Дзюдодан Ұлттық құрама көшбасшысы Әбиба Абужақынова (-48 кг) Ташкентте басталған «Үлкен дулыға» бәсекесінде 2-орынды иеленді. Бұл туралы Aikyn.kz Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол финалда Сабина Гилиязовадан жеңіліп қалды. Бұл – екі балуан арасындағы екінші белдесу. Қазір есеп 1:1. Осы салмақтағы қола жүлде Тара Бабулфат пен Тугче Бедерге (Түркия) бұйырды.
Күндізгі сессияда Абужақынова жартылай финалда Тара Бабулфатты (Швеция), ширек финалда Мария Селия Лабордені (АҚШ) ұтты. Ал іріктеуде Тамар Малка (Израиль) мен Гүзел Янамованың (Түркменстан) осал тұсын тапқан.
Осы салмақтағы тағы бір спортшымыз Ғалия Тынбаева ресейлік Сабина Гилиязовадан жеңілді.
Бұл – қазақ дзюдошысының «Үлкен дулыға» санатындағы турнирдегі алғашқы күміс медалі. Әбиба осыған дейін Баку (2024 жыл), Тбилиси (2023 жыл), Париж (2023 жыл), Абу-Даби (2022 жыл) мен Ұлан-Батыр (2022 жыл) қаласындағы Grand Slam-да қола жүлдеге ие болған.
Ол осыдан 2 жыл бұрын Ташкентте әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесін иеленген еді.