Бишімбаев ісі: прокурор экс-министр әйелін қалай өлтіргенін айтты

Бишімбаев мас күйде Нүкенованың басына қатты соққы берген.

Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау барысында айыптаушы тарап Салтанат Нүкенованың қалай және қандай жағдайда өлтірілгенін айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Прокурордың айтуынша, сол күні Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова Астанада өткен концертте болған. Онда олардың арасында жанжал шыққан. Кейін олар мейрамханаға бірге барған, жанжал сол жерде жалғасқан. Салтанат Нүкенова Бишімбаевтан кеткісі келетінін айтып, ағасына хабарлама жіберген.  

Бишімбаев мас күйде Нүкенованың басына қатты соққы берген. Кейін ол әйелді аяғымен тепкілей бастаған. Салтанат Нүкенова бөлмелердің біріне тығылмақ болған, бірақ Бишімбаев есікті сындырып, оны қайтадан ұра бастаған.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Нүкенова бірнеше рет есін жиған, бірақ экс-министр оны ұрып-соғуды жалғастырған.

Айта кетейік, экс-министрге әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылып отыр.

Еске салайық, былтыр 9 қарашада Қуандық Бишімбаев ұсталғаны хабарланды. Ол әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген күдікке ілінді.

Ал 11 қарашада бұрынғы министр қамауға алынды. Бұл іс бойынша бүгінгі алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы сұмдық жайттарды айтқан еді.