Үкіметтің сейсенбідегі отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің айтуынша, салынып жатқан мектептердің саны әр өңірдің қажеттілігін әрі демографиялық ахуалын ескере отырып анықталған. «Мемлекет басшысының бастамасы негізінде қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының арқасында үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер проблемалары шешілуі тиіс», – деді Бектенов.
Бір жылда 217 мектепті іске қосу оңай шаруа емес. Мәселен, былтыр қаңтар-желтоқсан аралығында ел аумағанда 93 жалпы білім беретін мектеп пайдалануға беріліпті, 2022 жылғы көрсеткіш – 85 мектеп. Оның үстіне, Олжас Бектенов 217 мектептің 98-нің құрылысын 1 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырып отыр. Қалған 119 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру қажет. «Мерзімдердің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайды. Бұл ретте жұмыстардың сапасы ақсамауы тиіс», – деп атап көрсетті ол.
Құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылатын оқу нысандары заманауи құралдармен жабдықталады. Бастауыш және жоғары сыныптар үшін оқу кабинеттері, санитариялық тораптары және спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылған. Оған қоса, жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілмек.
Сондай-ақ отырыста «Жайлы мектеп» жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 2,3 трлн теңге бөлінетіні айтылды. Мектеп салу және оларды уақытылы қолданысқа беру Samruk-Kazyna Construction компаниясын жер учаскелерімен және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету өңір әкімдеріне жүктелген. Былтыр Samruk-Kazyna Construction компаниясына тиісті көлемде қаржы аударылып, осы қаражат негізінде компания 208 мектепті жобалауды және салуды бастаған, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері биыл 9 мектепті жеке құрылыс салушылардан сатып алмақшы.
Десе де, бұл әзірге қағаздағы құжат, ойдағы жоспардың сұлбасы ғана секілді. Қазақстан Құрылысшылар одағы республикалық заңды тұлғалар бірлестігі (РЗТБ) AIQYN-ға жолдаған жауабында жобалық-сметалық құжаттаманың (ЖСҚ) бекітілу мерзімі созылған сайын құрылысты бөгейтінін айтады. «Яғни, мәселе жергілікті атқарушы органда емес, ЖСҚ-ның жоқтығында. Үкіметтің №963 қаулысы осыдан 15 ай бұрын (30.11.2022) бекітілгенімен іс жүзінде 10 сараптаманың ғана оң қорытындысы алынды», – делінген РЗТБ жауабында.
Ұлттық жобаны жүзеге асыруда шикілік барын Үкімет отырысында Премьер-Министр де жоққа шығармады. Әсіресе, құрылыс нысанына қажетті учаскелерді бөлу және ЖСҚ әзірлеуде кедергі көп екенін айтқан ол барлық проблеманы қысқа мерзім ішінде жоюды тапсырды.
«Мектептерге баратын жолдар мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын 1 тамызға дейін аяқтау қажет», – деді О.Бектенов.
Ал өңір әкімдеріне 15 наурызға дейін жер учаскелерін рәсімдеуге қатысты барлық проблеманы шешу жүктелді.
Құрылысшылар одағы ЖСҚ-ның уақытылы әзірленбей және тиісінше сараптама қорытындысы алынбауына қолдан жасалған бюрократтық шешімдер себеп. «Былтыр жаз бойы маңызды мәселелерді шешудің орнына М.Айманбетов бастаған Samruk-Kazyna Construction компаниясының басқарушы менеджменті жер учаскесінің конфигурациясын тексерді және егер учаске геометриялық пішіні дұрыс болмаса, қосымша учаскені кесуді талап етті, өз жұмыстарын әлеуметтік желілерде жариялаумен айналысып кетті, бұл жобалау процесін де кешіктірді. Жергілікті атқарушы органның тиісті қосымша шешімдерін шығару қажеттілігіне байланысты мұны кез келген облыстың әкімі растайды», – делінген одақтың жауабында.
Осылайша, былтыр бекітілген ЖСҚ-сыз және тиісінше сараптаманың оң қорытындысы мен жұмыс жүргізуді бастауға талонсыз құрылыс жүргізілген. Яғни, жобасыз және сараптама қорытындысынсыз құрылыс жүргізу қате шешім болғандықтан, мемлекет қаражаты артық шығындалған.
«Қарапайым құрылыс нысанының анықтамалығы – баннерлердің дизайнын, сөзін бекіту, ілу жұмыстарына келісімнің өзі айлар бойы жүреді. Кез келген мердігер компанияның жұмысы осындай болмайтын кедергілерден бөгеледі. Сондай-ақ Samruk-Kazyna Construction компаниясында басшылық жиі ауысады. Мысалы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі құрылыс департаменті директорының өзі төрт рет ауысты. Құрылыс саласында тәжірибесі жоқ менеджерлердің шешімдерінің де жұмысқа кедергісі көп», – дейді Құрылысшылар одағы.
Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» жобасымен салынатын мектептердің ішкі жабдығын қамтамасыз етуде отандық өндірісті тарту мәселесі айтылды.
Оқу-ағарту министр Ғани Бейсембаев «Атамекен» ҰКП мен салалық қауымдастық өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, отандық өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданғанын жеткізді. Мәселен, жиһаз өнімдерін тек «Самұрық-Қазына» АҚ және «Атамекен» тізіліміндегі қазақстандық компаниялардан сатып алу көзделген. Бұдан басқа, отандық өндірістегі құрылыс материалдарын қолдану бойынша талаптар енгізіліпті.
Алайда оқу орындарының сыртқы құрылысына қатысты қағазбастылық мәселесі ішкі жабдықталуында да бар. Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраев бүгінде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жиһаз жеткізуге бірде-бір келісімшарт жасалмағанын айтты.
«Үкіметтің № 963 қаулысына сәйкес, бір ай ішінде осындай келісімшарттар жасасу талабы бар, бірақ көптеген жоба мемлекеттік сараптамадан әлі өтпеген. Техникалық тапсырмаға бірыңғай талаптардың болмауына және тапсырыс беруші ретінде Оқу-ағарту министрлігі тарапынан осы мәселе бойынша құзыреттердің болмауына байланысты мемлекеттік сараптама жүргізуді жылдамдатуда қиындықтар бар», – дейді ол.
Мұндай жұмыстарды ертерек бастап тез арада жүргізу үшін іскерлік қажет.
«Осы уақытқа дейін отандық жиһаз өндірушілермен оффтейк келісімшарттар жасасу тетігі пысықталған жоқ. Біз бұған дейін жиһаз өнімдерін өндірушілерден тікелей сатып алуды ұйымдастырған жағдайда мемлекет 35,0-40,0 млрд теңгеден астам қаржы үнемдей алатынын, бұл бюджет шығындарын едәуір қысқартатынын атап өткен болатынбыз. Бұл ретте, материалдарды жеткізуді орталықтандырылған ұйымдастыру ЕАЭО шеңберіндегі кооперациялық жобаларға да, сондай-ақ салааралық кооперацияға да серпін бере алар еді. Құрылыс салушылар тарапынан мерзімдерді ұзарту – бұл бюджетті қысқартуды және жобаларға өзгерістер енгізуді ескере отырып, білім беру ұйымдарының объектілеріне шетелдік жеткізушілердің мүдделерін тікелей лоббилеу немесе қолда бар уақытты ұтымсыз пайдалану деп санаймыз», – дейді Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраев.
Отандық жиһаз өндірушілердің пікірінше, ұлттық жобаға кемінде 400 мың мектеп партасы қажет. Егер қағазбастылық және басқа да қолдан жасалған кедергілерді алып тастамаса, қажетті жиһазбен жабдықтау ісі орындалмай қалу қаупі бар.
«Бәлкім, бұл кедергілер парталарды Қытайдан сатып алу үшін белглі бір тұлғалардың мүддесі үшін де жасалып жатуы ғажап емес», – дейді олар.
Орта білім саласындағы олқылықтың бірі – маман тапшылығы. Қазір елімізде жұмыс істеп тұрған 7 842 мектепте 600 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Президент тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап мұғалімдердің айлық жалақысы жыл сайын 25%-ға өсіп, төрт жылда екі есе артты. Алайда мектеп мұғаліміне деген сұраныс толық шешілмей келеді. Білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжанның айтуынша, бүгіннің өзінде ел бойынша он мыңға жуық маман жетіспейді.
«Демографиялық дүмпудің балалары мектепке келе бастады, осыған сай сұраныс артты. Алдағы уақытта оқушы саны 4 млнға жетуі де мүмкін. Өкінішке қарай, бір жапырақ диплом беріп, жалған маман дайындап жатқан оқу орындары әлі де көп. Егер мектеп мұғаліміне «сапалы педагог» деген анықтауышын қосып айтар болсақ, бұл мәселе бізде өте ауыр. Бүгінгі балалар «құндылықтар соғысының» құрбанына айналып жатыр. Себебі тәрбиенің өзі бізге әр тараптан келіп жатыр. Батыстың тәрбиесі, шығыстың тәрбиесі, діни тәрбие, либереалистік тәрбие бар. Сондықтан қазіргі баланы бір идеяға, бір мақсатқа тәрбиелеу өте қиын. Ол үшін мұғалімнің өзі бойына ұлттық құндылықты сіңірген маман болуы керек», – дейді ол.
Премьер-Министр Үкімет отырысында жайлы мектептерді оқу процесіне қажетті заманға сай жабдықтармен қамтамасыз етудің маңызын да айтқан. Жайлы мектептер, әсіресе шағын қалалар мен ауылдарда оқушыларды баурап алатын бірегей орталыққа айналуға тиіс.
«Біз ұлттық жобаны іске асыру барысын маусым айында қайта қараймыз. Егер жұмыс тәсілі өзгермесе, жауапты тұлғаларға қатаң шаралар қолданылатын болады», – деді О.Бектенов.
Қысқасын айтқанда, Мемлекет басшысының жаңа форматтағы мектептер салу туралы тапсырмасын орындау Үкіметке үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекет қазынасынан 2,3 трлн теңге бөлінетін ұлттық жобаның сұрауы да оңай болмас деген ойдамыз.
Бауыржан БАЗАР