалдықтарын іздеуге дрондары бар волонтерлер қажеттігін айтып жергілікті волонтерлерден көмек сұрадым. Ауылда өскендіктен жылқының жайын жақсыз білеміз. Қысы-жазы далада еркін жайылатын жылқылар жұттан қырылып жатыр. Ауылдардың айналасы жекеменшік иелерінің егістік алқабына толып кеткен. Жылқыны бағатын жайылым жоқ. Сондай-ақ көп жылқының иелері өздері басқа жақта Астанада, Көкшетауда тіпті Ресейде тұрып жатыр. Олар жылқышыға бағу үшін ақшасын төлеп қана жібереді. Сондықтан иесіз қалған жылқылардың саны көп. Тіпті қаланың ішінде де өліп жатқан, сабылып жүрген жылқы көп. Біздің байқауымызша әсіресе жас тайлар мен жабағылар көп өліп жатыр», – дейді Степногорлық еріктілердің бірі Әсем Тобышева. 

Еріктілер көмек көрсетуге ниетті адамдарды игі іске қосылуға шақырады. Сондай-ақ құзырлы органдардан түйткілді мәселені тез арада шешуді жүзеге асыруға жұмылдыру қажеттігін айтады.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы