«Ұлықпан аға таныстырды»: әнші Дана Маханбаева жолдасымен қалай табысқанын айтты

Әншіні жарымен Ұлықпан Жолдасов таныстырған.

Әнші Дана Маханбаева "Мархабат" бағдарламасында жолдасымен қалай танысқанын айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, әншіні жарымен Ұлықпан Жолдасов таныстырған.

"Бір түсірілімге бардым. Сол жерге Ұлықпан аға мен Әлекең келеді. Мен ән айтамын. Ол кезде Тараздан енді келгем. Тек екі-ақ әнім бар. "Бақыттымын, құрбылар" әнін айтып тұрғанмын. Түсірілім біткеннен кейін Ұлықпан аға "Сен қайдан келдің? Әнің жақсы екен" деді. Жауабымды айттым.Сол кезде Әлекеңе "Мына қыз Тараздан келіпті, таныссаңшы" деді. Сол кезде таныстық та, сыртқа қарай шықтық. Қар өте қалың. Қалай жетемін деп уайымдадым. Жатақханада тұрамын, "Шіркін-ай, мені біреу жеткізіп салса ғой" деп ойладым. Сөйтіп, Ұлықпан аға мен Әлекең шығып "Қайда барасың?" деді. "Жатақханада тұрамын, алыс" дедім.  Сөйтіп, ол кісілер мені жеткізіп тастайтын болды. Жолай Ұлықпан аға "Алматы үлкен қала, мына жігітпен танысып ал, саған қорған болады" деді. Әлекең де "Иә, иә" деді. "Дауысы жақсы екен, дуэт жазсаңдаршы, телефонын алып ал" деп, Әлекең менің нөмірімді жазып алды. Екінші рет студияда жолығып, ән жаздық. Солай таныстығымыз махаббатқа ұласты", - деді әнші.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.