Қазақстанда педагогтерді жұмысқа қабылдау жүйесі өзгереді

Бұл шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы және конкурстық рәсімдерді ашық өткізу үшін жасалмақ.

Елімізде 1 сәуірден бастап Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық білім беру деректер қорында педагогтерді мектепке жұмысқа қабылдау бойынша жаңа модульді іске қосады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Оқу ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы және конкурстық рәсімдерді ашық өткізу үшін жасалмақ.

Сонымен қатар педагогтерді аттестаттау кезінде құжаттарды тапсыруды автоматтандыру енгізілуде. Яғни, енді педагогтердің барлық мәліметі «Педагог портфолиосы» модулінде жинақталады.

Мұнда педагог туралы, оның білімі, денсаулық жағдайы, жұмыс тәжірибесі, құқық бұзушылықтар, аттестаттаудан өту, марапаттары және тәлімгерлік пен цифрлық құжаттар туралы электрондық ақпарат сақталады.

– Ашықтық пен есептіліктің болуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте басты рөл атқарады. Осы модульдерді енгізе отырып, педагогтерді жұмысқа қабылдау кезінде қағаз жүзіндегі құжат айналымын және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін толық жою жоспарлануда. Жүйені іске қосу алдында басқарма, бөлімдер мен білім беру ұйымдарының мамандары үшін оқыту ұйымдастырылды, – дейді ОАМ Цифрландыру департаменті директорының орынбасары Майра Маралбаева.

Бұған дейін аталған модуль Шымкент қаласында және Қарағанды облысының Шахтинск қаласында сынақтан өтті.

Сондай-ақ жұмыс іздеу және қажетті персоналды таңдау бойынша еліміздің басқа өңірлерінде де ашықтық жағдай жасау үшін ҰБДҚ-ның «Электрондық еңбек биржасы» платформасымен өзара интеграциясы жоспарланған.