Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге Астанадан тағы 20 тонна гуманитарлық көмек жіберілді

Астанада гуманитарлық көмекті қабылдайтын 9 пункт жұмыс істейді.

Бұған дейін Астанадан су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 600 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілген болатын. Енді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп, 2 жүк көлік, 20 тонна гуманитарлық көмек жинады. Онда Қостанай облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге азық-түлік, киім-кешек және бірінші кезектегі қажет заттар бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Эвакуациялық пункттердегі адамдарға күріш, ұн, қант, қарақұмық, шай, сондай-ақ күнбағыс майы сияқты азық-түлік қажет. Адамдар көп жиналатын жерлерде қоқыс жинауға көмектесетін қоқыс пакеттері қажет», – деді қалалық еріктілер штабы төрағасының орынбасары Эльвира Есмұханова.

Штаб еріктілері көмекке жылы киім, ауызсу, балалар тағамы, тұрмыстық тауарлар, балалар киімдері, көрпелер, төсек жапқыштар мен жастықтарды қабылдайды.  

Сонымен қатар 500-ден астам ерікті қажетті заттарды сұрыптауға және жіберуге көмектеседі. Гуманитарлық көмек су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге жіберіледі.

Астанада гуманитарлық көмекті қабылдайтын 9 пункт жұмыс істейді. Жиынға 30-ға жуық еріктілер ұйымы қатысады. Күн сайын 200-ден астам ерікті қажетті заттарды сұрыптайды және жібереді.

Ниет білдірушілер жылы киім, азық-түлік, дәрі-дәрмек, қажетті заттарды әкеледі. Еріктілер қаржылық көмекті қабылдамайды. Ниет білдірушілер жинау орындарына қажетті өнімдерді жинап, әкеле алады.