Ақтөбе облысында жүрген депутат Қазыбек Әлішев Құмсай ауылының тұрғындарымен жүздесіп, жұртшылықтың талап-тілегінің орындалу барысын назарға алды.
Аталған ауылда 39 үйді, 1 шаруа қожалығы мен 1 кәсіпкерлік нысанды толығымен су басып қалған. Ең өкініштісі сол, тізімдегі 39 үйдің 27-сі тұруға мүлде жарамсыз күйге түскен. Депутат бұған дейін тұрғындармен кездескен кезде азаматтар төрт түлігін тастап кете алмайтынын айтып, жаңа үй салынғанша паналай тұруға болатын жылы вагондар сұраған еді. Тұрғындардың бұл өтініш-тілегі орындалып, вагондар жеткізіліп жатыр. Вагондар тиісті жерге қойылғаннан кейін оны дереу электр желісіне қосу жұмыстары жүргізілген.
«Қызыл судың зардабы халыққа оңай тиіп жатқан жоқ. Дегенмен барынша жағдай жасалып жатыр. Құмсай ауылының тұрғындары жылы вагондармен қамтамасыз етілді. Жағдай толық тұрақталғанға дейін ауыл тұрғындарының қасында боламыз. Зардап шеккен әр тұрғынның шығыны толық өтелуін қадағалаймыз», – деді Қазыбек Әлішев.
Сондай-ақ депутат партияның жергілікті филиалымен бірге аталған ауыл тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетіп, киім-кешек, төсек-орын мен тұрмыстық қажетті бұйымдардың жеткізілуін қадағалау үстінде.