Премьер-Министр Олжас Бектенов 15 наурызда өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша кеңес өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент ТКШ инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту мәселесі бойынша қолданыстағы 55 жылу көзін жөндеуді және кемінде 6,5 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуды тапсырды. Бұл мақсаттарға 650 млрд теңге инвестиция тартылатын болады.
Азаматтардың баспаналы болуын қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерді шешу үшін Үкімет кезекте тұрғандар, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй көлемін 4 есе ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ол үшін қосымша 272 млрд теңге бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Отбасы банкімен бірлесіп, 300 млрд теңге сомасына ипотекалық қарыздар беретін жаңа бағдарлама іске қосылады. Жаңа бағдарламаға жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, банк салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары, оның ішінде ақша жинау бойынша міндеттемесі жоқ тұрғын үй кезегінде тұрғандар қатыса алады. Бірінші жылы жаңа бағдарлама есебінен қосымша 12 мың мұқтаж отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жалпы биыл рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады, бұл сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.Бұл бұрынғы жоспарланған жылдық көрсеткіштен 2,5 млн шаршы метрге артық.
Еліміздің жол желісін дамыту бойынша Президент айтқан 12 мың шақырым автомобиль жолдарын реттеу үшін Үкімет ағымдағы жұмыстардан бөлек, қосымша 2,5 мың шақырым жолды жөндеу жұмыстарын жоспарлап отыр. Бұл мақсаттарды іске асыру үшін шамамен 1 трлн теңге инвестиция бағытталатын болады. Бұл жай-күйі жақсы және қанағаттанарлық республикалық жолдардың үлесін 93%-ға дейін арттыруға, сондай-ақ 24 мың жаңа уақытша және тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Елді мекендерді газдандыру деңгейін арттыру мақсатында Мемлекет басшысы кемінде 1,7 мың шақырым желіні жаңғырту міндетін қойды. Бұл 300 мыңнан астам азаматқа көгілдір отынды қолжетімді етеді. Осыған байланысты Үкімет биыл жоспарланған 46 елді мекеннің орнына 87 елді мекенді газдандырмақ. Осылайша, жеделдетілген шаралардың арқасында 63 мыңнан астам халқы бар қосымша 41 елді мекен газдандырылады, яғни қамту деңгейі 2 есеге ұлғаяды. Бұл мақсаттарға 195 млрд теңге бөлінетін болады.
Үкімет басшысы биыл 1 сәуірге дейінгі мерзімде жобаларды қаржыландыру кестесін уақытылы ұсынуды тапсырды. Кесте сондай-ақ жобалардың әрі қарай іске асырылуын бақылауды да көздейтін болады.
«Біз Президенттің ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларының уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Әрбір министрге және әкімге, ұлттық компаниялардың басшылығына жұмысты күнделікті бақылауға алуды тапсырамын. Тұрғындар нақты өзгерістерді көруі қажет. Толық қайтарыммен жұмыс істеу және жоғары нәтиже тиімділіктің көрсеткіші болмақ», — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар кеңесте өңдеу өнеркәсібін, транзиттік дәліздерді, кәсіпкерлікті және IT-технологияларды одан әрі дамыту жөніндегі шаралар қаралды. Негізгі міндет – жаңа жұмыс орындары, озық технологиялар мен құзыреттер трансферті, ірі өндірістерді локализациялау, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру және т.б. түріндегі мультипликативтік әсер беретін жаңа инвестициялық жобалар.
Биыл жоспарланған кемінде 70 жоба пайдалануға берілмек. Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында отандық кәсіпорындардың жүктемесін орта есеппен 65%-ға дейін арттыру бойынша қосымша іс-шаралар әзірленетін болады.
Транзиттік дәліздерді дамыту және көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемін ұлғайту үшін жаңа теміржолдардың, логистикалық орталықтар мен қоймалардың құрылысы жалғасатын болады. Мәселен, жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау көлемін 450 млн тоннаға дейін, автомобиль көлігімен тасымалдау көлемін 316 млн тоннаға дейін, сондай-ақ транзиттік тасымалдарды 30 млн тоннаға дейін, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүктерді тасымалдау көлемін 4,2 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Үкімет отандық бизнесті қолдауды жалғастырады. АӨК дамытуға қосымша 240 млрд теңге бағытталатын болады. ШОБ жобаларын субсидиялауға 320 млрд теңгеге дейін бағытталады. Инвесторлар тарту мақсатында 12 арнайы экономикалық және индустриялық аймақ қажетті инфрақұрылыммен қамтту жоспарланған. Бұл мақсаттарға 160 млрд теңге бағытталады. Сондай-ақ «өнеркәсіптік ипотека» тетігі бойынша жалпы сомасы 30 млрд теңгеге 8 жаңа шағын өнеркәсіптік аймақтың құрылысы жеделдетілетін болады.
Ақпарат және байланыс қызметтері саласында кемінде 10% деңгейінен кем емес өсім күтіледі және ол IT-қызметтер экспортын $600 млн-ға дейін ұлғайту есебінен қамтамасыз етілетін болады.