Талапкер ауылында су тасқынымен күресіп жатқан сарбаздарға ауызашар берілді

Елордадан таяқ тастам ғана жерде орналасқан Талапкер ауылының 26 бірдей үйін осыдан бірнеше күн бұрын су шайып кеткен еді.

Су тасқынының салдарынан ондаған үйін су басып қалған Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылының тұрғындары қызыл сумен арпалысып жатқан төтенше жағдай қызметі мен әскери қызметшілерге ауызашар берді,  деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Естеріңізге сала кетсек, елордадан таяқ тастам ғана жерде орналасқан Талапкер ауылының 26 бірдей үйін осыдан бірнеше күн бұрын су шайып кеткен еді. Күрт еріген қар сулары ауылдың жанынан бойлай жасанды жолмен қазылған каналды бұзып өтіп, ауылдың іші тұтастай көлге айналған еді.  

«Бүгін мұнда түннен бері Ақмола облысының және Астана қаласы төтенше жағдай қызметінің жеке құрамының сарбаздары, сондай-ақ азаматтық қорғаныс академиясының курсанттары мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері бірлесіп қарғын сумен арпалысып жатыр. Бүгін мұнда Талапкер ауылының тұрғындарының бәрі түгелдей жұмылып, құтқарушылар мен басқа да осында апаттан құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқан азаматтарға ауызашар ұйымдастырды», – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев. 

Тасқын судан бірталай зардап шеккен ауыл адамдары күн-түн демей, ауылды аман алып қалу үшін жанталаса бөген салып жатқан сарбаздарға алғыс білдірді. 

«Біз өзіміздің Талапкер ауылы тұрғындарының атынан осы жерде қызмет көрсетіп жатқан  азаматтарымызға ауызашар беріп жатырмыз.  Біз қазір өзіміздің арғы жақтағы тұрып жатқан ауылдастарымыздың сәлемдемесін алып келдік. Барлық ер-азаматтарымызға үлкен рақметімізді айтамыз. Аудан, облыс әкімдігінен, солдаттарымыз келіп жатыр осы кісілерге көп рақмет», – деді тұрғындар. 

Қазіргі уақытта ауылда су тасқынына қарсы күрес жалғасып жатыр. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы