Алматыдағы жер сілкінісі кезінде дұрыс жұмыс істемегені үшін Төтенше жағдайлар министрлігі мен Алматының Төтенше жағдайлар департаментінің 14 қызметкері жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.
Жазаланғандардың қатарында министрліктегі 4 басшы мен олардың 5 орынбасары, ведомствоға қарасты ұйымның бір басшысы, аумақтық бөлімше басшысы мен оның орынбасары бар. Бірақ олардың толық аты-жөні жарияланған жоқ.
Айта кетейік, 23 қаңтарда түнгі сағат 12.09-да Алматыда 5 балл жер сілкінісі болып, халық үйлерін тастап, жаппай сыртқа шыққан еді. Алматылықтар жер сілкінісінен кейін екі сағаттан соң ғана хабарлама алған еді.
Содан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты жиын өткізіп, қаланың азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмай шықты деген болатын.