Жеңілдік сұрау – жеңіл жол

Елімізде шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандар саны 4,3 млн адамға жетіп отыр. Бұл – республикадағы еңбекке жарамды азаматтардың 45%-ы деген көрсеткіш.

Шағын және орта бизнес – ел эко­номикасының маңызды секторы. Саланың мемлекетке қосқан үлесі ЖІӨ-дегі көрсет­­кішінен көрінеді. Ресми дерек бойынша, былтырғы жылдың 9 айында ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 36,5%-ға артқан.

Соңғы жылдары жалпы ШОБ өсімі байқалды (тіркелген, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны, жұмыспен қамтылған халық саны, өнім шығару көлемі). Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы 1 ақпанындағы дерегіне сүйенсек, респуб­­ликада тіркелген ШОБ субьектілерінің саны – 2 186 275. Оның ішінде қазір жұмыс істеп тұрғаны – 2 020 036.

Freedom Finance Global сарапшылары 2023 жылы аталған сектордағы қызмет­керлердің саны өскенін хабарлады. Әсі­ресе, құрылыс пен өнеркәсіп салала­­рын­­дағы шағын компаниялар  жұ­­­­мыс­­­­­­­­­­­­­­­шыла­рын көбейткені байқалған. Аймақтар арасында Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында кәсіпкерлердің персоналға деген сұранысы өсіп келеді. Бүгінде Ақтөбе облысында кәсіпкерлік саласында 92,1 мың адам тіркеліп, оның ішінде 83,8 мың адам жұ­­мыс істеп тұр. Өңірде жалпы, шағын және орта кәсіпкерлік саласында 172,7 мың адам жұмыспен қамтылған. Облыстық кәсіп­­­керлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың сөзінше, ШОБ субьек­тілерінің артуына мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың тиімді жұмысы әсер еткен. 

«Былтыр шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша «Өркен» өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламада Хромтау моноқаласының кәсіпкерлеріне кредит беру көзделген. Өңірлік бағдарлама облыстық бюджет, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Қазхром»ТҰК» АҚ есебінен қаржыландырылады. Оның ішінде облыстық бюджеттен – 500,0 млн теңге, Даму қорынан –1,0 млрд теңге, Қазхром есебінен – 500,0 млн теңге қарас­­­­тырылған. Жалпы, бағдарлама бюджеті – 2,0 млрд теңгені құрап отыр», – дейді А. Са­­­­­­­­­лықбаев. 

Дегенмен өңірлер бөлінісінде шағын кәсіпкерлік үлесінің көлемі әрқалай. Мәселен, Алматы қаласында ШОБ иеле­­­рінің 16%-ы қызметкерлерін қысқар­тыпты. Кейбір облыста кадр саны өз­­геріссіз қал­ған. 

Кәсіпкерлердің айтуынша, қолда­ныстағы салық түрлері бойынша бірқатар проблема бар. Ең алдымен, өз ісін енді бастаған кәсіпкерлерге жоғары жүктеме өте ауыр тиіп отыр. ШОБ қоғамдастығының өкілі, Салық кодексін реформалау жөнін­­­­дегі топтың басшысы, кәсіпкер Берік Зайы­­­­­­ровтың айтуынша ең төменгі түсімдер кезінде де ЖК-ны міндетті түрде ашу, айына 100 000 тең­ге түсімнен 18 200 теңге сома­­­­­­­­­сында әлеуметтік төлемдер мен салық­тарды төлету талабы тым ауыр. «Әсіресе, қол­даныс­тағы талап бойынша жаңадан жұмыс бастаған аза­­­­маттан түсім сомасының 18%-ын төлеу талап етіледі. Осыған байланысты өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ЖК  ашқысы кел­мейді. Екіншіден, ҚҚС бо­­йынша 20 000 АЕК төмен шегі, ҚҚС есепке қою кезінде шағын бизнеске жоғары жүктеме (3% табыс салығы + 12% ҚҚС = 15%), бұл кәсіп­­­­керлерді бизнесті бөлшек­­­теуге немесе чек бермеуге итермелейді», – дейді ол. 

Б.Зайыровтың сөзінше, көбінесе түсінбеушілік салдарынан ҚҚС шегінен асқан кәсіпкерлерге қатысты шекті айналымнан 15% мөлшерінде ҚҚС бойын­­­ша шекті асырғаны үшін айыппұлдар салынып жатады. Мұндай айыппұлддардың жалпы сомасы 2020-2022 жылдары арала­­­­­ғында – 16,6 млрд теңгені құраған. «Бөлшек сауда салығы бойынша қызмет түрлеріне шектеу қойылған, жеңілдетілген деклара­­­­­циясы бар барлық кәсіпкерлер бөлшек салыққа ауыса алмайды. Еңбекақы төлеу қорына да жоғары жүктеме 1,5-39% аралы­­ғын­­­­­да. Соның салдарынан әлеуметтік төлем­­­дерді төлеу, жалақыны конвертпен беру секілді әрекеттер болады», – дейді қоғамдастық өкілі. 

Осыған байланысты ШОБ-тың арнайы салық режимдері бойынша Салық кодексін реформалау жөніндегі топ барлық ШОБ үшін (жер қойнауын пайдаланушыларды, қаржылық қызметтерді және акциздік өнім­дерді қоспағанда) түсімнен 3% көле­­­­мінде бір бірыңғай салық белгіленсін, барлық ШОБ ҚҚС-тан босатылсын деген ұсыныс айтып отыр. Олардың уәжінше, ҚҚС тек тауарлар мен қызметтер импорты кезінде қалды­­­рылсын. «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бұл 3%-ға зейнетақы төлемдері, әлеу­меттік төлемдер және әлеу­меттік меди­циналық сақтандыру кіреді. Барлық ШОБ үшін жалақыдан 20% мөлшерінде бірыңғай төлем белгіленсін. Яғни, қара­пайым тәсіл, барлығы салық төлейді, ал бюджет ештеңе жоғалтпайды (2022 жылғы статистика көр­сеткендей, бюджет Қазақ­­станның бар­лық бизнесінен 3% алады). Са­лық органдары барлық күш-жігерін шекара­ны қорғауға бағыттайды, осылайша барлық тауар ашық, айқын түрде өтеді» дейді олар. 

Ал Экономикалық зерттеулер институ­­тының сарапшысы Дарина Кеңес кәсіп­керлік субьектілері үшін қолданы­латын критерийлерге түзету енгізу қажет деп санайды. «Заңнамамға сәйкес кәсіпкерлік субъектілеріне 2 критерий қолданылады: орташа жылдық сан және орташа жылдық табыс. Бұл критерийлер 2015 жылы белгі­лен­­­­­ді және 8 жылдан бері оларға еш түзету­­лер енгізілмеді. Яғни, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін критерий­­лерді төмендету қажеттігі анық. Жылдық орташа кіріс бойынша лимиттер ШОБ субъектіле­­­рінің ең көп шоғырлануы орна­­­лас­­­­­­­қан деңгейге дейін 1,5 есе төмендеген жағдайда, микробизнес субъектілерінің саны шамамен 2%-ға, шағын бизнес саны шамамен 4%-ға, ал орта бизнес шамамен 30%-ға артады деп күтіледі. Мәселенің маңызын ескере отырып, бұл жұмысты барлық мемлекеттік орган­­дармен, бизнес-қауымдастықтармен және жұртшылықпен бірлесіп жүргізу қажет деп санаймын», – дейді сарапшы. 

Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде Жаңа Зеландия кәсіпкерлікті жүргізуде тиімді әрі оңай әдіс қолданған елдің бірі деп аталды. 

2020 жылғы пандемиядан кейін Жаңа Зеландия кәсіпкерлерді қолдаудың цифр­лық бағдарламасына 44 млн доллар инвес­тиция салған. Оңтүстік Кореяда шағын және орта бизнес экспорттық кіріс­­тің 1,7%-на (117,5 млрд долларға) дейін өсуіне қол жеткізіпті. 

Қазақстандық мамандар бизнесті қолдау үшін пайданың өсуін қамтамасыз етіп, жұмыспен қамтуға, жаңа әзірлеме­лерді, цифрландыруды күшейту қажет екенін айтады. Мемлекет тарапынан қол­дау­­­­да басымдық жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік жасаумен өлшенуге тиіс.

Бауыржан БАЗАР