Биыл ақпан айында жылдық инфляция 9,3% дейін баяулады және Ұлттық банк базалық ставканы 14,75% дейін төмендетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
«2024 жылғы ақпанда жылдық инфляция 9,3% дейін баяулады. Инфляция мен инфляциялық күтулердің төмендеуіне байланысты Ұлттық банк ақпанда базалық ставканы 14,75% дейін, яғни 50 базалық тармаққа төмендетті», – деді Т.Сүлейменов бүгінгі Үкімет отырысында.
Сондай-ақ ол жылдық инфляцияның баяулау қарқыны азайғанын атап өтті. Ақпанда айлық инфляция орташа тарихи мәндерден жоғары қалыптасты. Маусымдық және әкімшілік факторлардан басқа нарықтық тауарлар мен қызметтер бағасы тез өскен.
«Қазіргі жағдайда ақша-кредит саясатын жұмсарту мүмкіндігі айтарлықтай шектеулі. Инфляция факторларының қалыптасқан балансы, оның айлық қарқынының динамикасы алдағы уақытта шешім қабылдауда базалық ставканың сол деңгейде сақталу ықтималдығын арттырып отыр. Деректерді жинау, экономикалық және фискалдық реформалардың іске асырылуын мониторингтеу қажет», – деді Ұлттық банк төрағасы.