Маңғыстау облысында прокуратура қызметкерлері дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сату кезіндегі заңның сақталуына мониторинг жүргізді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аталған тексеру кезінде тиісті лицензиясы жоқ дәріхана қызметін жүзеге асыру фактісі, сондай-ақ мерзімі өткен дәріні сақтау және «Тропикамид» дәрісін үлкен көлемде (45 мыңнан астам қаптама, бұл облыс бойынша 55%) рецептсіз сату деректері анықталды.
Тропикамид — адам өмірі мен денсаулығына зиянды әсер ететін, есірткіні қолданудың әсерін күшейтетін, нашақорларға негізгі заттың дозасын үнемдеуге немесе күшті эйфориялық реакция алуға мүмкіндік беретін препарат.
Осыған орай, облыс прокуратурасының үйлестіруімен Маңғыстау облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті дәріхананың қызметіне тексеріс жүргізді.
Тексеріс нәтижесімен дәріхананың иесі ӘҚБтК-нің 464-бабының 1-бөлігі және 426-бабының 1, 3-бөлігімен әкімшілік жауапқа тартылды.
Бұл ретте сот шешімімен кәсіпкердің қызметі 3 айға тоқтатылды.