Олардың арқасында еліміз экспорт-импорт, транзит-жүк тасымалы мен логистика мәселесінде Ресейге тәуелділіктен құтылады. Бұрындары теңіз айлақтары құрлықтағы бағыттардың көлеңкесінде қалып, жете дамымады. Ел тарихында алғаш рет оларды кешенді дамытудың ортақ стратегиясы қабылданғалы тұр.
Каспий теңізі республика үшін ұшан-теңіз табыс айдынына айналды. Көлік министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы еліміздің Ақтау және Құрық порттары арқылы 7 миллион тоннадан астам жүк тасымалданған. Яғни, 2022 жылмен салыстырғанда, бір ғана жыл ішінде үштен бірге артты. Жүктердің басым бөлігі – қазақстандық өндірушілердің Еуропаға өткізген экспорттық тауарлары.
Бүгінде ел Үкіметі келесі биік межені белгіледі. Ресейді айналып өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағытында инфрақұрылым мен терминалдық қуаттарды жақсарту, порттарды кеңейту, жылжымалы құрамды ұлғайту, әкімшілік кедергілерді алып тастау және тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ақтау портында контейнерлік хаб құру, айлақтарды реконструкциялау, сондай-ақ жүк тиеу жабдықтарын жаңарту жұмыстары қолға алынады.
Былтыр Құрық портында Abu Dhabi Ports компаниясымен бірлескен астық терминалы іске қосылды. Сондай-ақ Каспийдің суы қашып, таяздандануына байланысты 2024-2025 жылдары Ақтау және Құрық порттарының акваторияларында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Мұның бәрі 2027 жылға қарай теңіздегі порттарымыздың өткізу қабілетін жылына 10 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Және бұл дамудың бастауы ғана: Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, қазірдің өзінде елімізде теңіз көлігі бойынша Ақтау және Құрық порттарының жиынтықты өткізу қуаты 21 миллион тоннаны құрайды. Порттарымыз астықты, құрғақ жүктерді тиеу және теміржол вагондары мен автокөліктегі жүктерді паромдар арқылы жөнелтуді қамтамасыз етеді. Олар арқылы мұнай да сонау Еуропаға дейін жеткізіліп жатыр.
Әзірге Қазақстанның төл сауда флоты 20 кемеден ғана тұрады. Бірақ оның бәрі Каспийде емес. Тарата айтсақ, Қара теңіз бен Жерорта теңізінде мұнай тасымалдайтын 2 танкеріміз бар, әр кеменің тасымалдау әлеуетін – 115 мың тонна.
Нәтижесінде, Каспий теңізінде 11 танкер ғана бар. Оның екеуін былтыр «ҚазМұнайГаз» бен шетелдік инвестор «Әбу Даби Портс» бірлесіп сатып алды. Олар Каспий теңізінде қазақстандық мұнай тасымалында қолданылады. Мұның сыртында тек құрғақ жүктерді таситын 4 кеме мен 3 контейнер-тасымалдағыш қызмет етеді. Демек ел алдында Каспийдегі флотты арттыру міндеті тұр.
Бәсекелестің порттық әлеуеті әзірге басым
Таяуда ел Үкіметі «2024-2029 жылдарға арналған Құрық портын логистикалық кластер ретінде құруды қоса алғанда, Қазақстанның теңіз инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспарын» қабылдайды. Осылайша, қарт Каспийдегі мемлекеттік Ақтау, Құрық порттары, сондай-ақ Баутино, Саржа сияқты жекеменшік порттары – әрқайсысы жеке-жеке емес, барлығы бірге, өзара үйлесімді, кешенді дамытылатын болады. Осы мақсатта аталған порттарды бір-бірімен жалғайтын теміржолдар, трассалар төселіп жатыр.
Атап өтер жайт, 2023 жылы Ақтау порты арқылы жаһандық нарықтарға жөнелтілетін қазақ мұнайының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда, бірден 2 есе – 1 миллион 108 мың тоннадан былтыр 3 миллион 376 мың тоннаға өсті. Алайда бұл көрсеткішті де қазірден екі еседен астам ұлғайтуға болады. Тек танкер жетіспейді.
Ақтау, Құрық және Баутино теңіз порттарының қолданыстағы инфрақұрылымы жылына 21 миллион тонна жүк өткізуге қабілетті. Соның ішінде мұнай құю терминалының жобалық қуаты 7,5 миллион тонна шикі мұнай мен мұнай өнімдерін ауыстырып тиеуді қамтамасыз ете алады.
Бұдан бөлек порттардағы астық терминалдары – 2 миллион тонна астық өткізе алады. Сондай-ақ құрғақ жүк терминалдарының – 3,5 миллион тонна, әмбебап терминалдың – 2 миллион тонна, паром кешенінің – автомобиль және теміржол паромдарынан 6 миллион тонна жүк қабылдап, жөнелтуге мүмкіндігі жетеді.
Оларға кірме жолдардың барлық түрі бар: порттар порталдық және жылжымалы крандармен, қайта тиеу техникасымен және басқасымен техникалық жарақтандырылған. Осының арқасында олар құрғақ, бас (генеральный), құйма, габаритті емес жүктердің кең номенклатурасын тиеп-түсіру жұмыстарын, сондай-ақ вагондағы жүктерді және жүк көліктерін орауды, шығаруды жүзеге асыра алады.
Бұрынғыдай емес, бүгінде қазақстандық теңіз порттары жыл бойы жұмыс істейді.
Бұған дейін порттарда қабылданатын жүк түрлері бойынша қаптаған шектеу болды. Қазір ассортимент күрт кеңейтілген көрінеді. Дәнді дақылдар, шикі мұнай және мұнай өнімдері, метал, тыңайтқыштар, химиялық өнімдер, халық кең тұтынатын тауарлар және басқалары Иран, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан ар жағында Грузия мен Қара теңіз арқылы Еуропа мен Түркия бағытында шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке және кері қарай тасылады. Соның ішінде Әзербайжан бағыты белсенді өркендеп жатыр.
Орталық Азия көлік-логистикалық серіктестік төрағасы Лариса Кислякованың айтуынша, Каспийде Қазақстанның басты бәсекелесі – Түрікменстандағы Түрікменбашы халықаралық теңіз порты (Türkmenbaşy halkara deňiz porty) саналады. Каспий бойынша көрші Ресейдің адымын санкциялар шектейді. Иран мен Әзербайжанның порттары бізге бәсекелес емес, қайта серіктес: Қазақстанды әлемдік нарықтарға шығаратын өріс.
Ал Түрікменстанның ірі портындағы инфрақұрылым да заманауи, әрі бір тонна жүк үшін алынатын тарифі де бізден арзанырақ. Әлемдік алып компанияларды бұл елдің жабықтығы үркітетін болса керек. 2023жылы Түрікменбашы порты арқылы тасылған жүк көлемі 19,7% артты, соның өзінде 2,26 миллион тоннаны ғана құрады.
Әйткенмен түрікмендердің алға озатын мүмкіндігі жеткілікті. Түрікменбашы халықаралық теңіз порты бастығының міндетін уақытша атқарушы, «Туркмен дениз деря иоллары» Теңіз және өзен қатынастары агенттігі төрағасының орынбасары Сейітқұл Байсейітовтың айтуынша, Түрікменбашы – әзірге Каспий теңізіндегі ең ірі заманауи кешен болып табылады. 150 гектардан астам алаңды алып жатқан осы бір ғана теңіз айлағының әлеуеті, егер толыққанды жұмыс істеуге көшсе, қазірден жылына 17 миллион тонна жүк тасымалдауға жетеді.
Алда тұрған алты міндет
Каспийдегі конкурентін шаң қаптырып кету, 3 порт арқылы тасымал көлемін 21 миллион тоннаға дейін жеткізу үшін Қазақстан не істеуі керек? Көлік министрлігі мамандарының түсіндіруінше, 6 басым міндет орындалуы тиіс. Біріншісі әрі бастысы – теңіз порттары акваториясының түбін тереңдету болмақ.
Каспий суы деңгейінің төмендеуі 1998 жылдан басталды. Соның ішінде тек 3 жылда – 2019-2022 жылдары теңіз деңгейі 72 сантиметрге құлдыраған. Таязданған теңіздің әр тұсында ат төбеліндей қайраңдар пайда болған, байқамаса, оларда кемелер қайраңдап қалуы мүмкін. Ең қиыны, порттарда кемелер мен танкерлер өз қуаттының 70-80 пайызы көлемінде ғана жүк тиеуге мәжбүр. Әйтпесе түбі теңіз табанына шөгеді.
Осыған байланысты теңіз порттарының акваториясын және жақындау каналдарының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу жұмыстары басталды. Экологтер мұның Каспий теңізінің фаунасы мен флорасына үлкен залал келтіруі мүмкін екенін айтып, дабыл қағып жүр. Олардың да орынды ақыл-кеңестері ескерілгені маңызды.
Көлік министрлігінің дерегінше, Құрық портының акваториясын батиметриялық зерттеу жұмыстары былтырғы желтоқсанда жүзеге асырылды. Тереңдету жұмыстары 2024 жылдың шілде айында негізінен аяқталады. Бұл жұмысқа еуропалық ірі Jan De Nul компаниясының техникасы жұмылдырылды.
Екінші міндет – терминалдық қуаттарды дамыту және олардың негізінде бонд аймақтарын құру. Үшіншіден, порттарға баратын теміржол инфрақұрылымын дамыту қажет. «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолдары төселеді. Ақтау және Құрық порттарына жүктерді автомобильмен жеткізу уақытын қысқарту үшін ұзындығы 515 шақырым болатын республикалық маңызы бар «Шалқар – Бейнеу» автожолын салу жоспарланған.
Төртіншіден, көлік дәліздерін цифрландыру керек. Бесіншіден, сауда флотының – кемелер мен танкерлердің санын арттыру міндеті тұр. Және алтыншыдан, навигациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс.
Сонымен қатар тасымалдау процесін жеделдету үшін қазақстандық KTZ Express АҚ, әзербайжандық Алят теңіз порты мен «АМТП» ұлттық компаниясы арасында алдын ала ақпараттандыру бөлігінде интеграциялану жолға қойылды. Ұқсас жұмыс «Грузин темір жолы» АҚ-мен де жүргізіліп жатыр. Осының арқасында Каспий порттары арқылы аттанатын жүктердің Әзербайжан мен Грузия аумағынан Еуропаға, Түркияға жеткізілуі жеделдеуі тиіс.
Айхан ШӘРІП