Еліміздің бірнеше өңірінде болып жатқан су тасқыны салдарынан баспанасы мен барынан бір сәтте айырылған тұрғындар ғана емес, жергілікті экономиканың негізгі діңгегі саналатын кәсіпкерлер де зардап шекті.
Райымбек Баталов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы: Ұлттық палата әрқашан кәсіпкердің мүддесін қорғайды
7,360
оқылды

Бүгінде қарғын су шайып өткен елді мекендерге халықпен бірге, отандық компаниялар да жұмыла көмек көрсетіп жатыр. Дегенмен табиғи апаттың салдарынан кәсіпсіз қалғандар қатары күн санап көбейіп жатыр. Осы орайда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталовпен сұхбаттасып, кәсіпкерлерді толғандырған мәселелер жайлы сұрап-білдік. 

– Райымбек Әнуарұлы, бүгінде су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғын­дарына қаржылай және гуманитарлық жәрдем берілуде. Десе де, ауылды жер­лердегі жоқтан бар жасап жүрген кәсіп­керлердің жағдайы тұралап қалды. Оларға қандай көмек көрсетіліп жатыр? 

– Су тасқыны болған елді мекендердегі кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Өңірлік кәсіпкерлер палаталары белгіленген жауап беру алгоритміне сәйкес күшей­тілген режимде жұмыс істеп жатыр. Уақы­тында кері байланысқа шығу үшін палата басшылары облыстық жедел штабтардың мүшелігіне өтті. Қазір 463 кәсіпкер көмек сұрап жүгінді. Бизнеске келтірілген шы­ғынның алдын ала сомасы 12,7 млрд тең­геге жетті: Атырау облысының кәсіп­керлері – 4 985 млн, қостанайлық кәсіп­керлер – 4 786 млн, Ақтөбе облысында – 1 973 млн, БҚО-да – 575 млн, Ақмола об­лысында – 392 млн, Павлодар облы­сында – 3,8 млн, Қарағанды облысында 1,9 млн теңгеге шығынға батқан. Атап өтейік, 1 432 call-орталығына түскен өтініштің бәрі қаперге алынады. Зардап шеккен кәсіпорын консультациялық көмек алу үшін осы орталыққа хабарласа алады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органға жүгініп, бизнесіне келген залал сомасын анықтаған кәсіпкерге Қазақстан кәсіпкерлерінің сыртқы сауда палатасы форс-мажор жағдайдың туындағаны туралы анықтама береді. Бұл куәлік ша­ғын бизнеске тегін беріледі. Сонымен қа­тар ауыл шаруашылығы субъектілерінің өтінішіне айрықша басымдық беріледі. Кәсіпкерлерге Аграрлық несие корпора­ция­сы мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ алдын­дағы қарызын өтеу мерзімі ұзартылады.

– Су тасқынынан зардап шеккендерге несие төлеміне қандай да бір жеңілдіктер қарастырылып жатыр ма?

– «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерге кон­сультативтік кеңестен бөлек қаржылай көмек те ұйымдастыруда. Бүгінде «Кү­шіміз бірлікте» қоры арқылы қаражат жиналып, табиғи апаттың салдарынан қиын жағдайға тап болған кәсіпкерлерге қаражат беру қарастырылып жатыр. 2024 жылғы кестелерге сәйкес, барлық төлем 2025 жылдан бастап қаржыландыру ке­зеңінің соңына дейін тең төлеммен кейінгі төлемдерге бөлінеді. 2024-2025 жыл­­дар аралығындағы жобаларға қарыз алу­шының несиесі қызметіне қарай 24 айдан аспайтын мерзімге ұзартылады. Зардап шеккен борышкерге несие төлемін кешіктіргені үшін айыппұл мен өсімпұл қолданылмайды. Барлық зардап шеккен жеке кәсіпкердің, сондай-ақ су тасқыны салдарынан жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған шағын және орта бизнес субъек­тілерінің өтінішін ескере отырып, несие төлемін төлеу мерзімі ұзартылады. Соны­мен қатар жергілікті атқарушы органдар­дың тізімі бойынша су тасқынынан зар­дап шеккендерге жатқызылған барлық азаматтың несие төлемдері 2024 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейінгі 3 ай мер­зімге автоматты түрде кейінге шегеріледі. 

«Атамекен» ҰКП Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, бизнеске кел­тірілген залалды өтеу бойынша комиссия­ның іс-қимыл алгоритмін әзірледі. Су тасқыны кезінде зардап шеккендерге көмек көрсетуге палата ұжымының бір күндік жалақысын жұмсау туралы шешім қабылданды. Өңірлердегі шағын бизнеске орта және ірі бизнес өкілдері көмек көр­сетуде. Аймақтық палаталар табиғи апатпен күресу үшін 600-ден астам ерікті тартты. ҰҚП әрқашан кәсіпкердің мүд­десін қорғайды, осы орайда кәсіпкер­лер жағдайды «пайдаланып», бағаны көтер­меуі керек. Мұндай әрекеттер «Атамекен» ҰКП-ның адал бизнесті жақтайтын саясаты мен идеясына сәйкес келмейді. Ел басына күн туған қиын-қыстау шақта кәсіпкерлер халықпен бірге болып, қиындықты бірге еңсеруі қажет. 

– Кәсіпкерлерден жалпы шағым көп түсе ме? 

– «Атамекен» ҰКП-на былтыр кәсіп­керлікті қорғау бағытында 3 711 өтініш түсті, оның 1 623-і (47,7%) қанағаттанды­рылды, жалпы сомасы 134,1 млрд теңгеге қаралды. Бизнестің барлық анықталған жүйелік проблемасы біздің ресми веб-сайттағы жалпыға қолжетімді мәселелер тізіліміне енгізілген, бұл ұқсас өтініш­тердің қайталанбауына мүмкіндік береді. Тізілім республикалық және аймақтық проблемалық мәселелерден тұрады. Бүгінде республикалық тізілімде 1 142 өтініш бар, оның ішінде 768 мәселе (не­месе 68%-ы) оң шешімін тапты. Ең проб­лемалы салалар бұрынғыдай: ауыл шаруа­шылығы, білім беру, өңдеу өнеркәсібі, мұнай-газ және экология, салық салу, құрылыс және жер сатып алу, медицина, сауда, логистика және көлік, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық, туризм.

Мемлекеттен отандық кәсіпкерге ашық, әділ әрі тең жағдай қажет. Бизнестің қызметі мен мүддесіне әсер ететін нор­мативтік-құқықтық актілерді талқылауға және шешім қабылдауға белсене қатысу, нарықта адал бәсекеге жағдай жасау, басқаруды жеңілдету, мемлекеттік орган­дардың бизнес процесіне және бәсеке на­рығына араласпауы, мемлекеттік қол­дауға ие болу және ішкі нарықтағы «жең ұшынан жалғасу» әрекетінен, сондай-ақ кей көршіміздің жосықсыз бәсекесінен, тіпті экспансиясынан қорғау шараларын қолға алу, отандық тауар өндірушілер өнімін сыртқы нарыққа шығару қажет­тілігі бар. Ел басшылығы мен мемлекеттік органдар осы қажеттіліктерді түсініп, тиісті қадамдар жасалып жатыр, соңғы кезде қолға алынған шаралардан күтер үміт көп. 2022 жылы осы мақсатта Үкімет Отандық кәсіпкерлер кеңесі институтын құрды, ол проблемалық бизнес мәселе­лерін көтеріп отырмақ. Бүгінге дейін кө­лік-логистика, агроөнеркәсіптік кешен, мұнай-газ секторы, тау-кен метал­лургия өнеркәсібі, энергетика, адами капитал және импортты алмастыру сала­сындағы түйткілді мәселелер бойынша кеңес отырыстары өтті.

Жаңа Салық кодексіне ұсыныстар әзірленді

– Үкімет биыл кәсіпкерлікті тексеруге мораторий алынатынын хабарлады. 

– Мораторий мерзімі 2024 жылдың 1 қаңтарында аяқталды. Президенттің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес, 2020 жылдың қаңтарынан бастап кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылға тыйым салынған болатын. Мора­торий кезінде Мемлекет басшысы биз­несті реттеу жүйесін сапалы түрде қайта іске қосуды және нөлден бастап реттеудің жаңа саясатын енгізуді тапсырған еді. «Атамекен» ҰҚП бастамасымен мора­торий 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылды, бұл бастама бірнеше себепке негізделген болатын. Біріншіден, қазіргі мораторийде белгіленген мақсаттар орын­далмады. Пандемия кезінде шағын бизнестің дұрыс даму мүмкіндігі болмады. Екіншіден, төтенше жағдай енгізуге тура келген 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар, алкогольдік өнімдерді сатуға шектеулер, тонау, ұрлық және бұзақылық барлық ірі және шағын бизнес субъектісін түрлі шы­ғынға ұшыратты, оларды қалпына кел­тіруге көп уақыт пен қосымша ынта­лан­дыру шаралары қажет. Үшіншіден, мора­торийді ұзарту мәселесіндегі ең маңыз­ды аргумент – 2024 жылдың 1 қаң­тарынан бастап бизнесті нөлден реттеудің толық іске қосылуы. Осы тұста, негізгі жаңалық – міндетті талаптар тізілімін енгізу. 2021 жылғы 30 желтоқсанда заңмен қабылдан­ған «Жаңа реттеу саясаты» аясындағы өзгерістердің үлкен жиынтығы – бизнесті жазалаудан профилактикаға көшу арқылы мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйе­сін жаңғырту. Биыл Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасымен мем­лекеттік бақылау және қадағалау жүйе­сін автомат­тандыру жұмысы аяқталды. 

– Салық кодексінің жаңа жобасы тал­қыланып жатыр. Осы орайда «Атамекен» ҰКП тарапынан қандай ұсыныстар болды?

– Ұлттық палата бизнестің пікірін біріктіреді, сондықтан жаңа Салық ко­дексін талқылауға салалық қауымдас­тықтар, кәсіпкерлер, салық сарапшылары қатысты. Талқылау бір уақытта екі бағытта – мемлекеттік органдар және бизнес-қауымдастықпен жүргізілді. Кәсіпкер­лерден салық төлеудегі мәселелерін тың­дадық та, оны мемлекеттік органдарға жеткізуге тырыстық және келіспеушіліктер туындаған жағдайда ымыраға келу ұста­нымын әзірледік. Былтыр Ұлттық палата бизнес үшін салық жүктемесін сақтауға баса назар аударған болатын. Мемлекеттік органдар бірнеше рет негізгі салықтар – КТС пен ҚҚС мөлшерлемесін арттыруды ұсынды. Бизнестің белсенді позициясы бұл мәселені оң шешуге мүмкіндік берді, ҚҚС қазіргі күйінде сақталып тұр, ал КТС бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. 

Біз кешенді салық реформасын ұсынып отырмыз. Реформа бизнес-субъектінің көлеміне негізделген бүкіл экономика үшін үш салық режимін енгізуді көздейді. Осылайша, реформаға өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлға­лардан бастап барлық кәсіпкер тартылмақ. Олардың көпшілігі бүгінде заңнама шеңберінен тыс қалған, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері де айрықша назарды қажет етеді. Ірі кәсіпкерлік субъектісіне қатысты да солай деуге болады, біз қолданыстағы жалпыға бірдей белгіленген салық режимін сақ­тауды жөн көреміз. Тіркелген жиынтық төлем режимі өзін-өзі жұмыспен қамты­ған тұлғаларға бағытталады. ШОБ субъек­тілері үшін КТС-ті де, ҚҚС-ны да ал­мастыратын бірыңғай кешенді салық енгізуді ұсынамыз. Бизнес пен өндірістің әр түрі болғандықтан, оларға кірістің 1,5%-ы немесе пайданың 10%-ы деген сияқты балама беру керек. Мұның бәрі қызметті заңдастыруға, қолайлы салық жүктемесін таңдауға мүмкіндік береді. Биз­нестің ірі субъектілері үшін қолда­ныс­тағы жалпыға бірдей белгіленген режим нормаларын сақтаған дұрыс. Бизнестің басқа да негізгі іскерлік ұсыныстары ең­бе­кақы қорын реформалау, инвесторларды ынталандыру және отандық тауар өндіру­шілерді қолдау бойынша болмақ. Ұлттық палатада осы мәселелердің барлығы бо­йын­ша ұсыныс бар, жақында бизнеспен осы тәсілдерді талқыладық. Елімізде са­лықтан жалтарудан гөрі, оны төлеу жеңіл болса, бизнес салықтан жалтармас еді.

Мәселен, КТС есептеудегі негізгі жа­ғымсыз себеп Қаржы министрлігінің Әдістемесінде көптеген аспектінің ес­керіл­мегені: сырттан әкелінген тауарларға ҚҚС, бюджетке төленетін төлемдер не­месе жалақы қорына қатысты басқа да қаражат, кедендік баж, сондай-ақ әртүрлі міндеттеме ескерілмейді (мысалы, жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ немесе әлеуметтік саланы қаржылан­ды­руға ар­налған шығындары). Сондай-ақ Әдістеме жалпы өнімнің өзіндік құнын, атап айтқанда, амортизациялық аудары­мын есепке алмайды, бұл кәсіпорынға немесе салаға нақты салық жүктемесін бағалау тұрғысынан сәйкессіздікке әкелуі мүмкін. Егер IIT көрсеткішін алсақ, ол 10% және дамыған елдердің мөлшерле­месімен салыстырғанда аса жоғары емес сияқты. Алайда елімізде жұмыс берушіге түсетін нақты жүктеме 37-40 пайызға жетеді және бұл да бизнес үшін қаржы жүктемесін ба­рын­ша азайту, ал мемлекет еңбек нарығын заңдастыру қажеті туралы ойлануға итер­мелейді. Салық жүкте­ме­сінен басқа, са­лықтық әкімшілендіруге қатысты мәселе көп: бизнеске әкімшілік қысым жасау, салық есебінің көптігі, жосықсыз жеткізу­ші анықталған жағдайда жауапкершілікті сатып алушыларға ауыс­тыру және тағы басқа. Бұл мәселелердің барлығын жаңа Салық кодексі аясында қарастыру міндетін қойып отырмыз.

Сыртқы геосаяси ахуал отандық бизнеске қалай әсер етті?

– «Атамекен» ҰҚП Үкімет пен бизнес арасындағы делдал ма, әлде бизнесмендер­дің кәсіподақ ұйымы ма? Еуропалық бизнес-қауымдастықтардың үлгісінде құрылған Ұлттық палатаның қызметі не? Жалпы, тиімділік өлшемі қандай?

– Ұлттық палатаның қызметі бизнес-инвестициялық ахуалды жақсартуға, тұрақтылықты сақтауға, ұлттық және ше­телдік инвесторлар үшін елдегі кәсіп­керлік жағдайды дамытуға бағытталған. «Атамекен» ҰКП өз қызметін бірнеше шетелдік бизнес-қауымдастық үлгісі негізінде құрды. Олардың ішінде Түркия мен Германияның үлгілері Қазақстандағы бизнесті реттеу жүйесіне жылдам кіріге алатын болып шықты. Мысалы, 1950 жылы Түркия Республикасының заңы негізінде құрылған Түркия палаталар және биржалар одағы (TOBB) сол елдегі пайда табу мақсатын көздемейтін, үкіметтік органдарда жеке сектордың мүдделерін көтеретін ең ірі үкіметтік емес ұйым саналады. Ұлттық заңнамаға сәйкес түрік палаталары мен биржаларына мүше болу міндетті саналады. TOBB мүшелеріне 365 аймақтық сауда, өнеркәсіп, сауда-өнеркәсіп, теңіз палаталары мен тауар биржалары кіреді. Түркияның Палаталар және биржалар одағы түрік өнеркәсіп­шілері мен кәсіпкерлеріне сыртқы эконо­микалық және сауда қызметін дамытуда өзінің құрылымдық бөлімшесі 66 елмен Түрік Іскерлік кеңестерін біріктіретін Сыртқы экономикалық байланыстар комитеті (DEIK) арқылы көмек көрсетеді. Германияның да Сауда-өнеркәсіп пала­талары қауымдастығы (DIHK) елдегі 80 аумақтық сауда және өнеркәсіп па­ла­таларының бас ұйымы саналады. Бұл мемлекеттің заңына сәйкес, ауыл шаруа­шылығы және қолөнер кәсіпорындарын қоспағанда, Германиядағы барлық кәсіп­орын, сондай-ақ либералды кәсіп иелері DIHK мүшелері саналады. Бүгінде ол шамамен 3,5 миллион кәсіпорынды құ­райды. Бұл палаталарға мемлекет тара­пынан жүктелген міндеттерінің бірі – неміс сыртқы сауда палаталарының (Auslandshandelskammer – AHK) қызметін басқару. Ол негізінен шетелдегі неміс кәсіпкерлерін қолдауға арналған. Неміс бизнесінің шетелдегі өкілдіктері (93 елде 150 өкілдік) Германиядағы бизнес-қауым­дастықтармен өзара әрекеттеседі, неміс компанияларының мүдделерін қолдайды және алға жылжытады, ақылы кеңес беру қызметтерін көрсетеді және кадрларды оқытады. Сауда-өнеркәсіп палата­ларының қызметі міндетті мүшелік жар­налар есебінен қаржыландырылады, оның мөлшерлемесі кәсіпорындардың еңбек өнімділігінің деңгейіне байланысты белгіленеді.

«Атамекен» ҰКП «Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңына сәйкес, кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру және бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара тиімді серіктестікті да­мыту, сондай-ақ кәсіпкерлердің қыз­метін ынталандыру және қолдау үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдай қалыптастыру мақса­тында құрылған кәсіпкерлік субъектіле­рінің бірлестігін ұсынатын коммерциялық емес ұйым. Осылайша, «Атамекен» ҰКП Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму векторын айқындайтын стратегия­лық мәселелер бойынша шоғырландырыл­ған ұстанымды білдіруге мүмкіндік бе­ретін бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы диалогтің дәнекері болып отыр. Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП қыз­метінің ауқымына Қазақстан Респуб­ли­касындағы кәсіпкерлік қызметтің жай-күйі туралы жыл сайынғы ұлттық баянда­маны дайындау және жариялау арқылы қоғам мен мемлекетке кәсіпкерлік қыз­меттің жайы туралы ақпарат бере отырып, жыл қорытындысын Қазақстан Республи­касы Президентінің қарауына жолдау кіреді. 

 «Атамекен» ҰКП өз қызметін ұдайы қадағалап, отандық кәсіпкерліктің «тамыр соғысын бақылай» отырып, сол арқылы үздіксіз жұмыстың нәтижелерін жинақтайды, өз қызметінің нәтижесін жарыққа шығарып, пікір алмасып, Мем­лекет басшысының экономикалық саяса­тындағы негізгі жолдаулар мен бағыттарды жүзеге асырады. Сонымен қатар елдегі жоғары саяси платформаларда, яғни Мемлекет басшысына, Парламентке, Үкі­метке және тағы басқа ұйымдарға қазақстандық бизнестің мүдделерін жеткізеді. Мұндай жүйе «Атамекен» ҰКП-ға өз қызметін жүзеге асыру кезінде тиім­ділігін сақтауға мүмкіндік береді.

– Қазақстандық бірнеше компанияның санкциялық тізімге енгенін білеміз. Отан­дық бизнес екінші реттік санкциялар­дан қорқа ма? Жалпы, сыртқы геосаяси жағдайлар бизнес-ахуалға айтарлықтай әсер етті ме?

– АҚШ, Еуроодақ және Ұлыбритания елдерінің Ресей Федерациясына қатысты қолданған санкциялары туралы қазақ­стандық бизнесті де хабардар ету мақ­сатында шетелдік серіктестермен бірлесіп бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. 2022 жылдың 8 сәуірінде онлайн режимде Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігі ұйымдастырған санкциялық саясат жөніндегі бейнеконференцияға қазақстандық бизнестің жүзден астам өкілі қатысты. Компаниялар әлемдегі қазіргі ахуал туралы хабардар болды және америкалық тарапқа өздерін қызық­ты­ратын, атап айтқанда, авиациялық және өнеркәсіптік тауарларды жеткізуге қа­тысты сұрақтарды қоя алды. 2022 жылғы 19, 22 және 23 қыркүйекте Астана мен Алматыда Қазақстандағы АҚШ елшілігі мен K2 Integrity заң фирмасы ұйымдас­тырған «Ресейге салынған санкцияларға қатысты қазақстандық компанияларды санкциялардың әсерінен және күтпеген салдарын жеңілдету стратегияларына» оқыту мақсатындағы семинарларға қазақстандық бизнестің 100-ден астам өкілі тартылды. Сол кезде басты назарда банк және тау-кен секторы, көлік және логистика, ақпараттық технологиялар және авиация секторы болды. 2023 жылғы 24-25 сәуірде Еуропалық Одақ (ЕО) Еуро­палық Комиссияның, Еуропа елшілік­терінің, Санкциялар жөніндегі сертифи­катталған мамандар қауымдастығы (ACSS), Еуропалық Одақтың қаржы, сауда, салықтар жөніндегі бас дирек­то­раттары және еуропалық компаниялар өкілдерінің қатысуымен Қазақстанда ЕО санкциялары бойынша оқыту семинар­лары ұйымдастырылды. Семинарлардың негізгі мақсаты – ЕО санкциялары туралы хабардар болуды арттыру және санк­цияларды айналып өтудің ықтимал так­тикасына қарсы тұрудағы ынтымақтас­тықты дамыту болды.

Бірінші күнгі жиынға Үкімет өкілдері жиналды. Екінші күнгі семинар ЕО санкциялары туралы хабардарлықты арт­тыруға мүдделі қазақстандық жеке опера­торларға арналды. Семинар ЕО-ның санк­­циялар жөніндегі өкілі Дэвид О'Салли­ванның екі елге сапарымен тұс­па-тұс келді. Іс-шара барысында эко­номи­каның әртүрлі секторындағы қазақ­стандық компания енгізілген санкциялар пакеттері, байланыс арналары және контр-серіктестерді тексеру кезіндегі Due Diligence-тің айрықша қажеттілігі туралы маңызды ақпараттар ала алды. Бұл бағыт­тағы іс-шаралар әлі де жалғаса бермек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Асыл ТҰМАР