Халық күткен бағаны нарық реттей ме?

Ел Үкіметі халықтың күнделікті ішіп-жейтін азық-түлік түрлерінің бағасын реттеуді нарықтың еркіне беруді ойластырып отыр. Оған 19 түрлі өнім кіреді. 2010 жылы аталған тауарлардың тізімі бекітіліп, «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары» (ӘМАТ) деген атау берілген-ді.

Былтыр жыл соңына қарай осы ӘМАТ-тың тізіміндегі 9 азық­­қа (тұз, ұн, макарон өнім­де­рі, қарақұмық, күріш, нан, сүт, кар­топ пен жұмыртқа) шекті баға бел­гіленбейтіні айтыла бастаған. Сау­да және интеграция министр­лі­гінің Сауда комитеті аталған 9 тауар­дың өндірісі ішкі нарықты 100% қамтып отыр деп сендіре мә­лімдеді. Соған сай, оларға қа­тыс­ты баға мен тарифтерді мем­ле­кеттік реттеуден кезең-кезеңі­мен бас тарту жөніндегі Жол кар­тасына сәйкес, 2024 жылдан 9 азық-түлік түріне шекті баға ен­гізілмейтіні хабарланды. Ал қал­ған 10 азық түрі ӘМАТ тізімінен 2025 жылы сызылатыны ай­тылған. Сауда комитетінің AIQYN-ға жолдаған мә­лі­ме­тін­ше, бүгінде Кәсіпкерлік кодекс­ке және «Сауда қызметін реттеу ту­ралы» заңға бірқатар түзету әзірленді. 

Алайда Сенат депутаттары ке­зең-кезеңімен бас тартудың ор­нына ӘМАТ бағасын біржолғы реттеуді ұсынды. «Осыған бай­ланыс­ты министрлік ӘМАТ баға­сын мемлекеттік реттеуден ке­зең-кезеңімен бас тарту шең­берін­де бұрын жоспарланғандай тауарларға бөлінбестен, яғни 2025 жылғы 31 желтоқсаннан бас­тап қолданысқа енгізіле отырып, мемлекеттік реттеуден то­лық бас тартуды жоспарлап отыр», – дейді Сауда комитеті тө­раға­сының орынбасары Елнұр Жәутікбаев.

Сонымен, бағасын нарық рет­тейді деген шешімді әзірге ша­ла деп санаған сенаторлар оны бір жылға шегерді. ӘМАТ тізі­міндегі аталған 9 түрдің елі­міз­дегі өндіріс көлемі қандай? Ауыл шаруашылығы министр­лі­гі­нің дерегіне сүйенсек, еліміздегі тұз өндірісі 356,3 мың тоннаны құ­райды. Сондай-ақ ұн – 3 275,6 мың тонна, макарон өнімдері – 156,4 мың тонна, қарақұмық – 20,2 мың тонна, күріш – 205 мың тонна, нан – 506,5 мың тон­на, сүт – 598,6 мың тонна, кар­топ – 3 788,1 мың тонна, жұ­мырт­қа өндірісі – 4 919,8 мың дана.

 

БАЗАРДАҒЫ БАҒА ҚАНДАЙ?

Біздің елде күнделікті ішіп-жемге қажет өнімнің 80%-ы на­рық­қа базарлар арқылы шыға­ры­лады. Ал базардағы баға билікке бұрыннан-ақ бағынбай келгені мәлім. Оған негізгі себептің бірі – өндіруші мен тұтынушы арасын­дағы делдалдық іс. Көлеңкелі эко­номика да, қымбатшылықты қол­дан жасау ымырасы да осы жүйеде жасалады. 

ӘМАТ тізіміндегі тоғыз тауар­дың құны қандай екенін біл­мек мақсатта Астана іргесіндегі «Шарын» базарына бас сұқ­тық. Елорданың солтүстік-шы­ғыс бөлігіндегі көкөніс хабы са­на­латын осы жерден жеміс пен кө­көніс және басқа да азық-түлік бас қаланың сауда желілеріне жө­нелтіледі. Одан бөлек, іргедегі аудан тұрғындары алып кетеді. Базардың іші-сыртында жұмыс істеп, нәпақасын айырып отыр­ғандардың жалпы саны 1 500-ге жуықтайды. Бірақ базардың ішін­дегі тіршілік астаналық сауда орны деген талаптан алыстау жатқанын байқадық. Аңғал-саң­ғал салынған сауда орындарының іші суық, санитарлық талапқа сай емес. Қалың киіммен дірдектеп тұрған сатушылар өз бетінше жылыту құрылғыларын қосып, амалдайды екен. Электр энергиясының өзіне айына 60 мың теңгеге дейін төлейтінін айтқан сатушының сөзінше, сауда нүктесінің арендасы айына 130 мың теңге шығады. «Бізге не­гізінен құрылыс компаниялары, бригадалар келіп, азық-түлік сатып алады. Сосын көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер келеді, олардың алатыны аз. Былтырға қарағанда биыл сауда жоқ. Қа­сымда тұрған екі сатушы өнімін өткізе алмай, тастап кетті», – деді есімін айтқысы келмеген сату­шы. Базар қожайындары биыл заманға сай ғимараттар тұрғызып береміз деп уәде беріп отырған кө­рінеді. «Осы жолғы уәделерін орын­дайтын шығар» десті базар­дағылар. 

«Шарын» базарындағы баға­ның жайын білген соң, Аста­на­ның іргесіндегі Қосшы қаласын­да­ғы Magnum Express супермаркетіндегі бағаны білдік. Төмен­де­гі кестеде ӘМАТ тізіміндегі 9 тауар­дың ең арзан бағалары бе­ріл­ген.

Экономикалық зерттеулер инс­титутының сарапшылары геосаяси шиеленістер, санк­ция­лық жүктемелер, тасымал жо­лын­­дағы кедергілер әлемдік азық-түлік бағасының өсуіне әке­ліп отырғанын айтады. Мысалға, Ресей мен Украина арасындағы, Таяу Шығыстағы қақтығыстардан соң 142 елде инфляциялық өсім байқалған. 

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, әлемде азық-түлік бағасы 1%-ға өскеннің өзінде 10 млн адам кедейлікке ұшырайды. Сол себепті БҰҰ жағдай түзел­месе, 50 мемлекетте 181 млн адам азық-түлік тапшылығына тап келуі мүмкін. 

Азық-түлік бағасының инф­ля­­циясы біздің елімізде де бірнеше жыл бойына төмендемей тұр. Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы 1 наурыздағы дерегіне сүйенсек, еліміздегі ин­фляция бір жылда 21,3%-дан 9,3%-ға баяулаған. Ал азық-түлік тауарлары бір жыл ішінде 7,4%-ға өскен. Оның ішінде халықтың күнделікті тұтынатын тағамының бағасына қатысты өзгерістер бар. Мә­селен, 2023 жылғы ақпан айы­мен салыстырғанда бағаның кө­терілуі күрішке – 26%, жұ­мырт­қаға – 18,3%, жеміс және кө­көніс шырындарға – 12,5%, сары майға – 12,2%, пастерленген сүтке – 11,3%, макарон өнім­деріне 10,4% тіркелді. Керісінше, пияз бағасы 42,5%-ға, қарақұмық жар­масы – 24,3%, күнбағыс майы – 21,2%, қант – 14,8%, кар­топ 12%-ға арзандаған.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің 01.03.2024 жылы AIQYN-ға жолдаған жауа­бын­дағы мәлімет бойынша, еліміздің тұрақтандыру қорларында 9 түрлі азық-түліктің қоры: тұз –128,2 тонна, ұн – 10,8 мың тонна, макарон – 347 тонна, қарақұмық – 1,8 мың тонна, күріш – 5 мың тонна, нан – 297 мың дана, сүт – 227 тонна, картоп – 24,6 мың тонна, жұмыртқа – 23,8 мың дана.

Сауда комитеті төрағасының орынбасары Елнұр Жәутікбаевтың пікірінше, ӘМАТ бағаларын мемлекеттік реттеуден бас тарту мемлекеттің нарықтық қатынастарға әсер ету үлесін азайтуға мүмкіндік береді. «Бағаны кез келген мемлекеттік реттеу жүйелік мәселелерді шеше алмайды, бірақ орта мерзімді кезеңде кешіктірілген инфляцияға әкелуі мүмкін», – дейді ол.

Дегенмен сарапшылар Үкіметтің азық-түлік бағасын реттеуге қатысты шешіміне әртүрлі пікір айтып отыр. Өйткені Қазақстанда әлі күнге дейін азық-түлік экспортына қарағанда импорт көлемі бірнеше есе жоғары. Мысалы, ішкі нарықта тұтынылатын шұжық және сүт өнімдерінің үлкен үлесі импортқа тиесілі. Қант бойынша импортқа тәуелділік – 95%. Отандық қант зауыттары былтыр өндірісті 400-450 мың тоннаға жеткіземіз деген жоспары орындалмай қалды. Консервіленген жемістер мен көкөністер бойынша да сырттың өнімін тұтуға мәжбүрміз. Бұл тізімді санасақ жалғаса береді.

Сондықтан инфляцияны реттеп, тұрғындардың өміріне қажетті өніммен қамтамасыз ету үшін әлемдік тәжірибені қарастырған жөн. Экономикалық зерттеулер институтының дерегінше, Эстонияда баласы көп отбасыларға азық-түлік көмегі көрсетіледі. АҚШ-та да жеңілдікті негізде азық-түлікпен қамтамасыз ету арқылы кедейлерді қолдаудың дамыған жүйесі бар. SNAP бағдарламасы арқылы федералды бюджеттен 42 млн аз қамтылған тұрғынды қолдауға шамамен 100 млрд доллар жұмсалады. Ақша (150 доллар) ай сайын дебеттік карталарға түседі, оны тек азық-түлікке жұмсай аласыз. Ал Германияда 1993 жылдан бастап Tafel қайырымдылық ұйымы жұмыс істейді. Ұйым көмектің екі түрін ұсынады (минималды бағамен және ақысыз). 

Бауыржан ЫСҚАҚ, 

экономика ғылымдарының кандидаты:

– Жалпы, мемлекеттің шағын және орта бизнеске және ауыл шаруашылығы өнімін өндіру­­шілердің қызметіне араласу функциясы азаюға тиіс. Дегенмен қазіргі сәтте Үкі­­­­­мет­­­­тің ӘМАТ-тың 9 түрінің баға­­­­сын нарыққа жіберуі – үлкен тәуекелді шешім. Екіншіден, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларын қам­­­тамасыз етуде халықаралық тәжірибені пайдалануымыз қажет. Әлеуметтік азық-түлікке тікелей қа­­­жеттілігі бар азаматтарды адрестік көмек көрсету арқылы жәрдем беруді жолға қойған жөн. Үшін­­­­шіден, азық-түлік нарығындағы монополистерге де, олигополистерге де шарт бірдей болуы керек. Яғни, салық төлеу, бизнесті жүргізу жағынан талап ашық әрі айқын болғанда таза бәсекелестік орны­­­ғады, табысты қызмет ететін өндірушілер көбейеді. 

Теміржан АЙТБАЕВ, 

«Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-

зерттеу институты» ЖШС басшысы:

– Осы уақытқа дейін бізде өнімді өткізу ісі бейберекет болды. Фермер көктемде не егерін білмей дағдарады, өйткені күзде оны қалай өткізеріне кепілдік жоқ. Екіншіден, алған өнімді қыс бойы сақтайтын орын жоқ. Үкімет кәсіпкерлермен бірге салып жатқан ірі қоймалардың жалдау ақысы қымбат. Көбі бос тұрады. Мысалы, біраз жыл бұрын Шеңгелдіде 10 мың тонна көкөніс қоймасы салынды, кейіннен жабылып қалды. Сондықтан қаржыны оңды-солды шаша бермей, шағын қоймалар салу керек. Мен Бішкекте болдым, Қырғызстанда 100-200 тонналық шағын қоймалар өте көп, ыңғайлысы да сол. 

Үшіншіден, атқарушы билік көрші елдің арзан өнімін әкеліп, нарықты толтыруды жөн көреді. Әйтеуір, баға қымбаттамай, халық шуламаса болды. Ал ол өнімнің сапасы қандай? Адам ағзасына қаупі бар ма? Ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Сондықтан бұл салаға ғылыми тұрғыдан келіп, ғылым мен өндірісті ұштастыру керек. Топырақтың құнарын жақсартып, тұқым шаруашылығын жолға қоймай тұрып, бекерге қаражат шашудың реті жоқ.

Атамұрат ШӘМЕНОВ, 

экономика ғылымдарының докторы:

– Азық-түлік бағасын ауыз­дықтауға келгенде ұятты жағдайда отырға­­­нымыз жасырын емес. Халық табысының жартысына жуығы тамаққа кетеді. Осындай жағ­­­­дай­да отырғанда Үкімет­­­­­тің бағаны нарық реттейді деген шешімі жауапкершіліктен жалтаруға көбірек ұқсайтындай. Қымбаттап жатқан өнім­нің бәрі – өз жерімізде өсіруге болатын өнім­­дер. Былтыр отандық фермерлердің жүгерісі, алдыңғы жылы қырыққабаты өтпей, шіріп кетті. Демек, салада мемлекеттік реттеу жоқ. Жалпы, Үкімет ӘМАТ тізіміндегі 19 азық-түлік санын әлі де көбейтуге тиіс. Азамат­­­тарымыздың денсаулығына қажетті дәру­мені көп өнімдерді қосу қажет. Азық-түлік баға­­сына келгенде ұятты екеніміз өтірік емес қой. 

Бауыржан БАЗАР