Осы жолда білікті ғалымдар мен мамандар арасында бар күш-жігерін салып қызмет етіп жүрген белгілі ғалым, өз мамандығының хас шебері атанып, еліміздегі ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген азамат, тарих ғылымының докторы, профессор Аманжол Боранбайұлы Қалыш 70 жасқа толып отыр. Ол – Қазақстан тарихы ғылымының этнология саласының іргетасын нығайтып, оны дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан белгілі ғалым.
Аманжол Боранбайұлы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында дүниеге келген. 1972 жылы туған жерінен арман қуып Алматыға келіп, сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Тарих факультетіне оқуға түсіп, 1977 жылы үздік бітіріп, өскен ұясында студенттердің ғылыми бағытындағы ұйымды басқарып, келесі жылы республикамыздың Ғылым академиясы жанындағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты этнография бөлімінің аспирантурасына түсті. Ол студент кезінде Тарих факультеті комсомол ұйымының төрағасы, университеттің комсомол ұйымы төрағасының орынбасары және 1976 жылы факультет-тің 4-курсында Қазақ мемлекеттік университеті студенттерінің кұрылыс отрядының комиссары болып, сол жылы студенттер арасында тұңғыш рет «Кұрмет белгісі» орденімен марапатталып, суреті ҚазМУ-дың музейіне койылды (Қазіргі кезге дейін ілулі тұр). Тарих факультетінде бірінші болып В.Ленин атындағы стипендиат атанды, факультеттегі партия бюросының мүшесі болды. Диплом алысымен 1977-1978 жылдары С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің комсомол ұйымының хатшысы Рахман Алшановтың орынбасары болып қызметте калдырылды.
Аманжол Боранбайұлы Қазақстан тарихы ғылымының этнология саласының іргетасын нығайтып, оның дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқаны белгілі. Ғалымның кәсіби тарихшы ретінде қалыптасуы, өзінің білім алып, еңбек жолын бастаған қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен 1973-1989 жж. Қазақстандағы тарих ғылымының қара шаңырағы болып табылатын, ҚР ҰҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтымен тығыз байланысты. 1993 жылдан факультет деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары, ғылым жөніндегі орынбасары қызметтерін атқара жүріп, көптеген ғылыми жобалардың гранттарын жеңіп алды. 2003-2005 жылдары Тарих факультеті-нің Археология және этнология кафедрасының меңгерушісі болса, 2010 жылы ұзақ жылдар бойы ізденісте жүрген, көзмайын тауысып жазған «1970-2000 жылдардағы қазақтардың отбасы мен неке мәселелері: этнологиялық зерттеу» атты докторлық диссертациясын ойдағыдай корғап шықты.
Аманжол Боранбайұлы өзінің жарты ғасырға жуық созылған ғылыми-шығармашылық қызметі барысында 30-дан астам монография мен кітаптар, 500-ге жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер жазды. Ғылыми еңбектері арқылы Аманжол Боранбайұлы қазақ халқының тарихы мен этнологиясының өзекті мәселелерін жан-жақты дамытып, тың ізденістерге жол ашты. Ғалымның шығармашылығындағы айрықша атап көрсететін жайт: қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихы ғалымның зерттеулерінің басты бағыты болды. Еліміздің егемендікке қол жетуі нәтижесінде тарих ғылымында зерттеуге «тыйым салынған» тарихты жаңа деректерге сүйеніп жазуға, мазмұнын ашуға мүмкіндік туды. Ғалым осы бағытта «Қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихы», «Қазіргі Қазақстандағы этникалық және этномәдени процестер», «Этнологияның іргелі мәселелері» атты оқулықтары жарыққа шықты. Бұл зерттеулерде назардан тыс қалып келген тарихи мұраларға жаңа талаптар тұрғысынан қарап, қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихына қатысты терең талдаулар, тың тұжырымдар қарастырды. Сонымен қатар қазақ халқының құрылуының тарихи алғышарттары, қазақ халқының қалыптасу кезеңдеріне талдау жасалып, қазақтардың мәдени-шаруашылық жүйесі, дәстүрлі материалдық және рухани мәдениеті сияқты іргелі мәселелер талдана отырып, этнографиялық танымға тың жол ашты. «Этнологияның іргелі мәселелері» атты оқулықта қазіргі кезеңдегі гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі этнос және этногенез теорияларын зерттеудегі методологиялық әдістемелерді талдап жүйелейді. Сондай-ақ ғалым қазақтың қазіргі кезеңдегі тарихи дамуы, халықтың өсіп-өну динамикасына да жаңа бағытта ғылыми талдаулар жасады.
«XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақтардың әлеуметтік-демографиялық даму динамикасы (1959-1970 жж. халық санақтары негізінде)» атты монографиясында Қазақстан халқының этноұлттық құрылымындағы радикалды өзгерістерін талдай келіп, осы жылдары жүргізілген экономикалық реформалардың орталығына айналған Қазақстан Кеңес Өкіметінің шикізат базасы болып қана қоймай, келімсек мигранттар Отанына айналып, жергілікті тұрғындары – қазақтардың басқа келімсек европа ұлтының өкілдеріне қарағанда өз жеріндегі аз ұлтқа айналуының себептерін, осы жылдардағы орыстандыру саясатының айқын көрініс тапқан кезең екенін ғылыми тұрғыда қорытындылайды. Осы факторларға байланысты халықтың өсуі деген мәселе төңірегіндегі этнодемографиялық үрдістер, демографиялық, миграциялық саясат механизмін зерттеу ғылыми-теориялық тұрғыдан алғанда бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін нақты сандық архивтік деректермен дәлелдейді. Ғылыми еңбектерінің тағы бір баға жетпес құндылығы: қазақ халқының этникалық тарихы, қазақ жүздері мен тайпаларының құрамы, оның шежіресіне байланысты көпқырлы проблемаларын нақты мағлұматтар негізінде тиянақты зерттеуі.
Аманжол Боранбайұлын жақсы білетіндер оның іскерлігін, белсенділігін, қандайда бір іске құлшына кірісетінін, кімнің де болса тілін таба білетінін, қарапайым студенттермен де етене араласатынын, қоғамдық, әлеуметтік, мәдени, рухани шаралардың ешбірінен қалыс қалмайтынын айтады.
Бүгінде Аманжол Қалыш – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Тарих, археология және этнология факультетінін, Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры. 2012 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері.
Болашақта да Аманжол Боранбайұлының ғылым-білім жолындағы жұлдызының биіктен жарқырарына сенімім мол. 70 жасқа енді ғана толған көрнекті ғалымның ғылым-білімге бергенінен берері әлі көп деп есептеймін.
Фатима ҚОЗЫБАҚОВА,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры